Коронавирус • 03 Қазан, 2021

«Бәріне пандемия кінәлі...»

555 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біздің халық қызық қой, жоқ жерден шу шығара салады. Токиодағы отан­дық спорт­шылардың төмен көрсет­кіш­теріне бола, спортшыларды былай қой­ғанда, спорт функционерлерін, жат­тық­тырушыларды жерден алып, жерге сал­ды ғой. Қазақстан 8 қола медаль алып, 83-ші орында қалып қойды деп шыр-пыр болады. Қола да болса медаль ғой, бір медаль алмағандар да бар шығар тегі. Сөйтсе, Токио Олимпиадасындағы сүрең­сіздікке ешкім кінәлі емес көрінеді. Бар кінә пандемияда?!.

«Бәріне пандемия кінәлі...»

Өткен бейсенбіде Ұлттық Олимпиада комитетінің алқалы жиынына қатысушылар осындай ұйғарымға тоқталды. Токио Олим­пиадасындағы ұлттық құраманың көрсет­кіштері сараланып, оған талдау жасалды (бұл біздің пікір, осылай болса деген... бірақ талдау жасалған жоқ). Жиында негізгі баян­даманы жасаған Ұлттық Олимпиадалық комитеттің хатшысы Андрей Крюковтың пікіріне сүйенсек, отандық спортшылардың жеңіс тұғырына көтеріле алмауының өзіндік себебі бар. Бәріне кінәлі – екі жылдан бері елдің еңсесін көтертпеген пандемия?!.

Атың өшкір коронавирустың кесірінен спортшылардың жігерін шыңдайтын, көрсет­кіштерін жақсартатын 160 жарыс өт­пей қалыпты. Тағы да сол індетке бола көп­теген спорт түрінен даярлықты алты-сегіз айға тоқтатуға тура келген. Олим­пиа­да ал­­дындағы даярлықты шетелде өт­кі­зуге мүм­кіндік болмай, саңлақтарымыз ба­­бын жоғалтып, жеңіске деген жігері мұ­қал­­ған. Олимпиадалық циклдің шешуші кезе­ңінде дүбірлі жарыстардың болмау­ы спорт­шылардың да моральдық-пси­холо­гиялық жағдайына қатты әсер етіпті. Қы­тайдан шыққан коронавирус болмағанда, қазақ­стандық спортшылар қытайлықтардың өзін шаң қаптырып, елдің Гимнін сан мәрте шырқататындай жағдайда екен. Әттең, коронавирус...

Отандық спортшылардың Олимпиадада сәтсіз өнер көрсетуіне екінші себеп – бөлінген қаржының аздығы. 2018-2021 жылдары спорт саласын қаржыландыру 90 пайызға қысқарған. Бұл өз кезегінде рекордтық көр­сет­кіштердің төмендеуіне, спортшылар мен бапкерлер ынта-ықыласының бәсең­деуіне әкелген (Олимпиада алтыны үшін 250 мың доллар аз қаржы болғаны ма?). Жергілікті бюджет арқылы қаржыландыруды қосқанда, ұлттық командаларды мемлекеттік қазынадан қаржыландыру бар болғаны алты пайыз шамасында екен. Ал бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтың айтуынша, Қазақстан жыл сайын спортқа 10 миллиард теңге қарастырады, ал Токио мен Қытайдағы Олимпиадаларға 15 миллиар­д теңге қаржы бөлінген. Спорт саласына қар­жы бөлу де пандемияның кесірінен қыс­қарып кеткен шығар бәлкім?!

Токиодағы сәтсіздіктің үшінші себебі – резервтің жоқтығы. Оны қалай даярлайды, пандемия алқымнан алып, қаржысы бар болғыр басынан тартса аяғына жетпей жатса... Оның үстіне Ұлттық Олимпиадалық комитеттің тұжырымынша, олимпиадалық құрама «қартайып» бара жатқан көрінеді. Пандемия басталғалы бері (тағы да пандемия) олимпиадалық даярлау орталықтары жұмысын тоқтатқан. Тіпті екі жыл ішіндегі пандемиялық шектеуден олимпиадалық резерв­тің екі буынынан айырылып қалуымыз ғажап емес екен. Бұл дегеніңіз келесі Олим­пиадаларға да кесірін тигізеді деген сөз...

Пандемия, пандемия. Қызық, пандемия деген нәубет жалғыз Қазақстанның басына ғана төнген сияқты. Құдды әлемнің тоғызыншы территориясы басқа елдермен байланыс жасамайтын, кезінде Робинзо Крузо мекендеген аралда өмір сүріп жатқандай. Сонау өткен ғасырдың отызыншы жылдары Қазақ даласында қасақана ашаршылық жасап, бас көтерер тұлғаларын қуғын-сүргінге ұшыратып, ату жазасына кескен кезі болса бір басқа. Ал енді «мың өліп, мың тірілген» қазаққа кәрін төгетіндей, коронавирусты қазаққа жіберетіндей Жаратушыға не жазып едік? Тұтас әлемге төнген коронавирустың кесірінен қазақ спорты ғана зардап шекті дегенді қалай түсінуге болады?

Сонда дейміз-ау, басқа елдердің спорт­шыларына пандемия әсер етпеген бе? Коронавирус шыққан Қытай неге Олим­пиадада керемет өнер көрсетті, түсінік­сіз. Әлде коронавирус атаулыны мойын­дамаған Түрікменстанның ұстанымы дұрыс па? Өйткені тарихында тұңғыш рет Олим­пиаданың күміс медалін иеленді ғой түрік­мен спортшысы ауыр атлетикадан. Қазақ­стандық спортшылардың бағы мен бабы қатар келмеуіне шынында да пандемия кінәлі шығар-дағы?!

...Тезірек құтылсақ екен пандемиядан...