Спорт • 04 Қазан, 2021

Португалияның қиын жеңісі

284 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Литвада өтіп жатқан әлем чемпионатының жартылай финалында Қазақстанның ұлттық құрамасы Португалиямен күш сынасты. 2000 жылы дүниежүзілік доп додасында қола медальді иеленіп, 2018 жылы Еуропа біріншілігінде қарсылас шақ келтірмеген айтулы команда Балтық жағалауында жалауы желбірген жарысқа да өте керемет бабында келген екен. Қазақстан да қара жаяу емес екенін айғақтады.

Португалияның қиын жеңісі

Негізі кездесудің басталғанына төрт минуттай өткенде Дәурен Тұр­са­ғұ­лов пен Шыңғыс Есенаманов ұйым­­дастырған тамаша шабуылдың арқа­сында Біржан Оразов гол соққан болатын. Бірақ соның алдында доп сыртқа шығып кеткендіктен, төреші оны есептемеді. Содан кейін позиция үшін тартыс басталды. Қос команда да ба­рын салып, айқас алаңында өздерінің басымдығын дәлелдеуге тырысты. Екі жақтың ойыншылары жиі-жиі алға ұмтылып, қауіпті шабуылдар ұйым­дастырғанымен, қорғаныста да өте сақ ойнауға тырысты. Өйткені осындай аса шиеленісті бәсекеде бір голдың өзі бар­лық мәселені шешуі мүмкін еді.

Бірінші кезеңде ерекше есте қал­ған жайттар көп болды. Мәселен, Тай­нанның құлап бара жатып, қай­шылап тепкен добы маңдайшаға тиді. Бұрыш­тамадан берілген допты Оразов қақпаға қарай бағыттаған еді, алайда ол бағанаға барып соғыл­ды. Сол секілді Португалия футзал­шы­ларының да таблодағы есепті өзгер­туге бірнеше мүмкіндігі болды. Бірақ Иги­таның ептілігінің арқасында қақ­памыз аман қалды.

Үзілістен кейін ойын қайта жан­данды. 23-минутта Анилтон Сезар Пани португалиялықтарды алға шы­ғарды – 1:0. Таразы басын теңестеру үшін жерлестерімізге көп тер төгуге тура келді. Тек негізгі уақыттың аяқ­талуына санаулы секундтар ғана қал­ғанда Кака қақпашы Игитаның орнына Дәурен Нұрғожинді бесінші ойыншы ретінде алаңға шығарды. Бас бапкердің бұл тактикасы өз жемісін берді, ойын аяқталуға санаулы секунд қалғанда Дәурен тепкен доп торда тулады – 1:1.

Ойын экстра-таймға ұлысып, екін­ші минутта Жуниор Дуглас айып добын өте керемет орындады – 1:2. Доп­ты көзбен шығарып салған қақпа­шының басын шайқағаннан басқа амалы қалмады. Бірақ бұл басым­дықты біз ұстап тұра алмадық. Қо­сымша уақыт аяқталар тұста Бруну Коэлью есепті теңестіріп кетті – 2:2. Ал пеналь­ти соғу ба­рысында Пире­ней түбегі түлек­терінің бағы жанды. Қоры­­тынды есеп 2:2 (4:3). Бұл жеңістің Пор­­тугалия фут­зал­шыларына оңай кел­мегені сон­ша­лық, олардың кейбір ойыншылары қуаныштан көздеріне ерік берді. Ал біздің Қа­зақстан құрамасын да же­­ңілді деп айтуға ауыз бармайтындай күй кеш­кеніміз тағы рас.

Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні жерлестеріміз Бразилия құрама­сымен қола медаль үшін сайысқа түсті. Ал бас жүлде үшін тартыс Арген­тина мен Пор­ту­галия футзалшы­лары ара­сын­­да өрбіді. Бұл бәсекелердің қалай өткені жайында газетіміздің ертеңгі санында егжей-тегжейлі баяндайтын боламыз.