Елорда • 07 Қазан, 2021

«Ақылды қала» тұжырымдамасын іске асыруға көмектеседі

404 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық байланыс операторы елордада «ақылды қала» элементтерін енгі­зуге дайын. Осы және өзге де теле­ком­муникациялық жаңалықтар жайлы ком­пания басшысы Қуанышбек Есе­кеев түркітілдес мемлекеттердің ынтымақ­тастығы жөніндегі Түркі кеңесінің Smart Сity Nur-Sultan өңіраралық форумында айтып берді.

«Ақылды қала» тұжырымдамасын іске асыруға көмектеседі

Бұл «Қазақтелеком» мен астаналық әкімдіктің цифрландыру бағытындағы алғашқы бірлескен тәжірибесі емес. Компанияның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, былтыр ұлттық бай­ланыс операторы бас қаладағы денсаулық сақ­тау ұйымдарында орталықтандырылған бейне­бақылау жүйесін енгізуді бастап, бұл қоғам­дық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қой­май қаладағы ауруханалар мен емханаларда көрсе­тілетін қызметтердің сапасын жақсартуға септесті.

Жасыратыны жоқ, пандемия басталғалы бері елімізде медициналық көмекке дер кезінде қол жеткізу өзекті мәселеге айналды. Сонымен қатар қоңырау ағыны мен белгілі бір аурухананың жүктемесін, ондағы бос орындардың санын білу қиынға соқты. Дәл осы мәселелерді шешу үшін цифрландыру, яғни заманауи талдау мен жасанды интеллект жүйесін енгізу қажеттілігі туындады.

«Қазір компанияда Smart City желісін бас­қарудың көптеген тетігі қарастырылған. Оның ішіне IoT LPWAN желісі, дайын бұлтты бейне­бақы­лау инфрақұрылымы, Big Data, COVID каран­тиндік шараларын сақтау және бақылау құ­рал­дары, GPS мониторингі, бейнеконферен­ция, телемедицина және тағы басқалары кіреді. Біз ұсынған шешімдер басымдықтарды дұрыс анықтауға жә­не ұсынылатын қалалық қызметтердің сапасын жақ­сартуға және елорда тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Ал жергілікті басқару органдарына бұл бірнеше мүмкіндікке жол ашады», деді Қ.Есекеев.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, Ақмола облы­сындағы Ақкөлде Smart City жобасы бір­неше жыл бойы табысты іске асырылып жатыр. Тұ­тастай айтқанда, Ақкөл Қазақстанда бірін­ші болып Smart City технологияларын енгі­зуге мүмкіндік алды. Smart технологиялар­ды енгізу қалалық қызметтердің жұмысын оңтай­ландыруға және тұрғындардың өмір сүру дең­гейін жақсартуға септігін тигізуде. Мәселен, комму­налдық қызметтердің көрсеткіштерін жинау үшін пәтерлерді аралап жүрудің қажеті жоқ, деректер автоматты түрде жинақталады. Тұрғындар қолжетімді бейнебақылауды іске қосып, онлайн режімде бейнекамералардағы ақпаратқа қол жеткізе алады. Сонымен қатар «ақылды қала» шешімдері Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында және Түркістан қаласында қанатқақты жоба ретінде енгізіліп жатыр.