Өнер • 06 Қазан, 2021

«Бала дауысы» – бірегей жоба

743 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін ел астанасында Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қорының ұйымдастыруымен һәм Мәдениет және спорт минис­трлігінің, Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен «Бала дауысы» ән байқауының бірінші финалдық концерті өтеді. 

«Бала дауысы» – бірегей жоба

«Қазақстан» орталық кон­церт залы­ның сахнасында өтетін ауқымды жобада биыл қашықтан өткен іріктеу ке­зеңнің 17 жеңімпазы өнер көрсетеді. Іріктеуге әр өңірден 8 бен 12 жас ара­лығындағы 5 583 бала қатысқан болатын. Бүгінгі кеш «Шетелдік және отан­дық хит әндерге» арналып, жас әншілер танымал туындыларды Илья Башкатовтың жетекшілігімен орындайды. Балалардың өнерін Әли Оқа­пов, Әйгерім Рақышева (Ayree), Ерден Жақсыбаев, Бей­біт Көшқалиев және Диана Снегина сынды отандық танымал әншілер бағаламақ. Жанкүйерлер өз да­уы­сын www.baladauysy.kz сайтына кіріп, таңдаған орындаушыға бере алады.

Сондай-ақ VI маусым аясында және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Бала дауысы – ән бұлағы» атты балалар әндері жинағының тұсаукесері өтті.

2016 жылдан бастап «Бала дауысы» байқауы Қазақ­стан­ның мәдени өміріндегі ең ірі оқиғалардың бірі болып табылады. Жоба музыкалық дарынды балаларды анықтап, оған қолдау көрсетуді, жаңа балалар әндері арқылы балалар музыкалық шығармашылығын жан-жақты насихаттау және дамытуды мақсат етеді. Сон­дықтан жинақ балалар репертуарын кеңейтуге, байытуға өз үлесін қосады.

Бұл жаңа әндер жинағына еліміздің өңірлерінен 17 ком­позитор мен 4 ақын­ның шы­ғармалары енген. Жинақта мә­тіндер мен музыкалық материалдар бар, ал дискіде әндердің екі түрлі нұсқасы берілген (да­уысы бар және дауысы жоқ фонограма). Айта кетейік, 2016 жылдан бастап Ұлттық «Бала дауы­сы» жобасы аясында 79 жаңа балалар әні жазылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жинақ балабақшалар мен мекептерге тегін таратылады.

– Бұл жинақ талантты балалар үшін жақсы мүмкіндік болмақ. Жаңа әндерді орындай отырып, олардың Отанға деген махаббаты мен болашағына деген сенімі арта түседі, – дейді «Жан­дану әлемі» қорының бас­­қарма төрағасы Мұрат Иса­ха­нов.

Жинаққа енген ән авторлары – композиторлар Балнұр Қы­­дырбек, Бекжігіт Сердәлі, Ер­кін Нұрымбетов, Көмек Ыбрай­­ұлы, Берік Оразалин, Ар­сен Бейсенов, Марат Су­тюшев, Свет­лана Степурина, Жандос Ома­ров, Марат Жа­қыпов, Болат Қо­хаманов, Май­ра Аблай, Әли Ер­мекбаев, Ер­жан Қорғанбек, Әдил­хан Адыр­баев, Сәукен Әліш, Ай­сұлу Тәни арнайы Алғыс хаттар­мен марапатталды.

– Авторға өз шығармасының кең таралғанынан артық ба­қыт бар ма! Сондай-ақ осы жо­баға атсалысқан барлық ком­позитордың атынан «Жан­­дану әлемі» қорының ұйым­дасты­ру­шы­ларына алғыс айтамын. Біз өз ән­деріміздің жүректен жүрекке  же­те­тініне сенімдіміз. Жинақтағы әр ән – біздің елі­міздегі әр отбасына жолдаған ыстық сәлеміміз, ақ ниетіміз, – дейді композитор Айсұлу Тәни.

Ақындар Арасанбай Есте­нов, Ернұр Сейдахметов, Марат Әдібаев, Алмат Исәділ де марапатталып, жинаққа ие болды. 

Осы маусымның жеңім­паздарын 9 қазанда білетін боламыз. Ел Тәуел­сізді­гінің 30 жылдығына және «Бала дауысы» жо­басының 5 жылдығына арналған «Туған күніңмен, «Бала дауысы!» атты гала-концертте өнерпаздар алдыңғы жыл­дардың финалистерімен бірге танымал әндерді орындайды. Айта кетейік, фи­налға қатысатын әрбір жас әншіге бағалы сый­лықтармен қатар арнайы мүсінше (статуэтка) табысталады. Ал «Бала дауысы» бай­қауының гран-при иегеріне Ұлттық өнер уни­­верситетінде оқу гранты бе­ріледі.