Қоғам • 04 Қазан, 2021

Дерттің беті қайтқанымен...

308 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өңірдегі коронавирус инфекциясымен күрес, вакциналау жағдайы туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов, облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина қалыптасып отырған жайдайды баяндап, қойылған сұрақтарға тұшымды жауап берді.

 

Дерттің беті қайтқанымен...

Жалпақ әлемді індет қусыр­ға­лы елді коронавирус шең­гелінен қалай аман алып қаламыз деген сұрақ күн тәртібінде. Халық ара­сында ақпараттық түсіндіру ж­ұ­мыс­тары ұдайы жүргізілуде.

Індет басталғаны облыс­та коронавирус инфекциясымен ауру­дың 40 мыңнан астам оқи­ға­сы тіркелді. Оның 83 пайызы биыл орын алып отыр. Індеттің сал­дарынан 397 адам қайтыс болды. Оның ішінде 2020 жылы 109 нау­қастың өмірден озғанын айта кете­лік.

Өңірде коронавирус инфек­ция­­сына мүмкіндігінше тосқа­уыл қойылуда. Осындай жұмыс­тар­дың нәтижесінде биыл қыр­кү­йек айының 30-ы күні өңір жасыл ай­маққа көшті. Тамыз айында ін­детке шалдығу көрсеткіші 0,9 па­йызға төмендеді. Сонымен қа­тар ауруханалардағы адамдар саны да кеміді. Шілде айын­да 1 425 адам ауруханаларда ем қабылдаса, бүгінде бұл көр­сет­кіш 410 адамға азайды. Жан сақ­тау бөлімшесінде жатқан ауыр науқастар да бұрынғыдай көп емес. Нақтырақ айтсақ, 50 па­йызға кеміді. Тамыз айында об­лыс­тың ауруханаларында 115 адам жан сақтау бөлімшелерінде жат­са, соңғы айда 57 адам ем қа­был­дауда.

Науқастар санының азаюы ауруханадағы жүктемені үш есе тө­м­ендетуге мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде өңірдегі індет шең­геліне іліккен науқастар 17 жұқ­палы аурулар ауруханасында ем-дом қабылдауда. Қауіптің беті қайт­қанымен, қамсыз отыруға та­ғы болмайды. Қазіргі күні ауру­­ханаларда 2,5 мың төсектік орын да­йын. Онда барлық жағдай жасалған.

– Денсаулық сақтау сала­сының материалдық-техни­ка­лық базасын жақсарту үшін рес­­пуб­ликалық және облыстық бюд­­жеттен 1,5 млрд теңге қара­жат бөлініп, 221 дана меди­ци­­на­лық құрал-жабдықтар алын­ды, – деді облыс әкімінің орын­басары Айна Ермекқызы, – бү­гін­гі күні облыстың медицина ұйым­дарында 447 жасанды тыныс алу аппараты бар.

Облыста 147 мобильді бригада тұрақты жұмыс істеуде. Са­лаға заман талабына сай сер­пін беру үшін 8 отандық жыл­жымалы медициналық кешен сатылып алынды. Бұл кешендер 8 ауданның халқына қызмет етеді. Бұған дейін де дәл осындай 3 кешен болған. Жаңалары қосылған соң медицина қыз­мет­керлерінің қолы ұзарып қалды. Сала қызметкерлерін кө­лік­пен қамтамасыз ету де бір­шама оң жолға қойылған. Індет басталғалы 2,5 млрд теңгеге 58 санитарлық автокөлік алынды. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге де ұдайы көңіл бөлінуде. Бұл орайда қазір жетіспеушілік жоқ деп айтуға әбден болады.

– Облыста екі айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар, – деді Айна Ермекқызы, – індет бас­тал­ғалы облыстағы медицина меке­мелеріне жалпы құны 915 млн тұратын 85 түрлі дәрі-дәрмек жет­кізілді. Оның үстіне жеке дәрі-дәрмек қоры қа­лыптастырылуда. Бұған жер­гі­лікті бюджеттің қар­жысы жұм­­салуда. Ең қажетті дәрі-дәр­­мек қоры жасалды. Ем­ха­на­лар арқылы халыққа қол­же­тім­ді бес түрлі дәрі-дәрмектің қа­­жетті мөлшері қамтамасыз етіл­ді. Тұрақтандыру қорына қо­сымша 500 млн теңге қаражат қарастырылған. Қазір облыстағы дәріханаларда адамдарды індет­тен арашалап алып қалуға септігін тигізетін дәрі-дәрмектің бәрі бар. Айтпақшы, өңірде 352 дәріхана жұмыс істейді. Олар «Аманат», «Гелика», «СтоФарм», «Арша» тәрізді дәрі-дәрмек жеткізетін ірі ұжымдармен келісімшарт жа­сады.

