12 Ақпан, 2014

Қадағалау қатаяды

288 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Кеше кешке қарай Премьер-Министр Серік Ахметов Үкімет мүшелерін шұғыл жинап, теңгенің бағамы өзгеруіне қатысты қолға алынатын іс-шаралар жайын талқылады. Тез шақырылған жиынға бүкіл министрлермен қатар, барлық облыс әкімдері және Алматыдан Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов онлайн режімде қатысты. «Ұлттық Банк бүгіннен бас­тап жаңа айырбас бағамын жариялады. Бұл мәселе халықтың жағдайына кері әсерін тигізбес үшін тез арада тиісті шаралар қабылдаймыз. Ең алдымен, елімізде бағаның негізсіз өсуіне жол  бермеу керек. Бұл, әсіресе, күнделікті тауарлардың бағасына қатысты болып отыр. Біз міне, осы мәселені жан-жақты талдап, тиісті шешімдер қабылдайтын боламыз», деп бастаған С.Ахметов бұл мәселе күнделікті қажетті тауарлардың бағасына айрықша қатысты екенін қадап айтты. Сонымен қатар, ол Үкіметтің экономикалық блогы мен Ұлттық банк қалыптасқан жағдайды шұғыл бағалап, экономиканың жоспарланған өсімінің көлемін қамтамасыз ету тұрғысында ұсыныстар енгізуді тапсырды. Одан әрі сөз кезегін  Ұлттық банк төрағасы Қ.Келімбетовке берді. Ұлттық банк басшысы валюта айырбастау бағамының жаңа деңгейі 1 АҚШ долларына 185  теңге болып есептелгенін еске сала отырып, оның себеп-салдарын тағы бір түсіндіріп өтті. Осыған орай алдағы уақытта халық оның жағымсыз әсерін сезінбес үшін Ұлттық банк тарапынан қолға алынып жатқан шаралармен бөлісті. Бұдан әрі министрлер, мәселен, Экономика және бюд­жеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев, Ауыл шаруа­шылығы министрі Асылжан Мамытбеков, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин сөз сөйлеп, орын алған  жағдайға байланысты туындаған  мәселелерді талқылады. Мұнымен қоса, бірнеше облыс әкімдері мен Алматы қаласы әкімі өз өңірлеріндегі қазіргі жағдайды баяндады. Біраз талқылаған соң, Үкімет басшысы отырысты қоры­тындылап, тиісті органдарға арнайы тапсырмалар жүктеді. Халық арасында дүрбелең мен күнделікті қажетті тауарлардың баға өсіміне жол бермеу үшін барлық шараларды қабылдау қажеттігін баса айтқан С.Ахметов ұлттық валютамыздың жаңа бағамына байланысты еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму болжамын қайта есептеуді тапсырды. «Әкімдер халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Сонымен бірге, жедел жұмыс тобын құру және баға өсіміне жол бермеу шараларын қабылдау қажет.  Бұл ретте тұрақтандыру қорларының ресурс­тарын тарту, сауда нүктелерін тауар­мен қамтамасыз етіп, олар­дың жұмыстарын ерекше бақылауға алу керек»,  деді ол. Үкімет басшысы сауда ұйымдарымен және жұмыс тобымен бірлесіп, дүкендер мен сауда орталықтарындағы бағаның негізсіз өсуін тексеруді қатаң тапсырды. «Яғни, бағаның негізсіз қайта қаралуы жергілікті атқарушы органдармен бақылануы тиіс», деді Премьер-Министр. С.Ахметов күнделікті азық-түлік бағасымен қоса, бензин бағасына да баса назар аударды. Себебі, азық-түлік бағасы көбіне тасымалға қатысты бензин бағасымен тығыз байланысты екені рас. Осыған орай Үкімет басшысы Мұнай және газ министрлігіне Табиғи монополияларды реттеу агенттігімен бірлесіп, қор таусылғанша  АИ-92 бензиніне бағаны өсірмеу үшін барлық  шараларды қабылдауды тапсырды. Бұл тұрғыда С.Ахметов жанар-жағармай құю стансаларында баға негізсіз көтерілген жағдайда олар тиісті жауапкершілікке тартылатынын атап өтті. Отырыс барысында өңір әкімдері кейбір валюта айырбастау пункттерінде теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамының шекті деңгейі жоғары екенін айтқан болатын. Осыған байланысты С.Ахметов жер-жердегі валюта айырбастау пункттерін қатаң қадағалауға алуды тапсырды. «Бұл мәселе барлық әкімдерге қатысты,  яғни өңірлерде Ұлттық банктің филиалдарымен бірлесе жедел жұмыс топтарын құру керек. Бір-екі күнде бұл жағдай бір ізге түседі. Алайда, Ұлттық банктің қаулысы орындалуы үшін валюта айырбастау пункттерінде болып жатқан үдерістерге шұғыл әрекет етуі тұрғысында осындай жедел жұмыс топтары қажет», деді Үкімет басшысы. Осы орайда С.Ахметов, ең бастысы, валюта айырбастау пункттері халықты дүрліктірмеуі тиіс екенін қадап айтты. «Ұлттық банктің шешімі шығарылды, валюта бар, айырбастау пункттері тұрақты жұмыс істеп тұр. Біздің мақсат –атқару жұмыстарын жергілікті жерлерге дейін жеткізу. Сондықтан әкімдер осы мәселелерді Ұлттық банк филиалдарының басшыларымен өңірлерде ерекше бақылауға алуы керек», деп түйіндеді сөзін  Премьер-Министр. Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан». _____________________ ҚАЗАҚСТАН ҚОР БИРЖАСЫ хабарлайды (KASE): Қазақстан қор биржасында (KASE): есептесуі Т+1 теңгемен АҚШ доллары бойынша (USDKZT_TOM), есептесуі Т+1 теңгемен еуро бойынша (EURKZT_TOM), есептесуі Т+1 АҚШ долларымен еуро бойынша (EURUSD_TOM), есептесуі Т+2 теңгемен АҚШ доллары бойынша (USDKZT_SPT),есептесуі Т+2 теңгемен еуро бойынша (EURKZT_SPT), есептесуі Т+2 еуромен АҚШ доллары бойынша (EURUSD_SPT) кешкі сауда-саттық сессиясы аяқталды. Сауда-саттыққа KASE валюта нарығының 14 мүшесі қатысты. Есептесуі Т+1 теңгемен АҚШ дол­ларының бағамы бір АҚШ долларына 184,49 теңгені құрады, сауда-саттық көлемі – 68 миллион 900 мың АҚШ доллары. Есептесуі Т+2 теңгемен АҚШ доллары бойынша мәмілелер жасалған жоқ. Сессия жабылу сәтіне баға белгілеулер тіркелген жоқ. Есептесуі T+1 теңгемен және АҚШ долларымен еуро бойынша мәмілелер жасалған жоқ. Сессия жабылу сәтіне баға белгілеулер тіркелген жоқ. Есептесуі Т+2 теңгемен және АҚШ долларымен еуро бойынша мәмілелер жасалған жоқ. Сессия жабылу сәтіне баға белгілеулер тіркелген жоқ.