Аймақтар • 06 Қазан, 2021

Аққуды атқан арамза ұсталды

604 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халық аққуды киелі құс санап, өлтіруге қимайды. Қазақ қоғамында аққуды ату ауыр қылмас, тіпті жантүршігерлік оқиға саналған.

Аққуды атқан арамза ұсталды

Аққудың таза, тәкәппар сұлу қалыбы ғана емес сыңарына ешқашан айнымайтын беріктігі де махаббаттың символы іспеттес болып, бұрын-соңғы ақындардың бәріне шабыт тудырған... Осы орайда биыл ғана көлге қаптаған балдырларды киелі аққу құстың тұмсығымен сыртқа шы­ғарып жүрген «тазалық қызметі» де талай адамды тәнті еткені еске түседі. Бұл көрініс әлеу­мет­тік желілерде кеңінен таралған-ды.

Аққудың тазалығы сондай, маңына қаз-үйректерді де жолатпай, қуып тастайды. Осын­дай қасиеттерінің бәрі халық арасында оны айрықша құсқа теңейтін аңыздар мен ерте­гілер туғызған. Оның алқымы қызыл келе­тін ерекше сұңқылдайтын бір түрі «Қы­зыл кітапқа» да енгізілген.

Міне, осындай ғажап құсты жуырда сол­түстікқазақстандық бір суыққол ашқарақ атып алып, қыл тамағынан өткізбек болыпты. Аққу аңшыдан қорықпайды, адамдар өзін қорғайтынын сезетін болса керек, ол көлдің жа­ғасына дейін келіп, емін-ер­кін жүзіп-жылжып жүреді. Соны пай­даланған аңшысымақ асыл құсты атып өлтіріпті.

Оқиға Айыртау ауданының аумағында болған. Жергілікті полиция мен қорықшылар бірлесе рейд атқарып жүргенде орманның бауырынан сұңқылдақ аққудың қалдықтарын тапқан. Осы жерде қысқа отын дайындау бригадасы еңбек етіп жатқан. Оқиға орнына келген жедел-тергеу бригадасы жұмысшылардың бірінің «Қызыл кітапқа» енген құсты атуға қатысы бар екендігін анықтады. Анықталған азамат Ғ.Мүсірепов ауданының 32 жас­тағы тұрғыны болып шықты. Оның тұрғылықты мекенін тексеру барысында аққудың қалдықтары, дара ұңғылы 16 калибрлі «ИЖ-18»  мылтығы, атылған гильза мен оқталған патрон табылған. Қазір аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 337-бабы бойынша қылыстық іс қозғалды. Бұл бап жануарлардың сирек кез­десетін және құрып кету қаупі төнген түр­леріне, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған жа­нуарларға қатысты «заңсыз аңшылық» деген жауапкершілікті көздейді.

«Бүгінгі таңда облыста эко­логиялық қылмыс саласындағы 17 қылмыстық іс тір­келді, 414 аң аулау қағидаларын бұзу және 273 балық аулау қағидаларын бұзу­шылық анық­­талды», дейді Жергілікті полиция қыз­меті бас­қармасының бастығы, полиция под­полковнигі Айдын Байматов.