Барлық медицина қызмет­кер­ле­рі жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Қазір меди­ци­налық бетперде, қолғап, арнайы костюмдер тәрізді қорғаныс құ­ралдары жеткілікті. 8 зертхана үздіксіз жұмыс істеп, бір тәуліктің ішінде 3 мыңға жуық тест қорытындысын талдайды. Жаман тұмаумен бірге күз айларында пайда болатын тұмау тәрізді жұқпалы аурудың алдын алуға да дайындық жұмыстары жасалуда.

Білім саласындағы індеттің алдын алуға байланысты қойыл­ған сұраққа облыстың бас сани­тар­лық дәрігері Айнагүл Мусина жауап берді.

– Жаңа оқу жылы басталғалы өңірдегі білім ошақтарындағы ахуал басты назарда. Егер сынып­та­ғы бір бала ауырса, онда түгел сынып және ата-аналары да о­қшау­л­анады, – деді Айнагүл Советқызы.

Індеттің алдын алуға байланысты қыруар жұмыс атқарылды. Соңғы аптада ғана облыстағы 360 нысан қауіпсіздік шараларын сақтауға байланысты тексеріліп, тәртіп бұзушылықтың 15 оқиғасы анықталды. Қауіпсіздік шараларын сақтамаған нысан иелеріне жалпы көлемі 700 мың теңгеге жуық 10 әкімшілік айыппұл салынды. Індеттің алдын алуға Ashyq платформасының септігі тиіп отырғанын айта кетуге болады.

Сары аймаққа көшкенімізбен сақтық шараларын қаперден шығармаған ләзім. Оның ең басты шарты дер кезінде тұрғындардың екпе ектіруі. Бұл орайдағы об­лыс­тағы көрсеткіш соңғы аптада 1,5 есе ұлғайды. Облыс жұрт­­шылығының екпе ектіріп, өз ден­­саулықтарына мұқият бо­лу­­ына дер кезінде жүргізілген үгіт-насихат шараларының әсері тиіп отыр. Екпе ектіру ісіне қо­ғам­да өзіндік салмағы бар, сөзі уәлі тұлғалармен қатар, медицина саласының тәжіри­белі ма­мандары, жастар қозға­лы­сы­ның белсенділері үлес қосу­да. Әлеуметтік желілерде оң сипаттағы талдамалы түсінік жұ­мыс­тары үзбей жүргізілуде. Осы орайда әлеуметтік желілерде 7 мыңнан астам, ал облыстық және аудандық бұқаралық ақпарат құ­рал­дарында мыңға жуық мақа­ла­лар жарияланған.

Бүгінде екпенің алғашқы ком­понентін 300 мыңға жуық адам немесе екпе алуға тиісті тұр­ғындардың 69 пайызы алды. Ал екінші компонентті 250 мың адам немесе халықтың 61 пайызы қабылдап үлгерді. Бұл мәселе жергілікті атқарушы биліктің на­зарында. Соңғы айда екпе еге­тін орындардың саны бес есе көбейді. Шалғай ауылдарда 11 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істеуде.

Көкшетау қаласы тұр­ғын­дарынан түскен екпе егу кезін­де денсаулық сақтау саласы қыз­мет­керлерінің өз жұмысына сал­ғырт қарауы туралы шағымға облыстық денсаулық сақтау бас­қар­масының басшысы Нариман Сыздықов «Әрбір адамның дене қызуы, жалпы жағдайы мұқият тек­серілуі керек. Алдағы уақытта бұл жағдайларға ерекше көңіл аударатын боламыз» деп жауап берді.

Індеттің беті қайтқанымен, қайта өршуіне жол бермеу үшін сақ­тық шараларын естен шы­ға­ру­ға болмайды.