08 Ақпан, 2014

Монополияларды реттеудегі маңызды міндеттер

241 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
100-850Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты­ Жолдауына қатысты баспасөз мәслихаттары жалғасын тауып жатыр. Кеше Орта­лық коммуникациялар қызметінде Табиғи монополияларды реттеу агенттігі брифинг өт­кізді. Онда өткен жыл қорытындыланып, биыл атқарылатын міндеттер туралы айтылды. Баспасөз мәслихатына агенттік төрағасының орынбасарлары Асылбек Дүйсебаев пен Аманжол Алпысбаев келіп, мекеменің өткен жылы атқар­ған жұмыстары жөнінде әңгімелеп, Елбасы Жол­дауындағы салаға қатысты жүктелген мін­дет­терге тоқталды. Журналистер алдында сөз алған А.Дүйсебаев «Мемлекет басшысы біздің ведоствоға қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Солардың ішіндегі ең бастылары – шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасап, ин­фрақұрылым тұтынушыларының құқығын қалт­қысыз қорғау», деді. Ол үшін тарифтерді тек­ заң аясында ғана бекіту керектігін де қаперге салды. Қазақстан әлемнің дамыған 30 елінің қатарына еркін енуді көздеп отыр. Бұл мақсат Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясында анық көрсетілген. Осынау биік мақсатқа жетудегі ел дамуының жаңа міндеттері экономиканың тиімді инфрақұрылымдарын құру үшін айрықша жағдай жасауды талап етеді. Нақты айтқанда, салаға толық жаңғырту жүргізбей, экономиканың тиімді инфрақұрылымын жасау мүмкін еместігіне көзіміз жетті. Сондықтан алдыңғы қатарлы мемлекеттердің тәжірибесіне сүйеніп, монополияларды реттеуді кезеңдеп енгізіп жатырмыз. Басты мақсат инвестициялық тартымдылықты арттырып, кең ауқымды жаңғырту жүргізу болып отыр, деді А.Дүйсебаев. Төраға орынбасарының сөзіне сенсек, бүгінде суық және ыстық су есептегіш құралдарын орнатып, жарақтандыру деңгейі елімізде шамамен 85, ал ыстық су бойынша 88,3 пайызды құрайды екен. Ал көп пәтерлі үйлерге ортақ жылу есептейтін құрылғыларды орнату әлі күнге өзекті мәселе көрінеді. Биылғы жылы оларды орнатудың баламалы тетігі енгізіліпті. Ол бойынша есептеу құрылғылары монополис­тер есебінен орнатылатын болады. «Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында баламалы тетікті енгіземіз. Дегенмен, жылу есептеу құрылғыларын орнату жөніндегі іс-шараларды бюджет есебінен де іске асырамыз. Сөйтіп, бұйыртса 2014 жылдың соңына дейін құрылғылармен елді 100 пайыз жарақтандыру жоспарланып отыр», деді баяндамашы. Қазіргі уақытта агенттік Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігімен бірлесіп, тарифтік саясат жөнінде 2030 жылға дейінгі ұзақмерзімді бағдарлама әзірлеп жатқан көрінеді. Бағдарламада тұтынушылардың мүддесі үнемі ескеріліп, шағын және орта бизнестің қанатын еркін жайып дамуына жол ашады екен. Сондай-ақ, тариф белгілеуде ашықтықты және оның мөлдірлігін қамтамасыз ететін, көрсетілетін қызметтердің сапасын көтеріп, қаражаттың мақсатты пайдаланылуына бақылауды күшейтетін заң жобасы да дайындалыпты. Бұл заң жобасы бойынша салада жариялы тыңдауларды және монополистердің жыл сайынғы есеп беруін өткізу тәсілдеріне өзгерістер енгізіледі. Осыған орай, мысалы, монополистер тарифті көтеру бойынша өтініштерді электронды үлгіде беруіне мүмкіндік жасалады. Келешекте бұл шара міндетті болып табылады. Оған қоса, тарифтік смета мен инвестициялық жобаны орындау туралы есептерді қарауға қоғамдық мониторинг жүйесін енгізу шарасы ұсынылыпты. Аталған заң қазір мемлекеттік органдардың келісімдерінен өтіп жатқан көрінеді. Журналистердің көптеген сұрақтарына жауап берген агенттік төрағасының орынбасарлары, елордаға қатысты «Астана бойынша тарифтердің қымбаттауы болмайды. Себебі, бас қаладағы үш табиғи монополия субъектісінен әзірге өтініштер түскен жоқ», деді. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».