Естелік тұнған ескерткіш
Жамбыл жеріндегі алғашқы күні экспедиция мүшелері Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылында орналасқан Айша бибі кесенесі мен Бабаджа хатун (Баба әже) кесенесіне барды.
Әулиеата өңірі дегенде, әуелі көпшіліктің есіне Қарахан мен Айша бибі аңызы түседі. Қос кесененің арасы алшақ болғанымен, бір нүктеде түйісіп тұр. Жалпы, Айша бибі аңызы, Қарахан екеуінің мәңгілік махаббаты жөнінде жұртшылық жақсы біледі. Бұл ретте Айша бибі кесенесі еліміздегі теңдессіз сәулет өнерінің көрінісі, ортағасырлық мәдениеттің айғағы, ұлтымыздың ұлылығын бейнелейтін тарихи негізі ретінде белгілі.
Экспедиция мүшелерін Жамбыл аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бауыржан Төлендиев пен аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Асқар Сырлыбаев қарсы алып, жергілікті тарихи орындарға байланысты мағлұматтарымен бөлісті.
Ал облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» қызметкері Ақжан Орозбакова Айша бибі тарихы жөнінде әңгімеледі. Ол Қарахан мен Айша бибі туралы аңыз-әңгімелердің 28 нұсқасы бар екенін, Айша бибі Қараханидтер мемлекетінің билеушісі Қараханның қалыңдығы ретінде белгілі екенін айтты. Аңыз бойынша, Айша бибі Қараханмен Түркістанда кездескен деседі. Бір көргеннен бірін-бірі ұнатқан екі жас өмірлік серік болуға уәделеседі. Алайда жаугершілік заманда жаумен арпалысып жүрген Қарахан уәделі күні Айша бибіге бара алмайды. Ақыры Айша бибі жанына Баба әжені ертіп Таразға Қараханды іздеп шығады дейді. Шаһарға жете бергенде, Айша ару тынығу үшін өзен жағасына тоқтайды. Сол кезде Айша бибіні даланың улы жыланы шағып алып, мұның соңы өліммен аяқталады. Осы кезде Айшаның хабарын алған Қарахан да жетіп, екеуінің некесін қидырған деседі. Сөйтіп, мәңгілік махаббатын «Айша бибі» деп атаған дейді. Тағы бір аңызда, Қарахан мен Айша бибінің Самарқанда кездескені айтылады. Алайда барлық аңыздың тоғысар арнасы – бір-біріне қосыла алмай арманда кеткен екі жастың махаббат хикаясы. Бұл Шығыс халықтарының рухани әлеміндегі шоқтығы биік аңыздардың бірі. Кейіннен Айша бибі кесенесін Қарахан салдырған екен. Бірақ оны салған сәулетшінің кім екені белгісіз. Өн бойы өрнекпен өрілген, айшықпен көмкерілген кесене ортағасырлық сәулет өнерінің теңдессіз туындысы. Кесене 60-тан астам түрлі оюлармен безендірілген. Ал жанында Баба әже кесенесі тұр. Ол да тарихтан Айша бибінің күтушісі ретінде белгілі.
Алыптар туған ауылда
«Атамекен» экспедициясының мүшелері Жуалы ауданында да болды. Делегацияны аудан әкімінің аппарат басшысы Серік Қойбақов, Nur Otan партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Марат Нарымбеков, аудандық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айгүл Жарқымбаева, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Фариза Оразымбетова күтіп алып, аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылында орналасқан батырдың мемориалды музейіне бастады.
