Оқиға • 07 Қазан, 2021

Талғарда экс-әкімнің соты өтіп жатыр

345 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысы Талғар ауданының пара алды деген күдікке ілінген бұрынғы әкімі Серікжан Ерекешевтің соты өтіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Талғарда экс-әкімнің соты өтіп жатыр

Қылмыстық іс сотқа шілденің соңында келіп түскен. Талғар аудандық сотының судьясы Еркебұлан Келімсейітов сот талқылауын 5 тамызға тағайындаған. Осы уақыттан бастап сот отырыстары жалғасып жатыр, соңғы сот отырысы 6 қазанда өтті.

Сотталушылар арасында ауданның бұрынғы басшысы Серікжан Ерекешевтен басқа ТКШ бөлімі басшысы Асқар Шамаев та бар. Олар алдын ала сөз байласу дерегі бойынша пара алды деген күдікке ілінген. Бұл айыпты Талғар аудандық прокуратурасының прокуроры Дамир Дарханбаев таққан.

«Сотталушылар Ерекешев пен Шамаев Қылмыстық кодекстің 366-бабы 3-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмысты жасады деп айыпталып жатыр. Бұл ауыр қылмысқа жатады. Бұл істі уақытша тоқтатуға,  прокурорға жолдауға еш негіз жоқ. Сотқа дейінгі тергеу барысында сот талқылауын тағайындауға кедергі келтіретін қылмыстық іс жүргізу заңын бұзуға жол берілген жоқ», делінген судья Келемсейітовтың қаулысында.

Оның айтуынша, айыптау актісінің көшірмесі сотталушыға уақытылы берілген. Сондай-ақ, Ерекешевке қатысты үй қамақ түріндегі бұлтартпау шарасы, Шамаевқа қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі жаза берілген.

«Адвокат тарапынан қылмыс құрамының болмауына байланысты Ерекешевке қатысты қылмыстық істі қысқарту туралы өтініш түсті. Сот оны қарап, өтініш қанағаттандырусыз қалдырылуы керек деп санады. Өтінішхатта көрсетілген дәлелдер негізсіз және басты сот талқылауында қаралады. Сотталушыларға қатысты таңдалған бұлтартпау шараларын өзгертуге негіз жоқ»,  делінген қаулыда.

Еске салайық, биыл ақпанның басында 48 жастағы Серікжан Ерекешевтің ұсталғаны белгілі болды. Оның орынбасары мен 38 жастағы ТКШ бөлімінің басшысы Асқар Шамаевтың да ұсталғаны хабарланған болатын. Шенеуніктерді орындалған жұмыстар актісіне қол қойғаны үшін мердігер ұйым директорынан 10 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінген.