Теннис • 08 Қазан, 2021

«Мастерс» турнирі басталды

161 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Теннистен АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұратын аса ірі халықаралық турнирдің шымылдығы түрілді. Әдеттегідей бұл жарыста кіл мықтылар ғана өнер көрсетеді. Ал ортаңқол ойыншылар бақ сынағысы келсе, онда оларға іріктеу турниріне қатысуға тура келеді. Сол сынақтан сүрінбей өткендер ғана үздіктермен күш сынасу мүмкіндігіне ие болады.

«Мастерс» турнирі басталды

Өзгелерді айтпағанда, атағы алысқа жайылған теннисшілердің өздері «Мастерс» санатына жататын айтулы турнирде өнер көр­сетуді үлкен мәртебе санай­ды. Себебі осы бәсекелерге қа­тысу арқылы ойыншылар әлемдік рейтингте жоғарылап қана қоймай, материалдық жағ­­­дайларын жақсарта түседі. Мәселен, биыл Индиан-Уэллс­тегі жарыстың жүлде қоры

8 359 455 АҚШ долларын құрап отыр. Тарқатып айтсақ, ерлер мен әйелдер арасындағы бас жүлде иегерлерінің әрқайсысы

1 209 730 доллардан алады. Ақ­тық сайыста жеңіліс тапқандар сол соманың тең жартысын иеленеді. Жартылай финалға жетсеңіз есепшотыңызға 335 мың доллар аударылады. Ширек финалға шық­қандар 175 мың долларды еншілейді. Төртінші және үшінші кезеңге жеткен ойыншыларға да тиесілі ақша аз емес. Оларға шамамен 92 мың және 52 мың доллар бе­ріледі. Тіпті осы додада бой көр­се­тіп, алғашқы айналымнан аса алма­ған жағдайдың өзінде 18 155 долларды қалтаға басасыз.

Жер-жаһанды жайлаған пан­демияның салдарынан былтыр бұл жарыс өтпей қалды. Ал 2019 жылы ұйымдастырылған додада ерлер арасында аустриялық Доминик Тим алдына жан салмады. Финалда ол даңқты Роджер Федерердің өзін 3:6, 6:3, 7:5 есебімен сан соқтырды. Әйелдер сайысында бас жүлде үшін тартыс германиялық Анжелика Кербер мен канадалық Бьянка Андрееску арасында өрбіді. Бұл бәсеке 6:4, 3:6, 6:4 есебімен Үйеңкі жапырақтар елінен келген қыздың пайдасына шешілді.

Биылғы жарысқа түрлі себептерге байланысты «ұлы үш­­тік» деген теңеу та­ғыл­ған Но­вак Джокович, Ра­фаэль На­даль және Роджер Федерер сынды саңлақтар қатыс­пай­ды. Осының алдындағы жеңім­паз Доминик Тим де бой көр­сет­пейтін болды. Бірақ одан жа­рыстың қызығы еш кеміп қал­майтыны анық. Себебі кортқа шығатындар қатарында басқа да жұлдыздар жетіп артылады. Олардың барлығы да Индиан-Уэллсте барымызды саламыз деп құлшынып отыр.

Турнирдің алғашқы күні Қазақстанның екі теннисшісі кортқа шықты. Юлия Путин­цева германиялық Андреа Пет­ковичтен басым түсті – 7:6, 6:1. Кеше Зарина Диас жапониялық Нао Хибиномен сайысса, Еле­на Рыбакина рейтингінің жо­ғарылығына байланысты жарыс­ты екінші кезеңнен бастайды. Ал Михаил Кукушкин ірік­теу сынының финалын­да аме­ри­калық Эрнесто Эскобедодан ұты­лып қалды – 2:6, 4:6.