Медицина • 07 Қазан, 2021

Дерттің дауасы – дұрыс диагноз

616 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазіргі уақытта ересектер түгіл, кішкентай сәбилерде сан түрлі ауру бар. Сирек кездесетін орфанды сырқаттар, қатерлі онкологиялық аурулар, тіпті атауын өмірі естіп білмеген дерттің түрлері тіркеліп жатыр. Сондай жан қысылғанда бауыр етінің өмірін сақтаймын деген ата-аналардың күні дәрігерлерге қарайды. Бұл жерде ең бастысы – диагноздың дұрыс айқындалуы. Диагноз дұрыс қойылғанда ғана оң ем жасалынады. Дәрігерлерді адастырмас маяктай диагноз анықтауда, тағдыршешті мәселеде турасын айтар патологтер жұмысы – бүгінгі әңгіменің өзегі.

Дерттің дауасы –  дұрыс диагноз

Нұр-Сұлтан қаласындағы Universitical Medical Center кор­по­ра­­тивтік қоры «Ана мен бала» ұлт­тық ғылыми орталығының патоморфология бөлімшесіне аяқ басқа­ны­мыз сол еді, өте бір маңызды сәтке тура келіппіз. Зерттеуші лаборант қыздың алдында теннис добының үлкендігіндей сырты қара қошқыл домалақ бірдеңе жатыр.

– Кішкентай балаға операция жасалып жатыр. Мынау – содан алынған материал. Қазір 15-20 минуттың шамасында «бұл домалақ қандай сипатта, қатерлі ме, қатерлі емес пе?» деген алғашқы тоқтамын айтуымыз керек. Егер зілді дүние болса, аумағына қалай әсер еткен, соның барлығын тазарту керек пе, әлде сыпырып алып тастамай өзге емге көне ме, соны айту маңызды, – дейді.

Қыздар қимылы әбжіл көрінді. Бірі өткір пышақпен биопсия жа­сауға жіберілген денеден аса ыж­да­ғат­тылықпен жұп-жұқа етіп кесіп, шынының астына орналастырып жатса, енді бірі кішкентай дегеннен гөрі ұсақ контейнер дейтіндей ыдысқа салып орналастырып, енді бірі жасушаларды химиялық бояу әдісімен зерттейтін жұмысына кіріскен. Қат-қабат, қым-қуыт болғанымен күн­де­лікті атқа­рылатын, үйреніскен қа­лыпты жұмыс екені айқын аңға­ры­лады.

Жоғарғы санатты дәрігер, бө­лім­ше меңгерушісі Бақытқали Ибраи­мов­қа бұрылып:

– Пациент үшін ең маңызды нәрсе – диагноздың дұрыс қойылуы. Осы тағ­дыршешті жұ­мыс қалай атқа­ры­лады? Жаңа өздеріңіз көрсеткен гисто­ло­гия­лық кесіндіні алудың бір­неше тех­но­логиясы бар шығар? Сон­дық­тан осы жұ­мыстарыңыздың жайымен бөлі­сіңіз­­ші, деп өтіндік.

– Дұрыс айтасыз, – деп бастады әңгімесін Бақытқали Әбдіғалиұлы. – Клиникаға түскен әр пациенттен қан, зәр сияқты көптеген қосымша анализ алынып, талдамалар жасалады. Бірақ бұл тым жеткіліксіз. Ал нағыз нақты және қорытынды диагноз қоятын бұл – морфология әдісі, біздің саламыз. Шынында, мұның қыр-сыры өте мол. Биопсияны тексеру – атқаратын жұмыстың 95 пайызы, яғни негізгісі. Біз клиникалық патологтер – ауруларды, науқастарды көрмесек те, соларға тікелей диагноз қоюшылармыз. Ана мен бала орталығында жанға бататын дүние – балалар онкологиясының 5 бірдей бөлімшесі болуы. Яғни онкоаурулардың түрі де, саны да аз емес. Осы бөлімшедегілер біз диаг­­­ноз­ды анықтамай, ем бастамайды. Өйт­кені әр аурудың түріне арналған хаттама бар. Мысалға, бала лимфома деген лимфа безінің қатерлі ісік ауруы­на шалдықты. Оның «Т» және «В» жасушалы түрлері бар да, оның осы бөлінісіне қарай емі де екі түрлі. Ал лимфоманың қай жасушалы тү­ріне жататынын анықтайтын – біз. Сондықтан онкологтер біздің тұжы­рым­ды асыға күтіп отырады. «Не істейміз, мына бала қатты ауырып жатыр, жансақтау бөліміне түсіп қалды, емнің қай түрін бастарымызды білмей отырмыз», деп хабарласады.

Сондай-ақ Б.Ибраимовтің кейде микроскоппен қарап отырып, хирургке хабарласып, «Мына ісікті қалай алдыңыз, қай жерде өсіп жатыр, жан-жағына таралып жатқан жоқ па, метастаз бар ма, жоқ па?» деп мұқият анықтайтын кездері де болады екен.

Мамандардың айтуынша, онкологияда диагноз қоюда соңғы кезде қолданылатын озық әдістің бірі – иммунногистохимия. Мысалы, патогистология жасушаны қарап, «мынадай табиғаты бар, қатерлі, қатерлі емес» деп анықтап бере алады. Емнің әрі қарай жүруінде бұл да аздық етеді екен. Ал иммунногистохимия – дерттің табиғатына тереңірек зерттеу жүргізетін әрі қаражатты да көбірек қажет ететін әдіс.