Аталған музей 1995 жылы мамыр айында ашылған. Музей меңгерушісі Сағадат Шілдебайұлының айтуынша, мұнда 2 382 экспонат бар. Сондай-ақ даңқты батырға қатысты жәдігерлер де жетерлік. Мәселен, Бауыржан Момышұлының өзі пайдаланған фотоаппараты, майдан даласында киген шинелі, қалам салғышы, папкасы, жазу мәшіңкесі сияқты көптеген құнды зат бар екен мұнда. Сонымен қатар ақын Әбділда Тәжібаевтің Египеттен әкеліп, батырға сыйға тартқан күлсалғышы, шай ішкен ыдыстары да баға жетпес жәдігерлердің қатарында. Ал жазушы Шерхан Мұртазаның 60 жылдығына орай Жуалы өңіріне келген композитор Нұрғиса Тілендиев те батыр Бауыржан музейіне арнайы барып, өзінің атақты шығармалары топтастырылған күйтабақтарды сыйға тартқан екен. Бұл жәдігерлер де музейдің құндылығын арттырып тұрған баға жетпес рухани байлық деуге болады. Ал Бауыржан Момышұлының өзі Германиядан алып келген жазу мәшіңкесі, Чехиядан алып келген шаңсорғышы және Франция жерінен алып келген аспалы шамы да осында тұр. Сондай-ақ батырдың келіні Зейнеп Ахметова жұмыс үстелі, жатқан төсегі және өзге де құнды дүниелерді осында сыйға тартқан екен.
Бұдан кейін экспедиция мүшелері Талапты ауылындағы Шерхан Мұртаза тұрған үйге барды. Жазушының өзі жазғанындай, әйгілі Мыңбұлақтың сағасында орналасқан Талапты таутұлғаның туған жері. Ал бұл үйді екі мыңыншы жылдары жазушының 70 жылдығына орай, сол кездегі аудан әкімі Ермек Үсенбаев салып берген екен. Жазушы жазғы демалысын ауылындағы осы үйде өткізетін болған. Қаламгердің «Ай мен Айша» романының соңғы тараулары мен «Бір кем дүние» шығармасы, тағы да өзге бірқатар дүниесі түгелдей осы үйде жазылған. Жазушының немере інісі Әлижан Мұртаза экспедиция мүшелерін әйгілі жазушы тұрған үйдегі құнды мұраларымен таныстырды. Шерхан ағамыздың Мәскеуде оқып жүрген кезінен бастап жинаған кітаптары, тұтынған заттары, әр жылдары алған марапаттары да сақталған екен. Сондай-ақ жазушының кейбір әңгімелерінің, жарияланбаған күнделіктерінің қолжазбасы да сақтаулы тұр. Ал Ш.Мұртаза атындағы облыстық «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев бұл жер болашақта музейге айналатынын, сол мақсатта жұмыстар атқарылып жатқанын, жазушы мұраларын көздің қарашығындай сақтау қасиетті парыз екенін айтты.
Экспедиция барысында Бауыржан Момышұлының туған жеріне бару да бұйырды. Кезінде Орақ-Балға аталған ауылдың жұртында «Момыш бұлағы» бар. Батырдың әкесі Момыш бабамыз осы жерді мекен етіпті. Батырдың өзі «Ұшқан ұя» кітабында туған топырағын сағынышпен еске алады. Бұл жер бүгінде Көлбастау ауылдық округінің құрамына кіреді. Қазіргі кезде «Момыш бұлағының» басына белгі орнатылған. Ескерткіш тақта қойылған. Ал арада қаншама жылдар өтсе де жер қойнауынан шымырлап шығып жатқан тұма бұлақтың көзі бітелмеген. Бұл жерге келушілер Бауыржан сынды баһадүрдің рухына тағзым етіп қайтады. «Атамекен» экспедициясының бұл сапары Жуалы ауданындағы ортағасырлық «Баркуаб» қалашығын көрумен тәмамдалды. Мұнда ғасырлар қойнауынан сыр шертетін құнды жәдігерлер, ежелгі замандағы елдің елдігін танытатын бағалы дүниелер жетерлік. Қалашықты жергілікті тұрғындар Баркуаб деп те атайды. Атақты араб саяхатшысы Убайдалла ибн Абдалла ибн Хордадбек өз жазбаларында бұл елді мекенді «Баркуаб» деп көрсеткен екен. Ал 1893 жылы Ұлы Жібек жолының бойындағы аталған елді мекенді тапқан белгілі ғалым Василий Бартольдтың жазбаларынан да «Баркуаб» қалашығы туралы кездестіруге болады. Археолог Ескендір Төребеков экспедиция мүшелеріне көне қалашық туралы мәліметтер берді. Оның айтуынша, бұл жерден біздің дәуірімізге дейінгі II ғасыр – біздің дәуіріміздің V ғасыры, біздің эрамызға дейінгі VI-XIII ғасырларға жататын 3000-нан астам артефактілер табылған.
