12 Ақпан, 2014

Қаржылық өзгерістер экономиканы реттестіру үшін жасалады

349 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Улттык банк гимараты Кеше Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Алматыдағы ғимаратында банк төрағасы Қайрат Келімбетов елдегі валюта бағамында орын алған өзгерістерге байланыс­ты шұғыл баспасөз мәслихатын өткізді. KelimbetovK_212014 жылдың 11 ақпанынан бастап теңгенің бұрынғы деңгейін сақтап тұрудан, валюталық интервенциялардың көлемін азайту, теңгенің айырбас курсын құру үдерісінен Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі бас тартатындығы туралы шешім қабылдағанын мәлімдеген Қайрат Келімбетов осы уақытқа дейінгі елдегі қаржы саясатының аяқ алысы мен қазір туындап отырған шұғыл шешімнің маңыздылығына аз-кем тоқталды. Төрағаның айтуынша, айырбас бағамының ел экономикасы үшін маңыздылығын ескере отырып, соңғы жылдары Ұлттық банктің валюталық саясаты ұлттық валюта деңгейінің 145-155 АҚШ доллары көлемінде сақталынуына бағытталып, нәтижесінде бұл ұстаным елдегі экономикалық және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік берген. 2013 жылы Қазақстанның ІЖӨ-сі 6 пайызға артып, инфляция 4,8 пайызға кеміді. Осы кезең аралығында қол жеткізген ырықтандыру бойынша ең төмен көрсеткішті көрсетіп, еліміздің экономикалық тарихында өзіндік бір белес ретінде де жария болған-ды. Бұған қоса Қазақстан эконо­микасының жаһандық экономикамен тығыз байланысты екенін ескеріп, Ұлттық банк әлемдік қаржы және тауар рыноктарындағы жағдайды қаперден шығара алмайтындығын, көп уақыттан бері әлемнің бірнеше мемлекеттерінің ұлттық валюталарының АҚШ долларына шаққандағы бағамының өсу-кему үдерісін жіті бақылауда ұстағандарын айтады. «Біріншіден, жетекші дамушы елдердегі, оның ішінде БРИКС елдеріндегі жағдай. АҚШ-тағы «сапалық жұмсару» бағдарламасына сәйкес, қаржы дамушы елдерден дамыған елдерге ағылады, нәтижесінде осы елдердің валютасына қысым жасаумен жалғасып отыратындығы мәлім. Әлемдік экономиканың кейінгі дамуындағы белгісіздік үдерісінің әсерінен әлемдік қаржы және тауар рыноктарындағы өзгерістер артты», – деп мәлімдеді   брифинг барысында Ұлттық банк төрағасы. «Екіншіден, Ресей рублінің АҚШ долларына шаққандағы бағамына қатысты белгісіздіктер, яғни тұрақты қалыптаспаған жағдайлар орын алып отыр. Ресей Федерациясы Орталық банкінің Ресей рублін еркін айналымға жіберуінен соң 2013 жылы ол АҚШ долларына деген бағамы бойынша 7,1 пайызға әлсіреді. Ағымдағы жылдың қаңтар айында Ресей рублінің әлсіреуі тұрақты жалғасты», – деді ол. Сондай-ақ, үшінші себебінің Қазақстан банктерінің төлем қабілетінің жағдайымен байланысты екенін атап өтті. Бұған қоса, Қайрат Келімбетов ағымдағы операциялардың жағымды болуына қарамастан, пайдаланылатын тауарлардың импорты есебінен тұтыну қабілетінің өсіп жатқандығын да жеткізді. Төртіншіден, алыпсатарлық операция­лардың өсуінің әсерінен Қазақстан Респуб­ликасы экономикасында теңге бағамының өзгеруі артқандығымен және алыпсатарлық дүрбелең мен айырбас курсында болатын өзгерістердің алдын алу үшін Ұлттық банкке валюталық рынокқа жиі енуіне тура келетіндігімен түсіндірді. «Бесіншіден, құнсыздануды 3-4 пайызға дейін төмендету үшін базалық алғышарттарды құру үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі орташа шұғыл перспективада инфляциялық шектеуге көшуді жоспарлап отыр, яғни ол айырбастау бағамын қатаң түрде реттеуді тоқтатуды ойластырып отыр. Жүргізілген сараптамалық жұмыстардан кейін доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 185 теңге болып қалады  және біз оны сақтап қалуға тырысамыз»,  деп атап өтті Қайрат Келімбетов. «Жалпы, мұндай өзгерістер теңгенің айырбастау бағамының бәсекеге қабілеттілігін жақсартып, соған сәйкес, Қазақстан