Аймақтар • 05 Қазан, 2021

Мұнайлы Маңғыстаудың кешенді жоспары

528 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Маңғыстау облысының 2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары қаралды.

Мұнайлы Маңғыстаудың кешенді жоспары

60 мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылады

Бұл мәселе бойынша Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев баяндама жасады.

Ұлттық экономика министрі Ә.Ер­ға­лиев атап өткендей, Кешенді жоспар түрлі сала бойынша жобаларды іске асыруды көздейтін 15 бағыттан және 214 іс-шарадан тұрады. 2021-2025 жыл­дарға арналған инвестицияларға жалпы қажеттілік 2,1 трлн теңгені құрайды, оның ішінде Республикалық бюджет – 338,8 млрд теңге, жергілікті бюджет – 118,3 млрд теңге, сондай-ақ жеке инвестиция – 1,6 трлн теңге. Өнеркәсіпте Жаңаөзен қаласында газ өңдеу зауытын, «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында каустикалық сода, құрамында хлор бар өнім өндіру зауытын салу, сондай-ақ сұйық дәрілік формаларды, химиялық реагенттерді, трансформаторларды және т.б. өндіру бойынша 21 жобаны іске асыру көзделеді. «Өңірдің туристік әлеуетін да­мы­ту бойынша «Жылы жағажай» ауда­нында туристік кешен мен сауда қатар­ларын, визит орталығы бар этноауыл, 9 қонақүй, демалыс аймақтары, сауық­тыру кешендерін салу сияқты шаралар қабылданатын болады», деді Ә.Ерғалиев.

Көлік және логистика бағыты бойын­ша Ақтау қаласының халықаралық әуежайында жаңа терминал салу және жұмыс істеп тұрғанын жаңғырту, Құрық пор­тындағы «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалын жаңғырту жоспар­ланған. Ұлттық экономика министрінің ай­туынша, кәсіпкерлікті дамыту мақ­сатында «Бизнестің жол картасы-2025», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» бағдарламаларының құралдары белсенді қолданылады. Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданында 2 көтерме-тарату орталығы салынады. АӨК саласында 25 инвестициялық жоба іске асырылады, сондай-ақ АӨК субъектілеріне кредит беру және ауыл шаруашылығы малын, техникасы мен технологиялық жабдығын сатып алуға лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемелері субсидияланады.

в

Үш ауысымды және апатты мектеп­терді жою мақсатында 24 мектеп және 11 қосымша құрылыс салынатын болады. Сондай-ақ 5 колледж заманауи жаб­дықтармен жабдықталады. Мәдениет және спорт саласында тарихи-өлкетану мұра­жайы мен драма театрының, стадион­ның, мұз сарайының, 3 спорт кешенінің және басқа да бірқатар объектінің құ­рылысы жоспарлануда.

 

Халықтың нақты табысы 40,3%-ға де­йін өседі

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов Маңғыстау облысын дамытудың кешенді жос­пары жобасы шеңберінде министрлік жалпы сомасы 257,5 млрд теңге болатын 16 іс-шараға жауапты орындаушы екенін атап айтты. Өңірді өнеркәсіптік дамыту мақсатында Кешенді жоспарда «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық ай­мағының аумағында №2 және №4 қосалқы аймақ құрылысын бастау ұсы­ны­лады. Бұл мақсатқа 2023-2025 жылдар аралығында 9,6 млрд теңге мөл­шерінде қаражат бөлу көзделіп отыр.

