Спорт • 04 Қазан, 2021

Жәнібек Н’Жикаммен жұдырықтасады

405 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орта салмақта күш сынасып жүрген қазақтың танымал кәсіпқой боксшысы Жәнібек Әлімханұлы өзінің келесі кездесуін 5 қарашада АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында 37 жастағы Францияның өкілі Хассан Н’Дам Н’Жикаммен өткізеді. Ал қандасымыздың сол қарсыласы жайында біз не білеміз?

Жәнібек Н’Жикаммен жұдырықтасады

Хассан 1984 жылдың 18 ақпанында Камерунның ас­танасы – Яундеде дүниеге келді. Әуелі әуесқойлар ара­сында өнер көрсетіп, 2013 жылы Африка чемпио­ны атанып, Африка ойындарын­да күміс медальді иелен­ді. 2004 жылы Афина Олимпиа­дасының ширек финалына дейін жетті. Бұл межеде ол ресейлік Гайдарбек Гай­­дарбековке есе жіберді. Ежел­гі Эллада еліндегі ұлы дүр­мек аяқталған соң Н’Жи­кам кәсіпқойлар арасында бақ сынауға бел буды. Өзі­нің көздеген мақсатына қол жеткізу үшін Францияға қоныс аударып, сол елдің азаматтығын алды.

Хассан Н’Дам Н’Жикам­ның кәсіпқой рингте жұ­дырықасып жүргеніне 16 жылға жуықтады. Сол уақыт аралығында ол 42 жекпе-жек өткізіп, 37-сінде жеңіске жетті. 21 қарсыласын нокаут­қа жіберді. Айтулы боксшы кезінде Автандил Хурцидзе, Макс Бурсак, Питер Куиллин, Альфонсо Бланко, Рето Мурата, Мартин Мюррей және тағы басқа саңлақтарды сан соқтырды. 2012 жылы Хасан WBO және 2017 жылы WBA нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанды. Тағы басқа белді тұжырымдардың алтын белбеуін иеленді. Өзі­нің спорттық карьерасын­да француз жігіті тек Питер Куил­лин (2012 жылы, төреші­лер шешімімен), Давид Лемье (2015, төрешілер шешімімен), Рето Мурата (2017, 7 раундта бәсе­кені жалғастырудан бас тартты), Каллум Смит (2019, 3 раунд­та нокаут) және Федор Чудиновқа (2019, төрешілер шешімімен) ғана есе жіберді.  

Кәсіпқойлардың Олимпиадаға қатысуына рұқ­сат берілгеннен кейін Н’Жи­кам 2016 жылы Рио-де-Жа­ней­родағы жарыста бой көрсетті. Бірақ ол алысқа шаппады. Ка­мерун құрамасының сапында 81 кг салмақ дә­ре­же­сінде сайысқа түскен Хасан бра­зилиялық Мишель ди Соуза Бор­жиске жол берді. 

Франция өкілінің атақ-даң­қы зор болғанымен, қа­зіргі кезде ол бұрынғыдай ба­бында емес. Соңғы екі бәсе­кесінде Н’Жикамның же­ңіліс табуы осы сөзіміздің айқын дә­лелі. Оның үстіне, ол екі жыл­дан бері шаршы алаңға шыққан жоқ. Иә, Жәнібек Әлім­ханұлына бұрынғы чем­пион­ға қарсы болса да, жек­пе-жекке шығу тиімді. Қан­ша дегенмен Хасанның атағы бар. Бірақ, шыны керек, шау тартып қалған боксшы қазақтың жалындап тұрған жігітін жеңе алады дегенге сену қиын.