Қоғам • 05 Қазан, 2021

Маман тапшы, материал қымбат

316 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жыл сайын елімізде 144 мың түлек мамандық алып шығады. Соның 8 700-і ғана құрылыс саласына тиесілі. Яғни түлектердің тек 6 пайызы құрылыс­тың қыр-сырын меңгереді. Бұл аз, әрине. Оның үстіне мемлекет даярла­ған 8 700 кадрдың бәрі бірдей құрылыста жұмыс істемейді. Cол себепті бүгінде саладағы кадр тапшылығы 242 мың маманды құрап отыр. Тиісінше шығын да қомақты. Өзімізде жоқ кадрды сырттан алдыру үшін шамамен 468 млрд теңге жұмсалады.

Маман тапшы, материал қымбат

Білім және ғылым министрлігі жанындағы «Адал білім» жобалық кеңсе­сінің сарапшысы Лилия Испен­бетова­ның айтуынша, құрылыс сала­сындағы кадр тапшылығы жыл өткен сайын өзекті мәселеге айналып барады. Бүгінде салаға 8 мыңдай адам керек. Жалпы, құры­лыс­қа қатысты 277 мамандық бойынша қа­жеттілік байқалып отыр.

– Тығырықтан шығудың жолы бар. Қажетті кадрларды құрылыс компания­ларының өздері даярлауы керек. Біз құрылыс ком­паниялары, жоғары оқу орындары мен колледждер арасындағы өзара іс-қи­мылдың жаңа жүйесін ұсынып отыр­­мыз. Оған сәйкес компаниялар талап­кер­лер­ді оқы­тады. Кейін оларды жұмысқа қа­был­дайды. Яғни құрылыс компания­лары өздеріне қажетті маманды оқу орындары арқылы даярлап алады, – дейді Л.Испенбетова.

Сондай-ақ ол студенттер оқитын бағ­­дар­­ла­ма­ларды қайта пысықтау қажет деп санайды. Өйткені кейбір бағдар­ламалар ескірген. Қазіргі заманға сәйкес келмейді.

Қазақстан құрылысшылар одағы­­ның төр­ағасы Талғат Ерғалиевтің мә­лі­­­ме­тін­ше, бүгінде шамамен 2 млн-ға жуық қазақ­стандық баспанаға мұқ­таж. Демек, құры­лыс­тың қарқыны бәсең­демейді. Оның үстіне баспанаға мұқ­таж­дардың үлесі 7 млн-ға дейін жетуі мүм­кін деген болжам бар.

– Урбандалуға байланысты қазір бас­панаға мұқтаж 2 млн адамның қатарына 5 млн адам қосылуы мүмкін. Өйткені адам­дар ауылдан қалаға көшеді. Ал қала­дағылар Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы секілді ірі мегаполистерге қоныс аударады. Осы жағдай соңғы 10 жыл бойы қайталанып келеді. Сондықтан баспанаға деген қажеттілік азаймайды, – дейді Т.Ерғалиев.

Осы орайда одақ басшысы мемле­кеттік бағдарламалардың азайып бара жатқанына алаңдаулы.

– Баспанаға мұқтаждардың санатында көпбалалы аналар, жетімдер, қала­ға қоныс аударуға ниетті ауылдықтар бар. Өкінішке қарай, баспана алуға бағытталған бағдарламалар қысқаруда. Ал адамдардың қаржы құралдарына деген қолжетімділігі төмендеп барады. Сондықтан жаңа бағдарламаларды қолға алу керек, – дейді ол.

Т.Ерғалиевтің айтуынша, үйдің баға­сы жыл сайын кемінде 10-15 па­йыз­ға өсіп оты­рады. Себебі қыста құры­лыс бәсең­деп, көктемде қайта жандана­тын­дық­тан, құрылыс материалдарының баға­сы қым­бат­тайды. Тиісінше үйдің де құны өседі.

– Құрылыс 35-40 пайызға, құрылыс материалдары 60-90 пайызға қымбаттап кетті. Ал шаршы метрдің құны 15 па­йызға өсті. Демек, 2022 жылдың көк­те­мінде үйдің бағасы шамамен 20-30 па­йызға көтеріледі, – дейді Т.Ерғалиев.

Бағаның шарықтауына қатысты мәселенің бір ұшы құрылыс материалдарына келіп тіреледі.

– Ресми дерек бойынша, Қазақстан­да құрылыс материалдарының 54 па­йызы өндіріледі. 46 пайызы шетелден жеткізіледі. Бірақ Қазақстанда өн­дірілетін материал ішкі нарықтың жартысын ғана жабады. Қалған сұраныс­ты сырттан алдыратын өнімдер өтей­ді. Сондықтан құрылыс саласындағы жағдай теңгенің тұрақтылығына байланысты. Бұл жағдай шаршы метрдің құнына тікелей әсер етеді. Девальвация кезінде сырттан келетін материалдардың бағасы қымбаттайды. Ал мемлекет­тік бағдарламалар бойынша жұмыс істей­тін компаниялар материалдар қым­бат­таса да, бағаға түзету енгізе алмайды. Тиісінше олар нарықтан біржола кетіп тынады. Орнын басқалар басқанымен, жаңа компаниялардың тәжірибесі шамалы. Сапаның да нашарлайтыны сондықтан, – дейді одақ басшысы.

Т.Ерғалиевтің есебінше, Қазақ­стандағы баспана мәселесін біржола шешу үшін 30 трлн теңге қажет.