Таным • 05 Қазан, 2021

Стив Джобстың стилі

431 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жапырақ жамылған ежелгі адамдар заманынан бергі дүниежүзі тарихында небір киім үлгісі болғаны белгілі. Тіпті күн сайын жаңарып жатқан мың сан моданың бас-аяғын ешкім жіті қадағалай алып жатқан жоқ. Жалпы жер шарында жеті миллиард адам болса сонша түрлі талғам болатыны даусыз. Адам қиялымен бірге түрлене беретін киім дизайнына әркімнің көзқарасы әртүрлі болуы да заңдылық. Біреу үстіндегі жейдесінің бағасына мән берсе, біреу оның сапасына назар аударады. Ал тағы бірі оның ыңғайлылығына көп көңіл бөледі. Алайда бүгін біз жалпы киім үлгісі туралы емес, жекелеген тұлғалардың киім киісіндегі ерекшеліктер туралы, оның ішінде әлемді өзінің қиял жемісіне жібермей байлап келе жатқан, адамзат тарихындағы феномен тұлғаның бірі, әйгілі Applе брендінің негізін қалаушы – Стив Джобс туралы айтқымыз келеді.

Стив Джобстың стилі

Білетіндер тарихи тұлғалардың, кө­біне генийлердің гардеробы қарапайым болғанын растайды. Тіпті кейбірі өле-өлгенше үстінен бір киімді тастамай киіп өткен. Стив те сондай адамдардың санатында болады. Ең қызығы адамның бұндай қиямпұрыс әдеттері туралы біржақты ештеңе айта алмайтынымызда шығар. Себебі оның түрлі факторы болуы мүмкін. Көбіне ой еңбегімен шұғылданатын құбылыстар дүкен аралап киім таңдауға уақыт зая қылғанды құптамаса, кейбірі жетістікке адамның киім ілгіші көп әсер етеді деп топшылайтын болған. Сондай-ақ адамның талға­мы да талас тудырмайтын мінез екенін ескергеніміз жөн.

Стив стилі оның мінез-құлқын бірден аңғартып тұрады. Біз жалпы Apple өнімдерін дүниеге әкелген, оны ойлап тапқан Джобс деп ойлаймыз. Негізінде олай емес. Стив ең алдымен нарықты жаулау үшін идеямен жұмыс істеді. Стив үшін ең маңызды екі нәрсе болды. Ол – дизайн және маркетинг еді. Ол өнімді өндіріп шы­ғарудан бұрын, оның сыртқы және ішкі үлгісіне мән берді және оны жоғары деңгейде жарнамалай алды. Бұл екінің біріне берілетін қасиет емес қой.

Джобстың киім сөресінде бір уақытта қара түсті, бірдей өл­шемде 200-ге тарта джемпер ілініп тұрған деседі. Бұл ақпарды алғаш естігенімізде аңырып тұрып қалғанымыз рас. Өзіңіз ойлап қараңызшы, адам бір ғана үлгідегі киімді кие бергеннен жалығып, жынданып кетуі мүмкін емес пе? Бірақ генийдің ойлау жүйесінің біз пайымдағаннан мүлде өзге екенін ескерсек, бәрі дұрыс. Әлемдегі ең танымал, ең бай, ең талантты адамның аксессуарлары қымбат болса керек-ті. Алайда бүкіл адамзат аузына қарап отырған сол Стив Джобстың киім-кешегі, сағаты мен көзілдірігінің құнын есептегендер олардың 2 мың долларға да жетпейтінін біліп таң қалысыпты.

Басында біз де таң қалға­ны­мызды жасырмаймыз. Бірақ кейін Стив әле­міне қызығып, оны зерделей келе таңда­нысымыздың тым дөрекі екенін ұқтық, ұялдық. Мына бір шашылып түскен шымыр ойларға бір көз жүгіртіп өті­ңізші? Осыншама терең пайым иесінің тым қымбат киінуі мүмкін бе? Стив айтады: «Жасымыз өскен сайын бізге ақыл кіре бастайды. Менің түсінгенім – 30 доллар тұратын сағат та, 300 долларға алын­ған сағат та бір уақытты көр­­сетеді. Біз 30 доллар тұратын әмиян­ды алсақ та, 300 доллар тұра­тын әмиянды қолдансақ та екеуіне бірдей ақша сияды».