– Лаборанттар биоматериалды бояп берген соң микроскоппен тағы қараймыз. Сонда жоғарыда айтып кеткен лимфомадағыдай оның түріне байланысты боялған жасушаның тобы қай реагентке жауап береді, яғни қайсысына боялып шығады, сол арқылы қандай топқа жататынын анықтаймыз. Сөйтіп мынау «Т» жасушалы, мынау «В» жасушалы түрі деп дөп басып айта аламыз. Иммунногистохимияны елордада алғашқылардың бірі болып бастадық. Сол арқылы әйелдердің сүт безінің қатерлі ісігін анықтап, емдеуде жетістіктерге жетіп жүрміз. Бұл ретте де иммунногистохимия көмекке келеді. Жалпы, әр ағзаның өз ерекшелігі, ауруға күрес қабілеті әртүрлі болады. Иммунногистохимия осы ретте үш түрлі жолдың қайсысын таңдауды ашып береді. Алдымен операция жасап, содан кейін химия мен сәуле арқылы емдеу керек пе, әлде операциясыз ем түрін таңдай ма, әуелі қайсысы тиімді деген сауалға жауап табатын да – осы әдіс. Мысалы, ісік эстроген гормонына тәуелді екен, сондықтан бірінші гормонды ем беріңіздер, ал кей жағдайда гормонды елемейді екен, сондықтан гормонсыз жол таңдау қажет болады делінеді. Сондай-ақ қатерлі обыр жасушалардың қандай жылдамдықпен агрессивті түрде көбейетінін немесе баяу дамитынын да осы әдіс анықтайды. Емдеу тактикасы да осыған байланысты түзіледі. Бұл да арзан дүние емес. Осы орайда Үкімет тарапынан қажетті препараттармен, аппараттармен қамтылу жағына шүкіршілік айтамыз. Әлемде диагноз қоюда қандай озық әдістер бар, соларды меңгеру үшін шетелдерге барып, оқып та келдік, – дейді Б.Ибраимов.

Клиникалық патологтердің ай­туын­­ша, қазір ішек ауруларының түрі мол. Оған балалар да, ересектер де ұшы­рап жатады. Тоқ ішектен, ащы ішек­тен, тік ішектен алынған биома­те­риалдарды қарап, табиғатын әрі қа­райғы емін анықтау, бедеулікпен кү­ресте де әуелі жатырдан қырынды алып тексеріп, қажет болса ерінен де биоматериал алып, қандай жолмен емделу керектігі анықталатын көрінеді.

Жұмыстарына жан-тәнімен беріл­ген маманмен әңгіме қашанда бау­рап әкетеді емес пе. Бақытқали Әбдіға­ли­ұлы да сондай жанның қатарынан екен. Салаға қатысты өз пікірін ашық айтатын оның жұмыс барысында облыс орталықтарына, аудандарға комиссия құрамында жолы түседі. Сонда ондағы жабдықтардың артта қалғанын, өте кішкентай кас­се­талық контейнерлердің жоқты­ғы­нан оны ағаштан қиып, жонып жасалған түрлерімен зерттеу жүргізіп жатқанын көріп, жаны ауырғанын алға тартты.

– Сосын біздің салада еңбектенудің қызығымен қатар қиындығы да шаш етектен. Мәселен, уролог, нефролог­тар бүйректі, кардиолог жүректі, нев­ролог жүйке жүйесін, гинеколог, маммолог өз ісіне ғана бойлап жү­ре­тін болса, патолог жұмысының аясы өте кең. Адам ағзасына қатыс­ты аурулардың барлығын біліп отыр­ма­саңыз, диагноз қоюда іркілесіз. Сондықтан көп білімді, ізденуді, уақытты, тәжірибені қажет ететін бол­ғандықтан бұл саланы таңдайтын жас­тар аз. Биопсияға алынған материал ә дегеннен формалин ертіндісіне салынғаннан бастап, химиялық реагенттермен күнбе-күн жұмыс істейтін болғандықтан, денсаулыққа да әсері бар. Сол себепті өзге мамандарға қарағанда, біздің еңбек демалысымыз ұзақ әрі күнделікті жұмыс күніміз де қысқарақ болады, – деді Б.Ибраимов.

Сонымен қатар Бақытқали Әбді­ғали­ұлы өздерінің клиникалық патолог екенін, аутопсияны өте сирек жүргізетінін атап өтті. Әлемде мемлекеттің әлеуеті сол елдегі балалар мен ана өлімінің көрсеткішіне қарап бағаланады. Мысалы, Жапония, Норвегия елдерінде мұндай көрсеткіш өте төмен. Елімізде Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы бойынша 1 жасқа дейін шетінеген сәби мен ана өлімі болса, мәйітке міндетті түрде аутопсиялық зерттеу жасалады. Сол арқылы сырқаттың ағза­сындағы қандай қайтымсыз морфологиялық өзгерістер болғаны, ем бағытының дұрыс-бұрыстығы анықталады. Бұл маман дәрігердің «қандай жайтқа назар аудару керек, операциядан кейін мынадай асқынулар болыпты, болашақта басқаша қарау керек» деген ұйғарымға келуі үшін қажет. Жалпы, адам саулығының күзетінде тынбай еңбек етуші, үнемі ізденіс үстіндегі патологтердің диагноз қою­дағы қызметінің маңызы зор.