Қазақстан • 07 Қазан, 2021

Азаттықтың арқасында атамекенде тамыр жайдым – дейді қандас қария Дәкіс Мешелұлы

313 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

– Қобда бетінде (Моңғолия) туып, етек-жеңі кең моңғол ағайындармен қолтықтасып бірге өскен біз үшін Қазақстан қасиетті Меккенің қаратас байланған құбыласындай елестейтін, – дейді ел газеті «Егеменге» келіп, өзінің өзекжарды ойын айтқан Дәкең ақсақал.

Азаттықтың арқасында  атамекенде тамыр жайдым – дейді қандас қария Дәкіс Мешелұлы

Қария рас айтады. Бұндай «құбыла» арман-аңсар шеттегі әр қазақтың басында бар. Редакцияны іздеп келген ақсақал әңгіме тиегін атажұртқа деген арман-аңсардан бастағаны тегін емес. Бала кезімізде Шыңжаң-Алтай өлкесіне аты шыққан әйгілі жырау Шәу айтты дейтін: «Әриайдай арбаның дөңгелегі, Елімнің кейін қалды бір бөлегі, Еліме кейін қалған барар едім, Орыстың қорқытады зеңбірегі» деп айтылатын бір шумақ жырды көп еститін едік. Қазір ойлап отырсам, осы төрт жол өлең – шетте жүрген бар қазақтың арман-аңсары екен.

 – Мені атажұртқа ынтық еткен бала күнгі аңсар-арманым, – дейді қандас қария. – 1963 жылы Ұланбатыр қаласындағы Ауыл­шаруа­шы­лық институтын агроном мамандығы бойынша бітіріп, 1970 жылы Украинаның белді білім ордасы А.Цюрупа атындағы ауылшаруашылық университетінде білім жетілдірдім. Содан үзбей 30 жыл Бай-өлке аймағының ауылшаруашылық мекемелерінде агроном болып қызмет атқардым. Осы аралықта Байнор көкөніс сұрыптау меке­месін­де әріптестеріммен бірге жергілікті өл­ке­нің табиғи ерекшелігіне бейімделген алманың жаңа сортын өндіру ісіне ат салыстым. Сөйтіп, жүр­генде 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жа­рия­лады. Кешікпей атамекенге көш басталды. Сары дала – Сарыарқаны бетке алған ұлы көш­тен қал­май кіндігімнен тараған 9 баламды же­тек­теп, арман болған, аңсарым ауған атажұртқа жеттім.

Ақсақал айтып отырған ұлы көштің ортасында біз де болған едік. Қазір ойлап отырсам, қилы заман, қиын кезеңге қарамай үдере тартқан моңғолиялық қазақтардың ісі ерлік екен. Басқасын айтпағанда, кең кеңселі қызметі мен лауазымды кәсібін тәрк етіп, несібесін айырып отырған жұмысын тастап, атажұртқа келіп, қара құрық ұстап отар қойдың соңынан салпақтау екінің бірінің қолынан келетін шаруа емес. Бұл тек атамекенге деген шынайы ықыластың, жоғарыда айтқан атадан келе жатқан арман-аңсардың нақты дәлелі.

 – Атамекенге алғаш табаным 1993 жылдың жазында бұрынғы Жезқазған облысы Ақтоғай ауданы Тоқырауын бойына тиді, – дейді ақса­қал. – Осы жерде табан аудармай жеті жыл қой бақтым. Шынымды айтсам, ешқашан қыз­мет сұрап қыңқылдамадым. Әйтпегенде, Украи­нада оқыды деген табақтай дипломым бар, оның бір кәдеге жарары хақ еді. Атам қазақ «қой жайғанның қоңы кетпейді» деді емес пе. Ең бастысы, аңсар болған, арман болған атажұртқа жеттім. Ұрпағымды ұлы далаға табыстырдым. Бұл – менің азаматтық парызым.

Ақсақал сексеннің бесіне шыққан жасына қарамай, тобылғы таяғын тықылдатып, елдің үні «Егеменді» іздеп келген. Жарықтық көрге кетпей тұрып, жұртыма аңсар сөзімді айтсам дейді. Бір қызығы, бұл ағамыз жан-жаққа жаңқаша шашылып кеткен ағайын-туысын қуалап бірнеше дүркін көшіпті.

 – Қос ғасыр тоғысқан 2000 жылы туыс-туғандарымды жағалап, Қостанай облысының Қостанай ауданы Озерный деген ауылына көшіп бардым. Мұнда төрт жыл ауыл имамы қызметін атқардым, – дейді қария.

Қараңыз, өткен шағы агроном, кешегісі қара­таяқ қойшы, бүгінгісі имам. Бұл – тәуелсіз­діктің елең-алаң ауыр жылдары шеттен көшіп келген әрбір қазақтың басынан өткен тағдыр. Басқасын айтпағанда, өз басым ешқашан журналист болам деп ойлаған емеспін. Бірақ аумалы-төкпелі тағдыр мені кешегі әскери маман артиллерист-офицерден қалам қуатын малданған тілші етіп шығарды. Сондықтан да өз басым қойшыдан имам болған қарияның тағ­дырын толық түсінемін.

– Қазір елордаға жақын ауылда кенже ұлым­­ның қолында тұрып жатырмын, – дейді ақса­қал. – Ежелден бері «Егемен Қазақстан» газетін үзбей оқып келемін. Бұл басылымды шетел­де жүріп 30 жыл, мұнда келіп тағы 30 жыл, бар­­лығы 60 жыл оқыдым. Келінім мектепте мұ­­ға­лім, сол бала жаздырып береді. Ата­мыз қазақтың «не ек­сең, соны орасың» дегеніндей, нені оқы­саң со­ның жан­күйері боласың. Менің алаң­дайты­ным, қазіргі жас буын газет оқымайд­ы. Қарайтыны – әлем-жәлем, алды бар, арты жоқ, шолақ дүниелер.

«Терін сатпай, телміріп, көзін сатқан, Шошимын кейінгі жас балалардан» деп Абай дана айтқандай, жеті мүшелдің жүзін көрген қария ретінде мені алаңдататын дүние осы.

Расында, қазіргі бейпіл ақпарат, бейдауа хабар халықты ақ пен қараны ажырату қабілетінен айыруда. Көпті көрген көнекөз қария дәл айтып отыр. Сөз соңында, ақсақалға әзіл-шыны аралас «Шеттен келіп, еліңізге не бердіңіз?» деген сұрақ қойдық:

 – Сенсеңіз, – дейді қария, – бұл елге алам деп келмедім, берем деп келдім.

 – Сонда не бердіңіз?

–  Азаттықтың арқасында атамекенде тамыр жайдым. Қазаққа қазақ қостым. Елге жетектеп әкелген тоғыз баламнан қазір 40 немере, 13 шөбере сүйіп отырмын. Бұл аз ба, көп пе, шырағым?!

 – Керемет! Қарашаңыраққа бір тайпа ел қосқан екенсіз, сізге және ұрпағыңызға Алланың нұры жаусын!