Үкімет • 06 Қазан, 2021

Асқар Мамин Дүниежүзілік кеден ұйымының Бас хатшысымен кездесті

242 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Дүниежүзілік кеден ұйымының (ДКҰ) Бас хатшысы Кунио Микуриямен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Асқар Мамин Дүниежүзілік кеден ұйымының Бас хатшысымен кездесті

Тараптар Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыру және оны жаһандық көлік дәліздеріне одан әрі интеграциялау, сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі халықаралық стандарттарды іске асыру, халықаралық жеткізілім тізбегінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және кедендік төлемдер мен салықтардың жиналуын жақсарту мәселелерін талқылады.

Келіссөз барысында транзиттік кедергілерді жоюда ҚР-ның ДКҰ-мен ынтымақтастығын кеңейтуге, электронды сауданы дамытуға, шетелдермен кедендік ақпарат алмасу процестерін стандарттауға және экспорттық-импорттық операцияларды одан әрі цифрландыруға ерекше назар аударылды.

Үкімет басшысы ҚР көлік әлеуетін арттыру мақсатында ДКҰ стандарттарына сәйкес Қазақстан-Қытай шекарасында жаңа «Нұр Жолы» өткізу бекеті салынып, Қазақстанның Өзбекстанмен шекарасында «Б. Қонысбаев», Қазақстан-қырғыз шекарасындағы «Қордай» өткізу бекеттері жаңғыртылғанын атап өтті. Қосымша 2024 жылға дейін 9 автомобиль және 1 теміржол өткізу бекетін жаңғырту жоспарланған. Өткізу бекеттерін жаңғырту шекарадан өту уақытын қысқартып, олардың өткізу мүмкіндігін 8 есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

К. Микурия Қазақстанда жүргізіліп жатқан кеден және салық салаларындағы реформаларға, шекаралық өткізу бекеттерін жаңғырту, ұлттық тауар өткізу жүйесін қалыптастыру және ҚР трансшекаралық сауда инфрақұрылымын дамыту бойынша шараларға жоғары баға берді. Соңғы үш жылда ДКҰ Қазақстанға экспорттық-импорттық операциялар саласындағы негізгі халықаралық конвенцияларды имплементациялау жұмыстары шеңберінде 12 техникалық миссия жіберді. 2022 жылға ҚР транзиттік әлеуетін арттыру және сауда рәсімдерін жеңілдету бойынша 5 миссия жоспарланған.

Қазақстанға осы сапары аясында К. Микурия Түркістан қаласындағы әуежайға және Қазақстанның Өзбекстанмен шекарасындағы жаңғыртылған «Б. Қонысбаев» өткізу бекетіне барды. 2019 жылғы наурызда ҚР-ға сапары кезінде ДКҰ басшысы ҚР-ның ҚХР-мен шекарасындағы «Нұр жолы» өткізу бекетінде, «Астана – ЦТО» бекетінде және Нұр-Сұлтан қаласындағы «Continental Logistics» көлік-логистика орталығында болған еді.