Коронавирус • 07 Қазан, 2021

Пандемия һәм микросхема

298 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бұл екеуінің арасында қандай байланыс бар деп отырсыз ба? Байланыс бар. Одан да зорын айтайық, әлемді жайлаған дағдарысқа дәл осы екеуі тікелей себепші болды. 

Пандемия һәм микросхема

Пандемия технология саласында кеңінен қолданылатын микросхемалар мен жартылай өткізгіштерді өндіретін жетекші кәсіпорындардың қызметіне кері әсер етті. Бұл аздай жұмыс пен оқудың онлайн режімге көшірілуі электроникаға деген сұранысты шамадан тыс арттырып жіберді. Сөйтіп, бұл жағдай шатқаяқтап тұрған әлем экономикасын тығырыққа тіреп, жаһандық дағдарыстың белең алуына жол ашты.

Бұл жерде АҚШ пен Қытай арасын­дағы «сауда соғысының» да салқыны бар. Түрлі салалар арасындағы жоғары бәсе­келестік, кейінге қалдырылған сұра­ныс және жаппай локдаунға байланыс­ты жеткізілімнің үзілуі салдарынан жұ­мыс іс­теп тұрған кәсіпорындардың өндіріс­тік қуаты артып келе жатқан сұранысты қа­на­ғаттандыра алмайтын жағдайға жетті.

QazIndustry қазақстандық индус­трия және экспорт орталығының сарапшысы Әсет Жақыпбековтың айтуын­ша, микросхемалар мен жартылай өт­кізгіш өнімдердің жетіспеушілігі IT-са­лаға, электроника мен автомобиль өнер­кәсібіне ғана емес, сондай-ақ машина жасау, авиация, медицина секілді басқа да салаларға кері әсер еткен.

– Жартылай өткізгіштерді өндіру­шілер пандемия кезінде өздерінің жет­кізу тізбектерін тұр­мыс­тық электроника мен ме­ди­­цина секторына қайта бағ­дар­­лады. АҚШ-тың санкция­лары мен нарықта байқалған тап­­шылыққа байланысты Қытай ком­­паниялары өз қорла­рын құру­ға мәжбүр болды. Бұл өз ке­зегінде сұранысты уақыт­ша арттырды да. Әлемде қалып­тасқан жартылай өткізгіштер нары­ғының конъюк­ту­расы Қазақ­станда технологиялық өн­ді­рісті, оның ішінде тұрмыстық техника өндірісін іске асыруға әсер етуі мүмкін, – дейді Ә.Жақыпбеков.

Қазір жартылай өткізгіш өнімдер өндіруде Тайвань мен Оңтүстік Корея көш бастап тұр. Олардың процессор чипі нары­ғын­дағы жалпы үлесі шамамен 83 пайызды, ал жад чиптері нары­ғындағы үлесі 70 пайызды құрайды. Бұл нарықтағы көшбас­шы кәсіпорын – Taiwan Semiconductor Manufacturing Com­pany (TSMS) компаниясы. Бүгінде жартылай өткізгіш нарығының 54 па­йызын осы компания иеленіп отыр. Оның бәсекелесі – оңтүстіккореялық Samsung Electronics. Бұл компа­нияның жалпы нарықтағы үлесі 17 пайызға тең.

Ә.Жақыпбековтің айтуынша, әлем­нің жекелеген аймақтарын­да микрочиптер өндірісін жергіліктілендірудің көп­жылдық үрдісі ірі тұтынушыларға соқ­­қы боп тиген. Сол себепті қазір­гі жағ­­дай әлемнің көптеген ел­дерін өз өн­­дірісін құру туралы ой­лануға мәж­­­бүр етті. Intel Corp, Qualcomm Inc және Advanced Micro Devices Inc секіл­­ді мик­ро­схема өндіруші амери­ка­­лық ком­паниялардың атқарушы ди­рек­­тор­­лары АҚШ Президенті Джо Бай­ден­ді ішкі өн­дірісті қолдауға, елдің инно­ва­­ция­дағы ар­тық­шылығынан айы­рылып қалмауға ша­­қыруы да тегін емес. Жартылай өт­кіз­гіштер өнеркәсібі қауымдастығы АҚШ әкім­шілігін ынталандыру пакетіне грант­тар немесе салық несиелері түрінде жа­рты­лай өткізгіштерді өндіруге ынталан­дыруды қаржыландыруды қосуды ұсынып отыр.

