Өнер • 04 Қазан, 2021

«Темір қатын»

479 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ілияс Омаров атындағы Қостанай қазақ драма театрының жаңа маусымы өзбек драматургі Шараф Башбековтың «Темір қатын» комедиясымен ашылды. Көрерменін бірде күлдіріп, бірде ой тереңіне батырған қойылым күнделікті қарапайым тұрмыстық қарым-қатынастарды сахнаға шығару арқылы бүгінгі қоғамда болып жатқан кейбір келеңсіз құбылыстарды ашып көрсетеді.

 

«Темір қатын»

Сахнадағы оқиға тракторшының үйін­дегі ұрыс-керістен өрбиді. Үй ішінде шық­қан жанжалдан кейін Қошқарбайдың жұбайы Кумри бала-шағасын ертіп, төр­кініне кетіп қалады. Осы сәтте механи­затордың үйіне жас ғалым келіп, өзі ойлап тапқан робот әйелді көрсетеді. Роботтың қолынан келмейтіні жоқ, үйдегі шаруаның бәрін үнсіз жүріп-ақ әп-сәтте тындырып тастайды. Үй іші былай тұрсын, тіпті ер адамның ғана қолынан келетін сырттағы ауыр жұмысты да мыңқ етпей тындыра салады. «Темір қатынның» қабілетіне тәнті болған тракторшы оған ойланбастан үйленіп алады. Молда шақырып, некесін қидырады. Бірақ роботтың аты робот, Қошқарбай тапсырманы тап-тұйнақтай етіп орындайтын «Темір қатыннан» жан жылуын таба алмай, еңкілдеп жылайды.

Осылайша, ет пен сүйектен жара­тыл­ған Қошқарбай мен роботтың арасын­дағы қарым-қатынас күн өткен сайын шиеленісе түседі. Ойлау қабілетіне ие бол­ған соң «Темір қатын» тіпті өрши тү­сіп, тракторшының қоңырқай тірлігін сы­нап-міней бастайды. Шетелге барып демалып, қымбат дүние сатып алып жатқан жұртпен салыстырып, құлақ етін жеп, күн-көрсетпей қояды.

Комедияның екінші бөлімінде робот істен шығып, жарамсыз болып қалады. Бұған жас ғалым «ғылыми прогрестің нағыз жауысың» деп механизаторды кінә­лайды. Ақыры Қошқарбай өз әйелімен қай­та табысады. Сахналық туындының қоюшы режиссері Батырбек Шамбетов қойылым шешімі арқылы көпшілік көрер­менге бүгінгі қоғамда заманауи технология мен ғылым жетістіктері керек-ақ, бірақ адами болмысымызды, өзара сыйлас­тығымызды жоғалтып алмайық деген тұжырым ұсынады.

Премьера аяқталған соң көрермендер әртістерге деген ыстық ықыласын білдіріп, ұзақ қол шапалақтап тұрып алды. Осы сәтте облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов сахнаға көтеріліп, театр ұжымына алғыс білдіріп, жаңа маусымның ашылуымен құттықтады.

Жуырда ғана Көкшетау қаласында дәл осы премьера үшін «Үздік қойылым» жүлдесіне ие болған театр ұжымы енді Қарағанды қаласында өтетін респуб­лика­лық театр фестиваліне дайындалып жатыр.