Біріншіден, бүкіләлемдік кеңес ерлер мен әйелдердің, қыздар мен ұлдардың арманы мен үміті ұқсас екенін көрсетті. Адамдар медициналық қызмет, санитария мен білімге қолжетімділік артса деп армандайды. Олар пандемиядан мейлінше көп зардап шеккен адамдар мен кедейлікте тұратын халыққа қолдау көрсетілгенін қалайды. Респонденттердің көбі климаттың өзгеруі мен биоалуандылықтың жойылуы мәселесіне алаңдайды. Жиынға қатысушылардың 90 пайызы қазіргі мәселелерді шешу үшін ғаламдық ынтымақтастық керегін айтса, көбі пандемия бүкіләлемдік әріптестіктің маңызын арттыра түсті деп есептейді. Әсіресе, бүкіл әлем жастарының халықаралық әріптестікті нығайтуға мүдделі екені ерекше үміт сыйлайды.
Былтырғы кеңес әлем елдерін әрекетке көшуге шақырған жиын болды. БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гуттериш бір жыл бұрын ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары қабылдаған, БҰҰ75 саяси декларациясына негізделген «Біздің ортақ күн тәртібіміз» деп аталатын іс-қимыл жоспарын жариялады. Жаңа күн тәртібінде бүгінгі және ертеңгі мәселелерді шешу жоспары қамтылған.
Сәтсіздікке ұшырау қаупін серпіліске мүмкіндік деп қабылдаған жөн. Міне, сондықтан да мемлекеттеріміз Бас хатшының БҰҰ-ның күн тәртібіне енген мақсаттарға қол жеткізу жолындағы іс-қимылдарына барынша қолдау көрсетуі керек.
COVID-19 пандемиясына қарсы ғаламдық күрес әлі аяқталған жоқ. Пандемия біздің өзара байланысты әрі бір-біріне тәуелді әлемде тұрып жатқанымызды түсіндірді. Кейінгі бірнеше айда аптап ыстықтан, су тасқыны мен орман өртінен өте көп адам зардап шекті. Бұл климаттың өзгеруі адамзатқа үлкен қауіп төндіретін мәселе екенін дәлелдеді.
БҰҰ – халықаралық жүйенің жүрегі. 76 жыл бұрын әлем елдері бір үстел басына жиналып, халықаралық мәселелерді шешуде ғаламдық әріптестік орнату үшін арнайы ұйым құрды. Бұл ұйымның қанша мәселе мен кемшілікке қарамастан, әлі күнге жұмыс істеп келе жатқаны таңғалдырмай қоймайды. БҰҰ бейбіт әрі тұрақты болашаққа бастайтын жол бәсекеден емес, әріптестіктен тұратынын көрсетті.
Дегенмен, халықаралық ұйымдар қаржы дағдарысы, пандемия, терроризм, қылмыстық желілер, мұхитқа төнген қауіп және климаттың өзгеруі сияқты қиындықтарды еңсеруге емес, бірінші кезекте мемлекетаралық мәселелерді шешу үшін құрылған. Сондықтан көпжақты институттарымызды жаңғыртудан өткізіп, оларды ұрпақтар арасындағы және ғаламдық мәселелерді шешуге бейімдеуіміз керек.
БҰҰ-ны құрған тұлғалардың кезі мен қазіргі әлем арасындағы айырмашылықты байқап, былтыр Қауіпсіздік кеңесін реформалау туралы пікірталас бастап, Бас Ассамблея жұмысын қайта жандандырып, экономикалық және әлеуметтік саясатты нығайту туралы шешімге келдік. 2020 жылы 10 қарашада Мадридте қол қойған бірлескен мәлімдемемізге сәйкес, көпжақтылықты нығайтуға бағытталған ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін үш салаға айрықша көңіл бөлу керек деп санаймыз.
Біріншіден, бізге халықаралық әріптестікті қолдайтынымызды растау қажет. Жергілікті жерлердегі жағдайды өзгерту үшін көпжақты ұйымдардың қаржысы мен құзыреті болуы керек. БҰҰ, өңірлік ұйымдар мен халықаралық қаржы құрылымдарының арасындағы саяси және оперативті деңгейдегі әріптестік жақсаруға тиіс. Жастарға, азаматтық қоғамға, жеке секторға және академиялық ортаға келіссөздер үстелінен орын беру үшін көпжақты жүйе әлдеқайда ашық әрі инклюзивті болғаны жөн.
Біз осының бәрін тәжірибеге енгізіп жатырмыз. Биыл Бас Ассамблея жұмысының аясында «Бейбіт, әділ және инклюзивті қоғамды іздеушілер» бастамасымен бірге «БҰҰ-ның ортақ күн тәртібінде көрсетілген мақсаттарды жүзеге асыру: теңдік пен интеграцияға қол жеткізу жолындағы іс-қимылдар» деп аталатын виртуалды шара өткіздік.
Екіншіден, біз Бас хатшының кедейлік пен теңсіздікке қарсы әлеуетімізді нығайтуға арналған бағдарламасы бойынша әрекет етіп, инклюзия, теңдік пен әділдікке жол ашып, климаттық дағдарыс пен биоалуандылықтың жойылуына қарсы күресіп, пандемияның болашақ қаупіне дайындалуымыз керек.
COVID-19 дағдарысынан кейін індеттің өршуі, жаңа соғыс, жаппай кибершабуыл, экологиялық апат пен басқа да күтпеген оқиғалар сияқты күрделі қауіптерді болжау, алдын алу және басқару деген ұжымдық қабілетімізді шыңдау керектігін түсіндік. Сондықтан Бас хатшының қауіптерді болжау және басқарудағы ғаламдық әлеуетті күшейту жолдары, оның ішінде бүкіләлемдік жаңа «төтенше платформа» құру туралы ұсыныстарын қолдаймыз.
Үшіншіден, 2023 жылы болашақ саммитін өткізу идеясын мақұлдаймыз. Біз халықаралық әріптестікті нығайту жолындағы іс-қимылдарымызды қайта бастау үшін осы мүмкіндікті пайдалануымыз керек. Қазіргі әлемдегі осы сәтті пайдаланып, қолайлы, тиімді, азаматтарға есеп беріп, солардың игілігіне жұмыс істейтін, біз кездескен ғаламдық мәселелерді шешуге көмектесетін көпжақты жүйе құруымыз қажет.
Біз осы бастаманың алдыңғы шебінде болғымыз келеді. Ережелерге негізделген көпжақтылық принципін бірге іске қоса аламыз. Бұл принцип негізінде БҰҰ-ның әлдеқайда мықты әрі инклюзивті үлгісі жатыр. Қазіргі заманның ең үлкен саяси міндеті – осы.
Карлос Альварадо КЕСАДА,
Коста-Рика президенті
Джасинда АРДЕРН,
Жаңа Зеландия премьер-министрі
Стефан ЛЕВЕН,
Швеция премьер-министрі
Сирил РАМАФОСА,
Оңтүстік Африка президенті
Маки САЛЛ,
Сенегал президенті
Педро САНЧЕС,
Испания премьер-министрі
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org