Аймақтар • 05 Қазан, 2021

Артемның азаматтығы

286 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жанашырлық – жақсы қасиет. Сол жанашырлық алдымен балаларға бағытталып жатса, тіпті жақсы. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдердің жайы назардан тыс қалмай, жүрек жылуына бөленуі көңіліңді көктемдей құлпыртады.

Артемның азаматтығы

Облыс орталығындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Мерген» спорт клубының жанынан тағдыр тәл­кегі тәнін ғана емес, жанын да жа­ра­­лаған балаларға арналған бөлім­ше­нің ашылуы осы орайдағы ұзақ уа­қыт шешімін таппай келген мәселені оңы­нан шешіп берді. Қазір «Ерекше өмір» қоғамдық қорының қамқорлы­ғындағы балалар барлық жағдай жа­салған спорт залына барып, денсаулық­тарын шынықтырып жүр. Бір айта кетерлігі, әуел баста спорт залы жөндеуден өткізіле қоймаған еді. Жақсы жаңалықтан құлақтанған балалар да ұзақ уақыт сарғая тосып жүрді. Жаңа болғанымен, жөндеу өткізілмегеннен кейін көңіл құлазытып тұрады екен.

Көкшетаулық кәсіпкер Артем Си­нель­ников мүмкіндігі шектеулі бала­­лар­дың жайын ойлап, оларды қуант­қысы келді. Қолы епсекті құры­лыс­шылар­дың қалағынан кейін зал адам танымастай әдемі кейіпке енді.

– Мұндай балалардан қаражат аяудың қажеті жоқ, – дейді кәсіпкер. – Біз әлі де көмектесе беретін боламыз.

Қазір сүйікті спорттары бойларын сергіткен балалар жарық, құрқылтайдың ұясындай жып-жылы спорт залында жаттығып жүр. Өздері де жиі бас қосатын, шымыр болып шынығатын сүйікті орындарына үзбей келуге ынталы. «Ерекше өмір» қоғамдық қорының жетекшісі Әлия Рахымбекованың айтуына қарағанда, мүмкіндігі шектеулі жандарға жүрек жылуын дарытатын ұжым 2018 жылы құрылған. 2 мен 13 жас аралығындағы балалармен логопедтер, психологтер жұмыс істейді.

– Спорт залына өте сапалы жөндеу жұмыстары жасалды, – дейді ол. – Бар жан-тәндерін салып істегендері көрі­ніп тұр. Мұндай залда жай ғана жат­ты­ққанның өзі жан-дүниелерін шуақ­тандырады. Алдағы уақытта әр баланың денсаулығына байланысты жеке айналысатын спорт жабдықтарын алмақшымыз.

Барлық бала бақытты болу үшін жа­ра­тылған. Пешенелеріне бұйырған пе­йіш­тей орында аға буынның пейі­лі­нен жүректеріне жылу құйылған жасөс­пірімдер алаңсыз жаттығып жүр қазір.