Әлем • 06 Қазан, 2021

Биыл әдебиет бойынша Нобель сыйлығын кім алады?

591 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл алпауыт сыйлық талай жазушының атын алысқа жеткізді. Себебі, оның дақпырты мен даңқы бөлектігінде. Былай қарасаң, қазіргі әдебиеттің өлшемі мәлім бір сыйлықтар емес екені шындық. Бірақ, өнер үшін сыйлық та керек-ақ.

Биыл әдебиет бойынша Нобель сыйлығын кім алады?

Биылғы Нобель әдебиет сыйлығының иегері жетінші қазан күні жаряланады. 

Жыл сайын жеңімпаздар адамзатқа, қоғамға үлес қосқан ізгіліктері үшін марапатталады. Әдебиет саласындағы бұл сыйлық қалам ұстаған кез келген қаламгер үшін ең үлкен сыйлықтың бірі.  Сонымен, 2021 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығына кім лайықты, кім алады деген аз-кем болжам жасап көрелік.  

2021 жылы Нобель әдебиет сыйлығы кімге берілетіні туралы алуан түрлі болжамдар бар, біреу осыған дейін төрт рет ұсынылған жапон жазушысы Мураками алады десе, енді біреулері канадалық ақын Энн Карсонды көрсетіп жатыр. Екеуі де лайықты. Ал өзгелер өзінің сүйіп оқитын авторларын атауда. Тіпті, тоқсан екі жастағы Поляк жазушысы Милан Күндераның да аты аталып жүр. Ал бізге бейтаныс болып келген Кения жазушысы Нгуги Уа Тионгода осы сыйлықтан дәмелі. Шығармалары әлем тілдеріне әлдеқашан аударылып, кітап болып шыққан кениялық қаламгердің бағы жануы да бек мүмкін. Оның «Жылама, балақай», «Асау өзеннің екі жағы», «Он түйір бидай» сияқты танымал кітаптары бар. Ал Ресей ақыны Людмила Улицкая, Сомали жазушысы Нұруддин Фарах қатарлылар Швед академиясының назарында тұрған үміткерлер деуге болады. Оңтүстік Корея ақыны Ко Ын да сыйлық алуға тиісті ақынынң бірі. Азиялық қаламгерлерден қытай жазушылары  Сан Шуе, Ян Лиянкі, Ши Ши, Үй Хуалар басты тізімде бар болып шықты.

Болжамымыз бойынша, Канаданың қос ақыны Маргарет Этвуд пен Энн Карсонның бірі биылғы Нобель әдебиет сыйлығының үміткерлері бола алады. Осыған дейін он сегіз роман, он сегіз жыр жинағын баспадан шығарған Маргарет Этвудтің десі де, беделі мен қауқары да нән сыйлықтың төрінен көрінуге әбден лайық. Оның дистопиялық стилдегі «Қолбаланың ертегісі» атты романы дүниежүзі оқырмандарын таңдай қақтырған. Ал «Мысықтың көзі» романы да үлкен сыйлықтарды еншілеген. Осы тұрғыдан оның ұпайы толық болып, жеңімпаз атанып кетпесіне кім кепіл? Ал Энн Карсон да талантты тұлға. «Қызылдың өмірбаяны», «Бос уақыттағы адам», «Мінсіз күйеу» сияқты жыр жинақтардың авторы. Оның да осыған дейін еншілеген әдеби сыйлықтары жетерлік. Сол үшін Энн Карсон да лауреат атануы әбден мүмкін. 

  Ал әлемдік кейбір үлкен ақпарат құралдары Француз жазушысы Энни Эрно 2021 жылғы Нобель әдебиет сыйлығын алуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Сексеннің сеңгіріндегі Энни де осал қаламгер емес. Ақсүйектер отбасында ержетіп, шығармашылықта керемет табыстарға қол жеткізген оның алмаған сыйлығы кемде кем. «Ұят», «Бір әйелдің хикаясы», «Тазарту» сияқты шығармалары оқырманның жақсы бағасын алған.

Бүгінде Франция азаматы саналатын Марис Конде де осы сыйлыққа үміткерлердің бірі. Қартайдық деп қаламын тастамаған Конде жаһан оқырмандарына әбден таныс. Бұлай дейтініміз, оның шығармалары Африкадағы құлдық һәм колониялық жүйе туралы сөз қозғайды. Алғашқы романының өзі дау тудырып, алты айдан кейін күллі сөрелерден жиналған еді. Мұндағы себеп, оның бұл шығармасы Африканың социализімін сынға алады. Оның «Мангровты кесіп өту», «Мен Титуба» сияқты туындылары бар екенін оқырманның есіне саламыз.

 Мейлі, кім алса да, арысын айтқанда, адамзатқа, берісін айтқанда әдебиетке жаңалық әкелген, үлес қосқан қаламгер алса екен. Жыл сайын осы алпауыт сыйлық берілер тұста біздің көкейімізде «Қазақ жазушысы қашан нобель алады?» деген ұлы сауал тұрады. Мүмкін, бұл сұрақ сіздің де ойыңызда бар.