Энергетика министрі М.Мырзағалиев Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес министрлік бірқатар іс-шараны іске асыратынын жеткізді. Біріншіден, министрлік «Total» компаниясымен Доңға кен орны бойынша өнімді бөлу туралы шарттың мерзімін 2024 жылдан 2039 жылға дейін ұзартты. Есесіне «Total» компаниясы 2021-2025 жылдары шамамен 70 млрд теңге инвестиция құяды. Нәтижесінде, компания мұнай өндіру деңгейін 25%-ға арттыруды қамта­ма­сыз етеді. Осылайша, қазіргі жылына 680 мың тоннадан 860 мың тоннаға дейін артып, құрылыс жұмыстары кезінде 400-ге жуық жұмыс орны құрылады.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың мәліметінше, еліміздегі өндірілетін өнеркәсіп өнімінің 10%-ы, мұнайдың 23%-ы және газдың 5,2%-ы өңір экономикасының үлесіне тиесілі. Бұл негізін мұнай-газ секторы құрайтын өнеркәсіптік өңір ретінде сипатталады. Сонымен қатар экономиканың негізгі салаларын дамытуда өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм, көлік және логистикаға басымдық беріліп отыр. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму аспектілерінің бірі – халық санының тұрақты өсу үрдісі. «2020 жылдың қорытындысы бойынша аймақтағы туу көрсеткішінің мың адамға шаққанда коэффициенті 31-ді және «халықтың табиғи өсімі» коэффициенті 25-ті құрап, еліміз бойынша бірінші көрсеткіш болып отыр», деді Н.Ноғаев.

Қазіргі таңда облыс халқының саны 733 мың адамды құраса, ал 2025 жылға қарай 825 мың адамға жетуі күтіледі. Әкім атап өткендей, экономиканың жекелеген салаларындағы облыстың жинақталған проблемалары және демографиялық жағдай өңірдің келесі мәселелерін шешуде кешенді тәсілді талап етті: тұщыту қуаттылықтарының жетіспеушілігінен ауыз су тапшылығының артуы; әлеуметтік саладағы мәселелер және адами капиталды қалыптастыру мен жұмыспен қамту; коммуналдық инфрақұрылымның тозуы; қоқысты өңдеу инфрақұрылымының же­тіспеушілігі мен «Қошқар ата» қал­дық қоймасымен байланысты ахуал. Бұл мәселелерге Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт өңірге жұмыс сапары ке­зіндегі кеңесте ерекше тоқталды. Әкім­нің мәліметінше, негізгі мәселелерді ше­шуге бағытталған 214 іс-шарадан тұра­тын Кешенді жоспар жобасы жасақ­талды, оның ішінде экономиканы дамыту аясында – 87, тұрғын үй және инфра­құ­ры­лым бойынша – 48, әлеуметтік сала және экологияда 66 және азаматтық қорға­нысты қамтамасыз етуде 13 іс-шара қа­рас­тырылған. Жоспарланған іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 60 мыңнан астам жұмыс орны құрылады деп күтіледі.

Жалпы, Кешенді жоспарды жүзеге асыру арқылы келесідей нәтижелерге қол жеткізу күтіледі:

2025 жылға қарай облыстың жалпы ішкі өнімінің көлемін 3,1 трлн-нан 4,1 трлн теңгеге дейін ұлғайту; туризм саласында 2025 жылы өңірге келе­тін туристер санын 740 мыңға дейін арттыру; 2025 жылға де­йін ауыл хал­қын орталықтандырылған су­мен қам­туды 100%-ға жеткізу; жақсы жә­не қана­ғат­танарлық жағдайдағы жол­дар үлесін 100%-ға дейін ұлғайту; халық­тың нақты ақшалай табысын 144,2 мың тең­ге­ден 202,3 мың теңгеге дейін арттыру.

Мәселені Үкімет басшысы А.Мамин қорытындылады. Ол Маңғыстау облы­сы­ның даму әлеуеті жоғары өңір екенін атап өтті. 2,1 трлн теңге сомасына Кешенді жос­пардың 214 іс-шарасын іске асыру об­лыстың дамуына жаңа серпін беретінін айт­­ты. Негізгі капиталға инвестиция 2 есе ұл­ғаяды және 2025 жылы 1,2 трлн тең­гені құ­райды. Өңір экономикасы 32%-ға өседі.

