12 Ақпан, 2014

Теңге бағамы бақылауда

270 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Кеше Алматыда Ұлттық банктің төрағасы Қайрат Келімбетов теңге бағамы долларға шаққанда 1 АҚШ доллары 185 теңге болып белгіленгенін жариялады. Бұған дейін 1 доллар 150-155 теңгеге бағаланып келгені мәлім. Осыған орай кеше түстен кейін Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізді. Алдымен айтарымыз, «Сабыр түбі сары алтын» дегенге жүгінген екі министр де теңгенің жаңа бағамына орай дүрбелеңге ұрынуға негіз жоқ екенін тілге тиек етті. Тіпті, теңгенің құнсыздануының елімізден экспортталатын тауарлардың бағасына жақсы әсері болатынын алға тартты. Сондай-ақ, бюджет түсімі де біршама артатын көрінеді. Журналистер алдында сөз алған Б.Сұлтанов негізі бұл шара Ұлттық банктің құзырындағы іс екенін айта келіп, осы мәселеге қатысты өз пікірін білдірді. – Бәріңізге белгілі, ұлттық валютаның бағамы 20 пайызға төмендеп, 1 АҚШ доллары 185 теңге болып белгіленді. Мәселенің бұлай орын алуына әлемдегі болып жатқан жағдайлар мен көрші елдердің ұлттық валюталарының құнсыздануы себеп болып отыр. Ал Үкімет осы жағдайға орай теңге бағамының түзетілуіне қатысты бағалау жұмыстарын жасап шықты. Ол бойынша ішкі жалпы өнімге және әлеуметке тигізетін әсерлерін зерттеп, зерделей бастадық. Осы зерттеулердің нәтижелеріне қарасақ, теңге бағамының түзетілуі ішкі жалпы өнім­нің өсуіне жақсы әсері болады. Атап айтқанда, елдегі тауар­ өндірушілердің экспортқа шығаратын өнімдерінен түсетін пайда айтарлықтай көбейетін болады. Соның негізінде бюджет түсімі де молаятыны анық. Шындығына келсек, бұл жағдайдың инфляцияға тигізетін әсері де Үкіметтің жіті назарында. Естеріңізде болса, 2009 жылы теңге 25 пайызға төмендеген кез­де инфляция бар-жоғы 7 мен 6 пайыз аралығында болып,­ аса ауыр тимегені белгілі. Бұйырт­са, бүгін орын алған бағам түзетуде инфляция деңгейі 6 мен 8 пайыз аралығындағы дәліз­ден шықпайтын болады. Бұл­ сандар нақты зерттеулер негі­зінде айтылып отырғанын ес­кер­ген жөн. Енді әлеуметтік төлемдерге тоқталатын болсам, ағымдағы жылдың басынан­ бас­тап, зейнетақы 9 пайызға өс­ке­ні мәлім. Бұл жаңа айтқан 6 мен 8 арасындағы 7 пайызға қосымша 2 пайыз деп алдын ала жоспарланған болатын. Басқа әлеуметтік төлемдер 7 пайызға көбейіп жатыр. Бәрін түйіндеп айтқанда, бюджеттік түсімдер анықталып, реттелген соң бұл жағдайлар орнығып, инфляция деңгейі тым қатты көтерілмей бір қалыпқа келеді деп ойлаймыз, деді Қаржы министрі. Үкімет басшысының орынбасары ұлттық валютаның бағамына әсер еткен себептерді де жіліктеп шықты. Қазақстан экономикасы жаһандық экономикамен тығыз байланыста. Осыны үнемі ескерген жөн екен. Сондықтан Ұлттық банк әлемдік қаржы және тауар рыноктарындағы жағдайды қаперден шығара алмайды. Осыған тоқталған Қаржы министрі теңгенің бағамының түзетілуіне ықпалы болған себептерді атап айтты. «Біріншіден, дамушы елдердегі, оның ішінде БРИКС елдерінде орын алған жағдай басты себеп болды. АҚШ-тағы «сапалық жұмсару» бағдарламасы бойынша, қаржы дамушы елдерден дамыған елдерге ағылады. Бұл жағдай осы елдердің валютасына қысым жасауға ұласады. Дүние жүзіндегі экономиканың дамуындағы белгісіздіктің әсерінен әлемдік қаржы және тауар рыноктарындағы өзгерістерде жиілеп, бірқатар елдердің ұлттық валютасының бағамына өз әсерін тигізіп отыр. Екіншіден, Ресей рублінің бағамына қатысты белгісіздік орын алды. Көрші елдің Орталық банкі Ресей рублін еркін айна­лымға жібергеннен кейін 2013 жылы ол АҚШ долларына шақ­қанда 7,1 пайызға әлсіреді. Ағым­дағы жылдың қаңтар айында Ресей рублінің әлсіреуі жалғасын тапты. Үшіншіден, бұл – өз еліміздегі төлем балансының жағдайы. Ағымдағы операциялардың жағымды болуына қарамастан, пайдаланылатын тауарлардың импорты есебінен импорт өсіп жатыр. Төртіншіден, алыпсатарлық операциялардың тым көбеюінің салдарынан ел экономикасында  бағам өзгерістерін күту үдерісі жоғарылады. Алыпсатарлық дүрбелең мен айырбас бағамының алдын алу үшін Ұлттық банкке валюталық рынокқа жиі енуге тура келеді», деп қорытты сөзін Б.