Қазақстан • 08 Қазан, 2021

Минасыздандыру туралы келісім ескертпемен бекітілді

260 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар ТМД-ға мүше мемлекеттер Қарулы Күштерінің қызметіне қатысты келісімді ратификациялады.

Минасыздандыру туралы келісім ескертпемен бекітілді

Атап айтқанда, отырыста «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қарулы Күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралып, қабылданды.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Қарулы Күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесі туралы келісім 2020 жылғы 18 желтоқсанда жасалған.

«Келісімнің мақсаты – гуманитарлық минасыздандыру міндетін орындау үшін бірлескен бөлімшені құру, қолдану, оның мәртебесін айқындау. Бірлескен бөлімшенің негізгі міндеттері – мина алаңында, нысандарда мина жарылу қаупі бар заттардың болуына техникалық барлау, сондай-ақ оларды минасыздандыру, жауынгерлік іс-қимыл болған ауданды минадан және жарылу қаупі бар заттан тазарту», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Қорғаныс министрінің орынбасары Дарын Тұяқов.

Вице-министрдің айтуынша, гумани­тар­лық минасыздандыру операцияларына қатысу үшін ұлттық инженерлік бөлімшені жіберу туралы шешімді жіберуші тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес қабылдайды. Келісімде бірлескен бөлімшені ТМД-ға қатысушы мемлекет болып саналмайтын ел аумағында гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындауға тарту мүмкіндігі көзделген.

Мемлекеттердің гуманитарлық минасыздандыру бойынша өзара іс-қимылы әскери ынтымақтастықтың маңызды тетігі болып саналады. Бұл құжат мина алаңдарын техникалық барлаумен және оларды минадан тазартумен айналысатын бірлескен бөлімше қызметін қалыптастыру, қолдану және аяқтау тәртібін анықтайды.

Осы ретте келісімге БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандатына сәйкес біздің еліміз ТМД-ға мүше емес үшінші мемлекеттің аумағына ұлттық инженерлік бөлімшені жіберу туралы мәселені қарайтын ескертпемен қол қойылғанын атап өткен жөн.

Сенатор Нұржан Нұрсипатовтың айтуынша, мемлекеттердің гуманитарлық минасыздандыру саласындағы өзара іс-қимылы әскери ынтымақтастықтағы аса маңызды аспект болып саналады.

«Қазақстанның ТМД құрамына кірмейтін мемлекетке гуманитарлық минасыздандыруды атқару үшін Ұлттық бөлімшені жіберуді көздейтін ескертпе мемлекетіміздің мүдделеріне жауап беретінін атап өткен жөн. Миссияны халықаралық қоғамдастықтың мойындауы Қазақстан Республикасы үшін сыртқы саяси тәуекелдерді болдырмайды. Ке­лі­сім айқын гуманитарлық бағытқа ие, ал оны іске асыру ТМД кеңістігіндегі қауіп­­сіз­дік­ті, Қазақстан Қарулы Күштерінің машығы мен кәсіби деңгейін арттырады», деді депутат.

Сонымен қатар отырыс барысында депутаттар «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қарулы Күштерінің бірлескен (біріккен) байланыс жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Қарулы Күштерінің бірлескен байланыс жүйесі туралы келісім 2020 жылғы 29 мамырда жасалды. Құжатта қарастырылған негізгі міндеттерге Қарулы Күштерді басқару жүйесінде және олардың арасында талап етілетін байланыс қызметтерін ұсыну әрі ақпараттың барлық түрімен алмасуды қамтамасыз ету кіреді.

Сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тас­тығы форматында құрылған әскери саладағы өзара іс-қимылдың біріккен жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету көзделген. Бұдан бөлек, байланысқа, ортақ пайдаланылатын ұлттық байланыс желілері мен арнайы мақсаттағы байланыс желілерімен қажетті үйлесімділікке қойылатын талаптардың орындалуын қамтамасыз ету қарастырылған.

«Өкілетті орган өз мемлекетінің заңна­масына сәйкес, Бірлескен байланыс жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақ­сатында өзінің байланыс желісі ресур­сын пайдалана алады. Бірыңғай техни­калық тәсіл, қазіргі заманғы әскери техника­мен, байланыс жабдығымен басым түрде жарақтандыру негізінде құрылатын Бірлес­кен байланыс жүйесі мемлекеттер Қарулы Күштерінің жауынгерлік қабілетін арттырады», деді Дарын Тұяқов.

Сенатор Нұржан Нұрсипатовтың сөзі­не сүйенсек, келісім Қазақстан Респуб­ликасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңнамасына, Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттарға және Қазақстан қатысушысы болып саналатын халықаралық ұйымдардың шешімдеріне қайшы келмейді.

Сенаторлар байланыс жүйелерінің кепіл­дендірілген және тиімді жұмыс істеуін қам­тамасыз ету жолында күш біріктіру ТМД-ға мүше мемлекеттердің Қарулы Күштеріндегі басқарудың маңызды тетігі екенін айтты.

«Бүгін қабылданған екі заң Тәуелсіз Мем­лекеттер Достастығына мүше елдер ара­сындағы қауіпсіздік саласындағы ынтымақ­тастықтың жекелеген мәселелерін реттеуге бағытталған. Бұл келісімдер ТМД шең­берінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қам­тамасыз етуге үлесін қосады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.