12 Ақпан, 2014

Зейнеткерлер ұтыла қоймайды

249 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ұлттық банктің кешегі, 11 ақпан күнгі теңгенің айырбас бағамын бұрынғы деңгейінде ұстап қалудан бас тарту жөніндегі көпшілік күтпеген шұғыл шешімі облыс тұрғындары арасында әртүрлі пікірлер туғызды.  Осындай толқымалы көңіл-күй ауаны құрметті еңбек демалысында жүрген аға буын өкілдері арасында да байқалмай қалған жоқ. Осыған байланысты бірден көкейге келген кейбір ой-пікірлерімді өзім тұрақты түрде жаздырып алып оқитын еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстанға» жедел жолдағанды жөн көрдім. Менің ойымша, әп дегенде адамдардың көңіл-күйіне теріс, жағымсыздау әсер ететін мұндай шетін мәселеде аптықпаған, сезімді ақылға жеңгізген жөн бе деп ойлаймын. Сондай-ақ, бұл қадам жеті рет өлшеп, бір рет кесіп дегендей, әбден ойланып, сарапталып жасалған қадам деген ойға сенгім келеді. Әсіресе, айырбас бағасының АҚШ долларына шаққанда 185 теңгеге дейін өсуі, ең біріншіден, экономикамыздың тиімділігін көтеру, қаржылық тұрақтылықты сақтау тұрғысынан қабылданып отырғанына күмән келтіруге болмайды. Сондықтан да теңгенің айырбас бағамының құны күрт өскенінен ақырзаман туғызып, күйреуік көңіл-күйге берілудің қажеті шамалы деген ойдамын. Ал, Ұлттық банктің мұндай күрт шешімінен кейін зейнеткерлердің жай-күйі қандай болмақ деген басы ашық сауалға келсек, бұдан зейнет жасындағы замандастарымыз айтарлықтай ұтылыс таппайды деп айтуға болады. Әрине, нендей құбылысқа да тиісті дәлел тауып, айта алмасаң, құрғақ сөз адамдарды сендіре алмайды. Осыған байланысты төмен­дегідей деректерді оқырмандар назарына тағы бір қайтара бере кеткеннің артықшылығы жоқ секілді. Биыл елімізде тұратын зейнеткерлердің зейнетақысы тоғыз пайызға өскені белгілі. Оның үстіне интернеттен және басқа да сенімді дерек көздерінен алынған мәліметтерге қарағанда, тұтастай республикадағы және өңірлердегі инфляция деңгейі соншалықты жоғары емес. Бұл небәрі 7 пайыз төңірегінде ғана. Ал Ақжайық өңірінде бұл көрсеткіш бұдан да төмен. Осындай факторларды ескере келгенде, теңгенің долларға шаққандағы жаңа бағамының плюстері мен минус­тары арасындағы айырмашылық зейнеткерлер үшін шамамен екі пайызға теңеседі екен. Қалай дегенде де, Ұлттық банктің кешегі шұғыл шешімінен, айырбас бағасының сатылап емес, бірден күрт өскенінен ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Жайсаң АҚБАЙ, зейнеткер. ОРАЛ.