Жұмыр жердегі бірде-бір команда өзінің атақ-даңқы жағынан Бразилиямен теңесе алмайды. Осыған дейін сегіз рет ұйымдастырылған әлем чемпионатының бесеуінде олар бас жүлдені олжалады. Тарқатып айтсақ, 1989-1996 жылдар аралығында өткен алғашқы үш жарыстың соңғы сынында Нидерланд (2:1), АҚШ (4:1) және Испанияны (6:4) ұтты. 2008 және 2012 жылдарғы біріншіліктің шешуші бәсекесінде қатарынан екі рет испандықтардан басым түсті. Бразилияда пенальтиден (2:2, 4:3) жеңсе, Таиландта қосымша уақытта (3:2) тізе бүктірді. 2000 жылы Гватемалада күміс медальды мойындарына ілді. Оңтүстік Американың құрлығының футзалшылары финалда өздерінің сыралғы қарсыласы Испанияға 2:3 есебімен есе жіберген болатын. Дәл сол жарыстың топтық турнирінде олар Қазақстанның футзалшыларын тас-талқан етіп жеңгені де есімізде. Бұл матчта қазақстандықтар 12:1 есебімен ойсырай жеңілді. 2004 жылы Тайпейде бразилиялықтар қола медальды қанағат тұтса, 2016 жылы Колумбиядан құрқол оралды. 1/8 финалдық межеде олар ойда жоқта Иранға есе жіберді.
Литвадағы әлемдік доп додасын Бразилия футзалшылары әдеттегідей өте керемет бастады. Топтық сайыста олар Вьетнам (9:1), Чехия (4:0) және Панаманы (5:1) ұтты. Плей-оффтың алғашқы екі матчында Жапония (4:2) мен Марокконы (1:0) жолынан ығыстырды. Алайда жартылай финалда Аргентинадан (1:2) айласын асыра алмады.
Бұл бәсекені біздің жігіттер өте керемет бастады. Дамылсыз шабуылдардың нәтижесінде 12-минутта есеп ашылды. Игита қақпадан шыққан бетте Альберт Ақбалықовқа керемет пас берді. Оның тіземен бағыттаған добы қақпашыға тиіп, нысанаға дөп түсті. Бұл гол біздің жігіттерді жігерлендіргені соншалық, олар қарқынын еш бәсеңдеткен жоқ. Дәурен Нұрғожиннің есепті еселеуге екі тамаша мүмкіндігі болды. Бірақ оған сәттілік жолдас болмады.
Үзілістен кейін шиеленісті сайыс жалғасты. Қазақстан құрамасы жиі шабуылдағанымен, 25-минутта Тайнан абайсызда өз қақпасына гол соғып, бразилиялықтардың жолын ашты. Арада бес-алты минут өткенде ол жерлестерімізді алға шығарып, өз қателігін жуып-шайғандай болды. Бірақ одан кейін даңқты Бразилия футзалшыларын тұсаулаудың еш мүмкіндігі болмады. Олар қатарынан үш гол соғып, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Отандастарымыз төртінші орынды иеленді. Бірақ ойыншыларымызға еш өкпе айта алмаймыз. Осы доп додасында олар керемет ойын өрнегін көрсетіп, төртінші орынға тұрақтады. Бұл – әзірге Қазақстан футзалшылары тарихындағы ең зор табыс.
Финалда Аргентина мен Португалия күш сынасты. Бұл кездесуде 2:1 есебімен Пиреней түбегінің түлектері жеңіс тойын тойлады. Осылайша, олар тұңғыш рет әлем чемпионы атанды. Қарсыластар қақпасына 9 гол соққан бразилиялық Карлос Вагнер Гуларте Фильо (Ферран) жарыс қорытындысы бойынша сұрмергендер көшін бастады. Ең үздік ойыншы атағы тағы да Португалияның жұлдызы Рикардиньюға бұйырды.