Қазақстан • 05 Қазан, 2021

Пайдаланылмайтын оқ-дәрілер жойылады

1124 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қорғаныс министрі, генерал-лейтенант Мұрат Бектанов аппараттық кеңес өткізді, онда әскердің тыныс-тіршілігіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды.

Пайдаланылмайтын оқ-дәрілер жойылады

Оқ-дәрі қоймаларын тексеру барысы туралы Қор­ғаныс министрлігі Бас инс­пекциясы бастығының баян­дамасы қаралды. Инспек­циялаудың аралық нәтижесі бойынша қазіргі уақытта шешілмеген негізгі мәселе түгендеу нәти­жесінде әскери мүлік ретінде пайдаланылмайды деп танылған оқ-дәрілерді кәдеге жарату болып табылады.

Заң жүзінде оқ-дәрілерді кәдеге жарату жөніндегі жұмысты уәкілетті орган – Индустрия және инфра­құрылымдық даму министр­лігі жүргізеді. Бұл ретте оған ведомстволық бағынысты ұйымдардың оқ-дәрілерді жою бойынша мүмкіндігі шектеулі. Осыған байланыс­ты Қорғаныс министрлігі пайдаланылмайтын әскери мүлікті қоймалар мен базаларда жылдар бойы сақтауға мәжбүр болады.

Оқ-дәрілерді сақтау қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету мақса­тында қорғаныс ведомствосы 2021 жылғы 30 қыр­күйекте Үкімет қабылдаған № 964 қаулыны әзірледі. Оған сәйкес Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, саперлердің күшімен пайдаланылмайтын оқ-дәрілерді қоймалардан әскери поли­гондарға шығару жұмысын ұйымдастырып, жоятын болады. Тікелей іс-қимыл тәртібін екі министрліктің бірлескен бұйрығы айқын­дайды.

Одан бөлек қысқа дайын­дық мәселесі қаралды. Лауа­зымды адамдардың баяндамасы бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық әскери объектілерінің қыс­қа дайындығы 96,5%-ды құ­райды. Ауа райы жағдай­ы­на сәйкес жылыту елдің сол­түстік, орталық және шы­ғыс өңір­леріндегі әскери қала­шықтарда іске қосылды. Қа­зан­дықтар қажетті отын қо­рымен қамтамасыз етілген. Одан басқа, Қорғаныс ми­нистрлігі алғаш рет жы­лыту мау­сымында қызмет көр­сете­тін персоналды мате­риал­дық ынталандыруды көз­­деді.

Қорғаныс министрі 4 қа­зан­­нан бастап әскерлер­де бас­талған қорытынды тек­серуді сапалы ұйымдастыруға бас қолбасшылар мен қолбас­шылардың назарын аударды. Барлық әскери қызметшілер 3 апта бойы оқыту пәндері бойынша сынақ тапсырып, өздерінің кәсіби біліктілігін растауға тиіс. Министр бұл оқу жылындағы жауынгерлік даярлықты бағалаудың негізгі құрамдас бөлігі болатынын атап өтті. Әскери бөлімдердің жауынгерлік әзір­лігі, дивер­сияға қарсы және өртке қарсы қауіпсіз­дігінің жай-күйі де тексе­рі­леді.

Одан басқа, қорғаныс ведом­ствосының басшысы оларға сеніп тапсырылған құрама­лардағы, бөлім­дердегі, бөлім­шелердегі әс­ке­ри тәртіп­тің жай-күйі бо­йын­ша барлық дәрежедегі коман­дирлердің жұмысын бағалауға нұсқау берді. «Ба­ғы­­ны­сындағылар арасында құқық тәртібін сақтауда жүйелі кемшілік болған жағ­дайда, әрбір лауазымды адамға тәртіптік сипат­тағы шаралар, тіпті лауазы­мын тө­мендетуге және Қару­лы Күш­тер қатарынан шығаруға дейінгі шаралар қабыл­да­нуға тиіс», деді Қорғаныс министрі.

Генерал-лейтенант Мұрат Бектанов алдағы аптада жер­гілікті әскери басқару органдарынан әскерлерге келе бас­тайтын жас буынды қа­былдау жөніндегі алдағы іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті. Қолбасшыларға жер­гілікті жерлердегі казар­малық-тұрғын үй қоры мен оқу-материалдық базаның дайындығын, жаңа буынды жинау әкімшілігінің кешегі әскерге шақырылушыларды әскери қызметке бейімдеу жөніндегі жүктелген мін­дет­терге сәйкестігін жеке тек­­серу тапсырылды.