Шынында да біз кейінгі уақытта құн­дылықты адамның сыртынан іздеп кет­кеніміз жасырын емес. Әрине, 150 мың доллар тұратын көлікпен жүрсек те, 3 мың доллар тұратын көлікке мінсек те баратын жол мен қашықтық өзгермейді. Біз қайсысымен барсақ та, жететін жеріміз – бір. 300 доллар тұратын бөтелкедегі шарапты ішсеңіз де, 10 доллар тұратын шарап ішсеңіз де, сезінетін рахат бір деп кез келгеніміз айтуымыз мүмкін. Бірақ бұл қарапайым өмір қағидаларын қазы­насын қалай шашса да қазаны ортаймайтын Джобстың аузынан естудің жөні әсте бөлек.

Қарапайым киінудің, ел қатар­лы тіршілік кешудің жалғыз эталоны Джобс деуден аулақпыз, әрине. Бірақ заманы бізге жақын тұл­ғаның ел көп біле бер­мейтін қырлары өскелең жаңа ұрпаққа зор өнеге болғаны дұрыс.

Ол тағы бірде «Сіз тұратын үй­дің ауданы 300 шаршы немесе 3000 шаршы метр болса да, сіз – жалғызсыз, сіздің шы­найы ішкі бақытыңыз дүниенің мате­риалдық құндылығынан туындамайды» дейді.

Біз Стив Джобстың осыншама еркін, осыншама біртоға ғұмыр кешкеніне қы­зыға да қызғана қа­радық. Мысалы, Джобс Lunor деген неміс фирмасының қара­пайым, бірақ сапалы жасалған 500 доллар ғана тұратын көзілдірігін та­ғыпты. Әлемнің көз жауын алатын Apple өнім­дерінің қайталанбас дизайны сол көзіл­дірікпен-ақ дүниеге келіп отырыпты. Сол көзәйнектің ар жағындағы қы­ра­ғы да ойлы, озық та талғампаз көздер­дің, ер­­кін сананың жемісін бәріміз тұты­на­мыз.

Джобстың джемпері деп тақы­рыбын атағанымызбен, то­лық джемпер деуге келмес, қара водолазка көрсек, ашық көк джинсыны көзіміз шалып қалса бір­ден ойымызға Джобс оралады. Жа­пон дизайнері Иссей Миякенің қолы­нан шыққан қара водолазка әуелде ком­­па­нияның қызметкерлері түгел кие­тін форма ретінде тігіліпті. Кейіннен Джобс ол идеяны құптамай, тек өзі ғана тұ­ты­нуды жөн көреді. Же­ке тігіншісіне бір­неше жүз қара кеудешені тіктіртіп киген ол өмі­рінің кейінгі жиырма жылында сол кеудешені үстінен тастамай өтеді.

Джобстың джинсы да керемет қымбат шалбар демес едік. Levi’s тіккен шалбар оның жұмыс істеуіне өте ыңғайлы болса керек. Аяқ киімі жайлы да ақпараттар ашық, NewBalance брендінің аса танымал өнімі. Бағасынан байлықтың иісі бұр­қырап тұрған жоқ, бар-жоғы 150 дол­лардың кроссовкасы.

Міне, адами құндылықтың, тұлғалық даралықтың қызыл-жасыл шүберекке, асыл-әшекейге еш тәуелсіз екендігін осындай тұлғалар әркез дәлелдей бе­реді. Румидің «қаншама адам көрдім, үс­тінде киімі жоқ, қаншама киім көр­дім, ішінде адамы жоқ» деге­ніндей, Джобс­тың джемпері мен джинсысы арзан болғанымен, оның қиялынан туған қым­бат өнімдер кез келген адамның қо­лына түсе бермейді.

Ұлы идеялар әрқашан қымбат болуы керек.