Республикасы тауар өндірушілерінің – сарапшылардың, сонымен бірге, импорт алмастырушы өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін жақсарту үшін жасалып отыр. Бұл біздің өндірушілерге Кеден одағы аясында олардың позицияларын жақсартуға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді Ұлттық банк төрағасы. Баспасөз мәслихатында Қайрат Келімбетов теңгенің айырбас бағамының сыртқы бәсекеге қабілеттілігін орнына келтіру, сондай-ақ Қазақстан экономикасының сыртқы сауда балансын және отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қолдау мақсатында Ұлттық банктің валюталық саясатына өзгерістер енгізуді қажет ететіндігін мәлімдеді. Сонымен қатар, елдегі қаржы мәселесіндегі оқыс өзгерістерді ескере отырып, Ұлттық банк теңгенің жаңа бағамы 185 АҚШ доллары төңірегінде болатындығын және осы бағамды ұстап тұруға барлық жағдайдың жасалатындығын баса айтты. Сондай-ақ, қаржылық өзгерістер қаншалықты әсер етсе де, әзірге 20 мың теңгелік валютаның айналымға шығуы туралы ақпараттың жоқ екендігін де еске салды. Теңге бағамының ұзақ мерзімдік тренді, Ұлттық банк бұған дейін хабарлағандай, іргелі ішкі және сыртқы макроэкономикалық факторларға қатысты болады. Және де  бұл қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша жүргізілетін валюталық интервенциялардан бас тарту деген сөз емес екендігін, қаржы рыногы мен экономикада тұрақсыздықты болдырмау және шапшаң өзгерістер мен айырбас бағамындағы қысқа мерзімді өзгерістерді жұмсарту мақсатындағы Ұлттық банктің саясаты жалғасатындығына арнайы тоқталды. Ал теңгенің айырбас курсындағы ұзақ мерзімді тренд макроэкономикалық жағдайларға сай түзілетін болады. Ұлттық банктің есептеуінше осы бағамнан соң алыпсатарлық болжамның әлеуеті азаймақ. Бас банкирдің пікірінше, кейінірек айырбас курсындағы өзгерістер бойынша валютаның күшеюі де, әлсіреуі де болуы мүмкін, бұл әлемдік экономикадағы жағдайға байланысты болатын мерзімдік құбылыс. Ұлттық  банк қазіргі валюталық операциялар режіміне ешқандай тосқауыл қоймай, 2014 жылдың 11 ақпанынан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі айырбас пункттеріндегі шетел валютасын теңгеге сату-сатып алу бойынша мынадай болжамды енгізетіндігін жариялады. Мәселен, АҚШ долларына  – 2 теңге, еуроға 3 теңге шамасында айырмашылық болуы мүмкін. Бұдан өзге, Ұлттық банк төрағасының айтуынша, төлем жүйесінің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етуді және Ұлттық банк тарапынан өзге банктерге қажетті қысқа мерзімді қаржыны алдын ала бекітілген кепіл бойынша бере беруін жалғастырады. Ұлттық банк және банктер тарапынан айырбас пункттері тиісті шетел валютасымен қамтамасыз етіледі. Екінші деңгейлі банк­тердің аймақтардағы филиалдары қазіргі таңда қажетті деңгейдегі шетел валютасына ие. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов айырбас курсындағы өзгерістердің нәтижесінде Қазақстан Республикасы экспорттық және экономиканың импорт алмастыру салаларында жұмыс істейтін отандық кәсіпкерлер мен тауарлардың бәсекеге қабілетті жағдайлары жақсарады деп сенім артып отыр. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. ____________________________ Алматы қаласы әкімдігі хабарлайды: Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов теңге бағамындағы өзгерістерге байланыс­ты Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі жасаған мәліметтерге орай қала аумағында орналасқан сауда орындары мен халыққа қызмет көрсету нысандарында жасанды түрде баға өсіру әрекеттерін қатаң қадағалауды тапсырды. Жекелеген кәсіп иелері тарапынан келеңсіздіктер туындамас үшін елдегі монополиялық заңдылықтар аясында бақылау орнатуды және қаладағы жағдай туралы тәулігіне екі мәрте қала әкіміне баяндап отыруды жүктеді.