– АҚШ жартылай өткізгіш­тер­дің жергілікті өндірісін дамытуды ынталандыру үшін 54 млрд доллар көлемінде суб­си­дия бөлуді жоспарлауда. TSMC қазірдің өзінде Аризо­нада зауыт салып жатыр. Ал Intel және Samsung Electronics құрылысты бастау жөнін­дегі жоспарларын жариялады. Со­нымен қатар сыртқы жеткізу­ші­­лерге тәуелділікті азайту үшін Еуропалық комиссия Еуро­палық микроэлектроника альян­сын құруды жоспарлап отыр. Оған Еуропаның ең ірі мик­ро­схема өндірушілері, сондай-ақ автоөндірушілер мен телеком­му­никациялық компаниялар кіруі мүмкін, – дейді QazIndustry сарапшысы.

Еуроодақ негізгі салалар бойынша АҚШ пен Азияның технологияларына ғана сүйенбеу үшін Еуропада жартылай өткізгіш шығаратын алдыңғы қатарлы зауыт салуды қарастыруда. 2020 жылдың соңында Еуроодақтың 17 елі декларацияға қол қойды. Онда салаға 145 млрд еуро инвестиция салуға және оны 2 нанометрге дейінгі процессорларды дамытуға жұмсау міндеттелді.

Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының мәліметінше, Қытай 2025 жылға қарай жартылай өткізгіштерді өндіруге арналған жаб­дыққа деген қажеттілігінің 70 па­йы­зын өз кәсіпорындары есебінен қам­тамасыз етпек. Тиісінше, импорт ар­қылы өтелетін қа­лған қажеттілікті жыл сайын төмен­детіп отырмақ. АҚШ тех­нологиясынан тәуелсіз болуы үшін Қытай 2025 жылға дейін жоғары техно­ло­гия­лар саласына 1,4 трлн доллар қар­жы инвестициялауды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар Қытай жоспарлы түрде жоғары білікті мамандарды тартып жатыр. Аталған елдің Quanxin Integrated Cir­cuit Manufacturing (QXIC) және Wu­han Hongxin Semiconductor Manu­fac­turing Co (HSMC) сияқты екі ком­пания­­сы TSMC-тен 100-ден ас­там тәжі­рибелі инженер мен ме­нед­жерді жұмысқа шақы­рып, олар­ға TSMC-тің жылдық жал­ақы­­сынан 2-2,5 есе көп қызмет пакеттері мен бонустар ұсынған.

Осы орайда, Қытай «Жарты­лай өткізгіш импортты алмастыру» бағдар­ламасын іске асы­ру үшін пайдаланылатын қара­жатты жинақтау мақсатында арнайы қор құрғанын атап өткен жөн. Бұл «Үлкен қор» – Big Fund деп аталады. Бірінші кезекте, қордың көмегімен Naura, Advan­ced Micro-Fabrication Equip­ment, Hwatsing, ACM Research, Mattson Technology және Shanghai Micro Electronics Equipment секілді электроника өндірісіне арналған жабдықты жеткізушілер қаржы­ландырылады.

– Қытай тікелей жартылай өткізгіш­тер өндірісінде көшбас­шылардың бірі болса, жарты­лай өткізгіштерді өндіру­ге қажетті технологиялар мен жаб­дық­­тар тұрғысынан негізгі жетістік­тер АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея және Еуроодаққа тиесілі. Қытай кәсіп­орын­дары 28 нанометрді игеру үшін қажет­ті жабдықтар мен техноло­гия­лардың тек 20 пайызын қамтамасыз ете алады. Қалғанын импорттауы керек. Мысалы, Нидерландының ASML компаниясы микроэлект­рон­дық өнеркәсіпке арналған фото­ли­тографиялық жүйелер­дің ірі өн­дірушісі болып саналады. Олар­­дың негізінде АҚШ тех­но­­ло­­гиясы жатыр. Ол TSMS және Sam­sung Electronics компания­сын қоса алғанда, жартылай өткіз­гіш компоненттерін өндіру­ші­­лер­дің көпшілігін лито­графия­лық жабдықпен қамтама­сыз етеді.