Сұлтанов. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Е.Досаев сөзін мұндай жағдай әлемнің барлық елдерінде орын алып жататындығымен бастады. Әйт­кен­мен, әр азамат немесе іскер адам кез келген жағдайға үнемі дайын болуы керектігін еске салды. Ал Үкімет теңгенің бағамының түсуіне байланы­с­ты бірқатар ауқымды шаралар­ды­ қолға алғанын айтты. Тіпті, теңгенің бағамы өзгеруінен биыл бюджетке түсетін пайданы да ша­малап қойыпты. Нақты сан­ға жүгінсек, республикалық кі­ріс бір жылда 13 млрд. теңге кө­ле­мінде болмақ. Бұл түсім мұнай мен газ шикізатынан және Байқоңыр ғарыш айлағынан келеді екен. Ел экономикасының тұрақты дамуына тоқталып, орын алған жағдайдың көп қиындық туындамайтынын айтқан министр, десе де қызмет көрсету саласында аздап қымбаттау болатынын жеткізді. Баспасөз мәслихатының сұрақ-жауап бөлімінде қойылған сұрақтар да көп болды. Бүгіннің өзінде бұқаралық ақпарат құрал­дарына көптеген ақпарат жетіп үлгеріпті. Қазіргі күнде жағ­дай­ды пайдаланып, дүрбелең туғы­зып жатқандар да жоқ емес көрінеді. Бұл дүрбелеңге орай Е.До­саев­ теңге бағамына қатыс­ты­ жағдай бiрнеше күннiң iшiн­де тұрақталатынын айтты.­ «Ал­ғаш­қы күндерi мұндай жағдайдың орын алуы – заңдылық. Қазiргi уақытта валюта айырбастау пунк­ттерінде валюталардың жоқ­ екендiгiн маған айтып жатыр. Жағдай тұрақталатын бола­ды. Кейбiреулер халықтың нарықта болып жатқан жағ­дайды дұрыс түсiнбегенін пайдаланып, қосымша табыс табуды мақсат етiп, жанталас әре­кеттер жасап жатыр», дедi министр. Келесі бір сұрақ, «Тұр­ғынүйқұрылысжинақбанк» АҚ-қа қатысты болды. Тілшінің білгісі келгені, аталған банкке салымшылар салымын теңге күйінде салады. Ал пәтерлер АҚШ долларымен бағаланады. Осы арада салымшылардың салған теңгесінің құны не болмақ? Осынау салымшылар қаражатына салынып жатқан үйлердің бағасы тым қымбаттап кетпейді ме? Бұл жағдай осы тұрғыда Үкіметті де алаңдатып отырғанын айтқан Е.Досаев бұл мәселе таяу күндерде Үкіметтің арнайы отырысында талқыланып, өз шешімін табатынын жеткізді. Десе де, салымшылардың ұтыла қоймайтынын нықтап айтты. Мұнымен қатар, жалпы Қазақстанда тұрғын үйдің шамадан тыс қымбаттай қоюы неғайбыл екенін жасырмады. «Пәтерлердiң бағасына қатысты өзгерiстер орын алатын шығар, бiрақ соншалық көп болмайды деп ойлап отырмыз. Өткен жылдардағы инфляцияға қарап, бағаның қалай өскенiн білеміз. Өсiм айтарлықтай болған жоқ. Енді бүгiн салынып жатқан үйлер көлемiне қарасақ, осыдан 5-6 жыл бұрынғыдай емес. Демек, көп өзгерiстер бола қоймас», деп жауап берді ведомство басшысы. Тілшілер халық тұтынатын азық-түлік пен коммуналдық қызметтердің бағасына қатысты да сұрақ қойды. Премьер-Министрдің орынбасары нан мен азық-түлік бағасы, сондай-ақ коммуналдық қызметтердің төлем бағасы Үкімет пен жергілікті әкімдердің қатаң бақылауында болатынын айтты. Сөйтіп, мемлекет мойнына жүктелген әлеуметтiк мiндеттердiң толыққанды орындалатынын нықтап айтты. Сөз соңында кейбіреулер секілді бүгінгідей дүрбелеңге түспеу үшін кез келген жағдайға үнемі дайын тұру керектігін ескертті. «Қазақстан экономикасы әлемдiк экономикада орын алып жатқан үдерiстерден оқшауланып, шет қала алмайды. Қандай да бiр жинақ қорына ие адам валюта бағамының өзгеру құбылыстарына әрдайым дайын болуы тиiс. Ол өзi көп жұмсайтын валюта түрiне басымдық танытылған мультивалюталық себетке ие болуы тиiс», деп аяқтады сөзін Б.Сұлтанов. Ал Е.Досаев әркім жеке қар­жысын қандай валюта түрінде сақтағаны тиімді деген сұраққа: «Мен өз қаржымның 75 пайызын теңгемен сақтаған болар едім», деп жауап берді. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».