Аңызға толы «Ақыртас»
«Атамекен» экспедициясының Жамбыл облысындағы екінші күнінде экспедиция мүшелері ортағасырлық «Ақыртас» кешеніне барды. Бұл тылсымға толы мекен тарихшылардың айтуынша, ортағасырлық Касрибас қонысы делінеді. Кешен «Ақыртас» сарайы, тұрғын жайлар, билеуші қорғаны, бекіністер, керуен сарайлар, күзет мұнаралары, хауыз-су қоймалары, саябақ, тас пен балшық өндіру сияқты бірнеше нысаннан тұрады. Сондай-ақ кешен құрамына сақ қорғандары мен ежелгі ирригация жүйелерінің қалдықтары да кіреді. Тарихи деректер бойынша археологтер кешен аумағында түрік белгілері VIII-IX ғасырлардан-ақ пайда болғанын, қарлұқ билеушілерінің резиденциясын анықтаған.
Экспедиция барысында облыстық туризм басқармасына қарасты «Тараз-туризм» туристік ақпараттық орталығының менеджері Наурызбай Талғатов «Ақыртас» кешенінің ерекшеліктері туралы айтып берді. Аталған сарай-кешенінің қабырғалары ірі қызылтасты блоктардан тұрғызылған. Кешен ұзын дәліздермен жалғасқан төрт бөліктен құралған. Ортасында бағаналармен қоршалған ашық аула бар. XIII-XIV ғасырлардағы тұрғын жайлар солтүстік сарай ғимараттарында орналасқан. Ал билеуші қорғаны VIII-IX ғасырларға жатады. Сонымен қатар сарай-кешен жанында дүниенің төрт тарабына қараған мұнара бой көтерген екен. «Ақыртас» кешенінің іргетасы біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасыр мен біздің заманымыздың І ғасырлары аралығында қаланып, өркениет пен сауда-саттық жүйесін, дін, ғылым, технологиялық инновациялар, мәдениет пен өнерді байланыстырған дәліз ретінде ХVІ ғасырға дейін өмір сүрген делінеді.
Құпияға толы қалашық
«Атамекен» экспедициясының мүшелері бұдан кейін Т.Рысқұлов ауданында болды. Аудан әкімінің орынбасары тарихи «Құлан» қалашығына бастап барды. Тарихи деректер бойынша бұл қала VI ғасырдан бастап, XIII ғасырға дейін өмір сүрген. Өз сөзінде аудандық мәдениет үйінің тарихи-мәдени ескерткіштер инспекторы Жадыра Ақшалова Құлан қаласы туралы алғаш рет VII ғасырдың бірінші жартысындағы жазба деректерде кездесетінін айтты. Сондай-ақ Ибн Хордадбек пен Құдама Құланды Тараздан батысқа қарай 14 фарсах жерде орналасқанын айтқан. Аталған қаланы археологиялық тұрғыдан зерттеу ХІХ ғасырдың соңында В.Бартольдтан басталады. 1936 жылы А.Бернштамның жетекшілігімен қала аумағына алғаш рет археологиялық қазба жұмыстарын Жетісу экспедициясы жүргізген. Қазба жұмыстарының нәтижесінде, алғашқы отырықшы қоныстардың біздің заманымыздың І ғасырларында пайда болғандығы анықталған. Сондай-ақ ортағасырлық қала шетел ғалымдарының да қызығушылығын тудыруда екен. Аудан орталығы Құлан ауылының аумағында орналасқан тарихи «Құлан» қаласы 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енген.
