Футзалда Бразилия тәжірибелі құраманың бірі саналады. Аталған құрама әлем чемпионатында бес дүркін чемпион атағын жеңіп алған. Екі құрама тартысты ойын өткізді. Нәтижесінде ойынның 12-минутында қазақстандық футзалшылар қарсыластар қақпасы маңында шабуыл ұйымдастырды. Ол бразилиялық қақпашы Гиттаға тиіп, автогол соғылды. Осылайша бірінші кезеңнен кейін Қазақстан құрамасы қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті.
Екінші кезеңде тартысты жекпе-жек одан әрі өрбіді. Ойынның 25-минутында қазақстандық құрамадан Тайнан ойламаған жерден өзінің қақпасына гол соғып алды. Ол 31-минутта қарсыластар қақпасына гол соғып, қайтадан Қазақстан құрамасы алға шықты. Дегенмен одан кейін бразилиялықтар қатарынан Родриго 32, Феррао 34, Ле 35-минуттарда көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Қазақстан қарсыласынан 2:4 есебімен жеңіліп қалды. Нәтижесінде Бразилия әлем чемпионатының қола жүлдесіне қол созды. Қазақстан төртінші орынға тұрақтады.
Сондай-ақ, бүгін финалда Португалия және Аргентина құрамалары шеберлік байқасады. Кездесу елорда уақытымен 22:50-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Еске салсақ, топтық кезеңде Қазақстан құрамасы Коста-Рикадан 6:1, Литвадан 3:0 есебімен басым болса, Венесуэламен 1:1 есебімен тең ойнады. Одан кейін 1/8 финалда Таиландтан 7:0 есебімен басым түсіп, ширек финалда Иранды 3:2 есебімен сүріндірді. Ал жартылай финалда Португалиямен овертаймда 2:2 есебімен тең түсіп, пенальти тебуде қарсыласына жол берді.
Қазақстан құрамасы бұдан бұрын әлем чемпионаты финалдық сатысында екі мәрте бақ сынады. 2000 жылы бірінші кезеңнен аса алмаса, 2016 жылы 1/8 финалға дейін жетті.