Бүгінде жартылай өткізгіш­тер өнер­кәсібі өндіріс пен техно­логия­ны дамы­туға үлкен қа­ра­жат салатын әлем­нің бірнеше дамыған елдері ара­сын­­­да­ғы бөлінген өндіріс тетігі сана­лады. АҚШ, Еуроодақ, Қытай, Оң­түстік Корея және Жа­пония жартылай өткізгіш­­тер на­рығынан берік орын алған. Тұтыну көлемі аз екені ес­керіле оты­рып, Ресей алдың­ғы қа­тарлы компоненттер­мен «қал­дық прин­ципіне» сәйкес қамтамасыз етіледі. Жартылай өткіз­гіш өнім­дер­дің жаһандық жетіс­пеу­­шілігі ендігі жерде өндіру­ші­лердің үлкен нарықтарға басым­дық бергізуіне жол ашады.

Жартылай өткізгіш өнімдер­ді сату­дың жалпы көлеміндегі үлесінің азды­ғына байланысты ав­тоөндірушілер тап­сырыс беру­шілер арасында кезектің соңын­да қалды. Әлемдік автоин­дус­­трия жыл сайын 37 млрд дол­­ларға жартылай өткізгіш­тер­­ді сатып алса, бір Apple ком­па­­ния­­сының өзі жыл сайын оған шамамен 56 млрд доллар жұмсайды.

Осы жағдайдың алдын алу мақ­сатында Ресей өз аумағында жартылай өткізгіштер өндірісін оқшаулау мүм­кіндігін қарас­тыру­да. 2020 жылдың ба­сын­­да Ресейде электронды өнеркә­сіп­ті дамытудың 2030 жылға де­йінгі стра­те­гиясы бекітілді. Бағ­дарлама 2030 жыл­ға қарай қалың­дығы 7 және 5 нанометр­ге дейінгі микросхемалар өндірісін жол­ға қоюды мақсат тұтып отыр. Ресей Үкі­меті осы мәселелерді шешу үшін 2024 жыл­ға дейін шамамен 266 млрд рубль бөл­мек. Бүгінде Ресейде негізінен 130 нано­метр­лік жартылай өткізгіштер шығарылады.

Ә.Жақыпбековтің айтуынша, әлемнің жекелеген аймақ­тарын­дағы өнді­рісті оқшаулау көп­теген елді шетел­дік жет­­кі­зі­­лімдерге тәуелді ете түсті. Бір­қатар ел өз өндірісін дамы­ту­­ға көңіл бөліп, озық зерттеулерге инвес­ти­ция салады деген болжам бар. 

– Микрочиптердің жаңа заманауи жоғары технологиялық өндірісін жа­ңадан бастау тым қым­бат және тех­никалық тұр­ғы­дан күрделі. Жартылай өткізгіш­тердің жеке өндірісін құру үшін заманауи жабдықтары мен тех­нологиялары, білікті инженер­лері мен мамандары бар қо­мақты қаржылық салым­­дар­ға қол жеткізе алатын ірі ха­лық­ара­л­ық компанияны шақыру қажет. Semiconductor Industry Association баға­лауы бойынша ор­таша есеппен 14-16 на­но­­метр­лік өнімді шығаратын зауыт­қа 13 млрд доллар, 10 нанометр­лікке – 15 млрд доллар, 7 нано­метрлікке – 18 млрд доллар, 5 нанометрлікке 20 млрд доллар қажет, – дейді Ә.Жақыпбеков.

Электроника саласындағы зерттеу­лерге салынатын инвестиция да артып келеді. Бүгінгі таңда жартылай өт­кіз­гіштер сала­­сындағы зерттеулер мен әзір­­­ле­мелер көлемі фармацевтика­дан кейін екінші орында тұр. Мәсе­лен, ТЅМС 2021 жылға озық ли­то­­графиялық технология­лар­ды игеруге шамамен 20 млрд дол­­­лар көлемінде қар­жы жос­пар­­лаған. Оның басым бөлігі 3 на­но­метрлік технология­ға бағытталады.