Экспедиция мүшелері бұдан кейін Сұмқайтты жазығында болды. Сұмқайтты даласын 1926 жылы көрнекті Алаш қайраткері Мұхаметжан Тынышбаев Шу-Талас өзендерінің аралығында зерттеу жүргізу барысында анықтаған деген деректер де сақталған. Сонымен қатар Әлкей Марғұлан, Манаш Қозыбаев сияқты ғалымдар да Сұмқайтты даласын зерттеуге елеулі үлес қосқан. Археологиялық зерттеулер барысында сол жерден сарбаздардың қару-жарағы және ер-тұрмандар, түрлі саймандары көптеп табылған екен. Сұмқайтты даласы қазақ-қалмақ қырғынының куәсі. Көнекөз қариялардың айтуынша, ел бұл жерді «Сұмның, жаудың беті қайтты» дегендіктен осылай атап кеткен дейді.
Ал Өрнек қалашығы да тереңіне талай сырды бүккен нысан ретінде белгілі. Жамбыл облысынан ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілген көрнекті мекеннің бірі. Мұның да тарихы көне дәуірлерге барып тіреледі. Қалашық Алтынсу өзенінің жағалауында, Сұлутөр шатқалында орналасқан. Тарихи деректер бойынша аталған қалашық VІІІ-ХІІ ғасырларға жататын археологиялық ескерткіш. 2014 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мәдени мұралар тізіміне және 2017 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша еліміздің өңірлік қасиетті нысандарының тізіміне енген. Тарихшы Сауран Қалиев қалашықтың орналасқан жері мен ескі атауына қатысты кейбір мәліметтер ортағасырлық жазба деректерде кездесетінін, араб деректерінде кездесетін Құлшұб қаласы осы Өрнек қалашығы болуы ықтимал деген жорамал бар екенін айтты. Жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде мұнда мықты бекіністер, мешіттер, бай мазарлар табылған.
Тарихтың темірқазығы – Тараз
Экспедицияның соңы облыс орталығы Тараз қаласындағы Қарахан кесенесі, ерте ислам дәуіріндегі жерасты мешіті, Қали Жүніс моншасы сияқты тарихи орындармен тәмамдалды.
Қарахан кесенесі ХІ ғасырдан сақталып келе жатқан сәулет өнерінің ескерткіші екені белгілі. Тараз қаласының батыс шетінде орналасқан. Кесене Қарахан әулетінен шыққан белгілі хан Шах-Махмуд Бұғра Қарахан қабірінің басына орнатылған деген дерек бар. Кесененің төрт қабырғасы мен жылтыр кірпішпен өрнектелген қос мұнарасы ХІХ ғасырдың соңына дейін сақталған. Ал 1905 жылы оның құлаған бөлігі түгелдей бұзылып, орнына 1906 жылы жаңа кесене салынған. Республикалық «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрлан Бықыбаев бүгінде Қарахан кесенесіне демеушілер есебінен күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын айтты. Ал талай ғасырдан бері тарих қойнауында қалып келген ерте ислам дәуіріндегі жерасты мешіті 2006 жылы археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында анықталған киелі орын. Ерте ислам дәуіріндегі мешітті аралап көргенімізде, сол ғасырларға жататын «Керуен сарайына» кездестік. Бұл жерге қазба жұмыстары кезінде табылған монеталар мен қыш-құмыралар қойылған екен. Сол сияқты, Қали Жүніс моншасы да ХІХ ғасырдың озық сәулетін көрсететін ескерткіштің бірі. Тарихи деректер бойынша, Тараздың сол кездегі бай тұрғыны, көпес Жүніс (лақап аты Қали) Бұқара жібегін сату арқылы дәулетке кенеледі. Оның сол заманда салдырған моншасы бүгінгі күнге жетіп отыр.
Сөз соңы
Жамбыл облыстық әкімдігінің қолдауымен республикалық «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттері ұйымдастырған эекспедиция өңірдегі тарихи-мәдени нысандарды танып-білуге мүмкіндік берді. Бүгінде облыстағы көптеген нысанды туристік орталыққа айналдыру мәселесі өзекті болып тұр.