Премьер-Министр өңірдің таяу жыл­дар­дағы негізгі міндеті мұнай-газ секторын, өңдеу өнеркәсібін, туризмді, көлік пен логистиканы және т.б. дамыту екенін атап өтті. Маңғыстау облысында әлеуметтік, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту жобалары іске асырылады. Қабылданған шаралар есебінен өңір халқының 100%-ы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі. «Кешенді жоспарды іске асыру 2025 жылға қарай 60 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құруды, өнеркәсіп көлемінің 27%-ға өсуін, халықтың нақты табысының 40%-ға өсуін және жалпы өңір тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуды қамтамасыз етеді», деді А.Мамин.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек қатынастарын реттеу және кәсіпорын­дарда еңбекақы мен еңбек жағ­дайында сәйкес­сіздікке жол бермеу мәсе­лелеріне ерек­ше бақылауды қамтамасыз ету жүк­телді. Үкімет басшысы Маңғыстау облы­сы­ның 2025 жылға дейінгі әлеу­меттік-эко­номикалық дамуының бекі­тіл­ген кешенді жоспарының уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Суармалы жер көлемі 3 млн гектарға жеткізіледі

Үкімет отырысында еліміздегі каналдар мен су қоймаларын салу және реконс­трукциялау барысы қаралды. Эколо­гия, геология және табиғи ресурс­тар министрі Серікқали Брекешев, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қара­шөкеев, Түркістан облысының әкімі Өмір­зақ Шөкеев, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Қызылорда облысы­ның әкімі Гүлшара Әбдіқалықова баян­дама жасады.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Қазақстанның су ресурстарының көлемі 90-100 текше шақырымды құрайтынын, оның ішінде 50,8 текше шақырым – жергілікті ағын, ал қалғаны 39,2 текше шақырым Қытай, Орталық Азия елдерінен және Ресейден трансшекаралық өзендер арқылы келіп түсетінін айтты. Жерасты суларының қоры жылына 15,5 текше шақырымды құрайды, бұл 3,5 мыңнан астам кен орнында барланған. Министрдің мәліметінше, 2020 жылы республика бойынша су тарту 24,9 текше шақырымды құрады, оның ішінде 15 текше шақырым су ауыл шаруашылығының мұқтаждықтарына жұмсалған. Суды тиімсіз қолдану 3 текше шақырымды құрады. «Суармалы егіншілік негізгі су тұтынушы саналады. Бүгінгі таңда
суармалы жерлердің алаңы 1,6 млн гектарды құрайды. Бес жыл ішінде 600 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жұмыстары жалғастырылады. Осылайша, суармалы жерлердің алаңы 2,2 млн гектарға дейін жеткізіледі. Бұдан әрі 2025-2030 жылдар аралығында 800 мың гектар суармалы жер айналымға енгізіледі», деді ведомство басшысы.

Сондай-ақ С.Брекешев суармалы егіншіліктің қазіргі жай-күйі туралы баяндады. Су тартудың барлығын есепке алғанда, 12,1 текше км тұрақты суаруға келеді. Оның ішінде 11,8 текше км төрт оңтүстік облысқа, яғни 1,25 млн гектар суармалы алаңы бар Алматы, Жамбыл, Түр­кістан және Қызылорда облыстарына тиесілі. Демек бұл суаруға арналған су тар­тудың 97%-ы және ел бойынша бар­лық суармалы алаңның 78%-ы.

Алдын ала есептеулерге сәйкес 9 жа­ңа су қоймасын салудың жалпы құны 59,4 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 11,3 млрд теңге 2022-2024 жылдарға арналған рес­­публикалық бюджеттен қолдау тапты. Жобалау-сметалық құжаттаманы әзір­леуді аяқтау үшін қосымша 700 млн тең­ге, сонымен қатар құрылыс-мон­таж­дау жұмыстарына 2025 жылға дейін 47,4 млрд теңге қажет. Осы жобалар­ды іске асы­­ру нәтижесінде көрші елдерге су тәуел­­ділігін төмендетуге әкеледі: Қыр­ғыз­­стан­нан 30%-ға дейін, Өзбекстаннан 25%-ға дейін және Ресейден 15%-ға дейін.

Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қара­шөкеев баяндамасында үнемі өсіп келе жатқан су ресурстарының тапшы­лығы жағдайында суды есепке алып, ұтымды бөлетін цифрлы технология­ларды енгізе отырып, каналдар мен су қоймаларын салу және реконструкциялау мәселелерінің өзекті және дер кезінде көтерілген мәселе екенін айтты. «Каналдар мен су қоймаларын реконструкциялау және қалпына келтіру жобаларын іске асыру нәтижесінде 2021 жылы су шаруашылығы инфрақұрылымы жүр­гізілген алаң 1,6 млн гектарды құрай­ды, оның ішінде 1 527 мың гектар жер өңделіп, өнім өсірілуде, бұл 2020 жылға қарағанда 16,8 мың гектарға көп. Аталған алаңның 1 182 мың гектары немесе 77,4%-ы жер үсті суару тәсіліне тиесілі, 96,3 мың гектар немесе 6,3%-ы – негізінен жаппай су басу әдісімен суарылатын күріш ал­қаптары, тек 248,4 мың гектарында немесе 16,2%-да ғана заманауи тамшылатып немесе жаңбырлатып суару әдісі пайдаланылады», деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Мәселені түйіндеген Үкімет басшысы А.Мамин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев суармалы жер­лердің ауданын 2025 жылға қарай 2,2 млн гектарға дейін, ал 2030 жылға қарай 3 млн гектарға дейін кеңейту бо­йынша нақты міндет қойғанын айтты. Бүгінде халық пен экономика салалары үшін су алудың жалпы көлемі шамамен 25 текше км құрайды. Жыл өткен сайын қажеттіліктер арта бермек және бұл суды тиімді пайдалануды, ең жаңа технология­ларды енгізуді, саланы цифрландыруды талап етеді. Тек автоматтандырылған бөлу мен тасымалдау есебінен судың артық жұмсалуы жыл сайын 1,2 текше км-ге қысқарады.

Осы ретте, алдағы бес жылдық кезеңде ұзындығы 2,3 мың шақырым болатын 120 каналды реконструкциялау мен жалпы көлемі 1,7 млрд текше метр болатын 9 ірі су қоймасын салу жөнінде шаралар қабылданады. Сонымен қатар өңірлік деңгейде жайылымдық жерлердегі гидро­тех­никалық құрылыстарды, құдықтар­ды жаңғырту, жөндеу және оған қызмет көр­сету жүргізіледі. «Жалпы, су қоймаларын салу және жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту, сондай-ақ су үнемдеу технологияларын қолдану жыл сайын 6,4 текше шақырым көлемінде қосымша су ресурстарын жинауды қамтамасыз етеді. Бұл шаралар «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасында да бар», деді А.Мамин.

Үкімет басшысы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне бір ай мерзімде 9 су қоймасы мен 120 каналды салу мен реконструкциялаудың, сондай-ақ оны цифрландырудың Жол картасын әзірлеуді тапсырды. Ауыл шаруашылығы, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктеріне өңір­лердің әкімдіктерімен бірлесіп, суармалы жер­лерде су үнемдеу технология­ларын енгізу бойынша 2025 жылға дейінгі өңірлік жол карталарын бір ай мерзімде әзірлеу, сондай-ақ жайылым­дардағы гидротехникалық құрылыс­тарды, құдықтарды және скважиналарды жаңғырту бойынша шараларды қабылдау тапсырылды. Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігіне Алматы, Түркістан және Қы­зыл­орда облыстарының әкім­дік­терімен бірлесіп, суды көп қажет ететін дақылдар – күріш пен мақтаның егістік жерлерін кезең-кезеңмен азайту мәсе­лесін пысықтау тапсырылды.