Сұхбат • 10 Қазан, 2021

Зұлматты жылдар терең зерттелуге тиіс

609 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында: «Мил­лиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мәжбүр еткен алапат ашар­шылықтың алғашқы кезеңі – 1921-1922 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қыры­лып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерт­телмей келеді», деп жазды. Осыған орай, біз тарих ғылымының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлт­тық университетінің профессоры Құрман­ғали Даркеновпен сұхбаттасқан едік.

Зұлматты жылдар терең зерттелуге тиіс

− Құрманғали Даркенұлы, 1921-1922 жылдардағы ашаршы­лық­тың болу себебі неде?

− 1921 жылғы аштықтың себебі әріде жатыр. 1916 жылы қазақ жастарын тыл жұмыстарына алу, шақырылғандардың бас сауғалап қашуы, халық наразылығы өршіп, ұлт-азаттық қозғалысының баста­луы, «ақтар» мен «қызылдар» кезекпе-кезек билікке келген аласапыран азамат соғысы, ер азаматтың ат үстінде болуы қалып­тасқан шаруашылық жүйесін тоқы­рауға ұшыратты. Оның үстіне, 1920 жылғы жұт пен 1921 жылғы құрғақ­шылық ауыл шаруашылығын тұрала­тып, халықты күй­зелтіп жіберді. Архив құжаттарына сүйен­сек, 1921 жылы жерге жаңбыр жау­май құрғақшылықтың болуы, шөптің шық­пауы, аптап ыстық және қыстан зорға шық­қан малдың қырылуы елдің жағдайын тығырыққа тіреген.

Бұл азаматтық соғыс енді ғана аяқ­­тал­ған, большевиктер ел ішіндегі сая­си-эко­­номикалық, әлеуметтік шие­ле­ністі әлі то­лық шеше алмаған өлара кезең еді. Қазақ­стандағы ауыр жағ­дайды орталықтағы би­лік білгенімен, ашар­шылыққа ұшыраған Ре­сей губер­ния­ларына көмек көрсетуді та­лап етті. Оның сыртында Қазақстанға Ресей­ден қоныс аударуға тиісті 2 млн адамды ор­на­лас­тыру мәселесі күн тәртібінде тұрды.

Ал осы уақытта Қазақстандағы бес губер­ния мен бір уезде ашаршылыққа ұшы­рағандар саны да 2 млн еді. 1922 жылдың қаңтарындағы мәлімет бойын­ша, Орынбор губерниясында – 437 776, Қостанай губерниясында – 252 816, Ақтөбе губерниясында – 359 326, Орал губерниясында – 277 835, Бөкей губерниясында – 100 мың, Адай уезінде – 75 мың адам ашаршылыққа ұшырады. Бұл мәліметтің өзін орталықтың қырына ұшырап қалмау үшін қазақ билігі азайтып берген де болуы мүмкін.

Қазақстандағы жағдайы дұрыс деп са­нал­ған губерниялардың да жайы оңып тұр­мады. Мәселен, Ақмолада аштыққа ұшы­рағандар саны 100 670 адам деп көр­сетілген. Соған қарамастан, бұл губернияға Мәскеуден берілген жоспардан тыс тағы да 300 мың тонна астықты Ресейге жіберу міндеттелді.

В.И.Лениннен жұмысшылар мен ша­руаларға көмектесу керек деген жеделхат келген соң Арал балықшылары да 1921 жыл­дың 25 желтоқсанында Ресейге 14 вагон балық тиеп жөнелтті. Аштық­қа ұшы­раған Қазақстанға орталықтан көмек беру былай тұрсын, керісінше, Ресейге азық-түлік жіберу талап етілді.

− Сонда жаңа өкімет басына келген қазақ билігі осы жағдайды көріп отырып, үнсіз қалды ма?

− Біріншіден, Қазақ Өлкелік Револю­циялық комитетінің мүшелері, негізінен, қазақ емес ұлт өкілдерінен құралды да, қазақ даласындағы ауыр жағдайға соншалықты мазасыздана қоймады. Олар, керісінше, Ресейдің ашаршылыққа ұшыраған аудандарына Қазақстаннан азық-түлік көмегін ұйымдастыруға белсене кірісті. Қазақ отбасылары күн көріп отырған азын-аулақ малын, астығын жинап алды.

Екіншіден, қазақ зиялылары мен билік­тегі қазақ басшылары арасында таптық ұстанымдарына байланыс­ты жік туып, биліктегілер ел ішіндегі ашаршылықты айтып, шара қолдануды талап етушілерді – алашордашылардың және оларды қолдау­шылардың кеңес үкіметіне қарсы әре­кеті деп бағалап, сынады. Сонымен қатар ұлт­жанды қа­зақ зиялыларының ұлт­тық мәселелерді көтеруі биліктегі басқа ұлт өкілдеріне ұнай қоймады, келісе алмау­шылық жиі болды. Сондықтан билік қазақ еліндегі ашаршылыққа бастапқы кезеңде жете ден қоймады.

Қазақ Өлкелік Революциялық Ко­мите­ті осы кезде большевиктер пар­тиясының ХІІ съезіне дайындық, Ресейде аштыққа ұшыраған аудандарға азық-түлік жөнелту, бұған қарсы халықтың наразылығын ұйым­дастырып отырған «қазақ ұлтшылдарына» қарсы күресу мәселесімен айналысты.

Бір өкініштісі, ашаршылыққа қар­сы күшті жұмылдыру орнына, С.Меңде­шев бастаған қазақстандық большевиктер Мәс­кеуге: «Ашаршылық тура­лы қауесетті тара­тып жүргендер – ұлт­шылдар. Олар қара­пайым шаруаның ­мұң-мұқтажын жоқ­тағансып, еңбек­шілердің назарын өздеріне аудару үшін қасақана байбалам салуда», деген жеделхат жолдаған.

Ел ішіндегі аштықты дер кезінде тізгін­дей алмаған билік кеш қимылдады. Он­да да өздері ұлтшылдар деп айыптап отыр­ғандардың талап етуімен ғана.

1921 жылдың 10 желтоқсанында қа­зақ қызметкерлері қатысқан кеңесте күн тәр­тібінде қырдағы аудандардың аш­тыққа ұшы­раған тұрғындарына нақты кө­мек көр­сетуді ұйымдастыру, қазақ қызмет­кер­лерін осы жұмысқа тарту мәселелері қа­ралды. Баяндама жасаған М.Әуезов ел ішін­дегі ауыр жайды баяндап: «...Көптеген аудандағы қазақтар көптен бері тек қана көртышқанмен, тышқанмен, суырмен, тағы да сол сияқты ұсақ жәндіктермен өзегін жалғауда, соның кесірінен әртүрлі жұқ­палы аурулар мен індеттер естіп білмеген деңгейде таралып барады», деп мәлімдеген.

Осы кеңестен кейін ғана, қақаған қыста аштыққа ұшыраған аудандарға көмек көр­сету қолға алынды.

− Дәл сол кезде Арқа даласы, оның ішін­де Торғай өңірі аштыққа ұры­нып, қи­налған халыққа көмек қо­лын созу үшін Алаш зиялылары жұрт­шылықтан жылу жинап, мал үлестіріп, елді аман алып қалған екен. Осы оқиғаны өзіңіз де зерттеген екенсіз...

− Жоғарыда аталған 1921 жылдың 10 жел­тоқсанында өткен кеңесте шалғай жат­қан Торғайға Қостанай арқылы жі­бері­летін көмек бармай қалады, азық-түлік Қостанайдың өз басында қалып, жер­гілікті халыққа жетпейді деген бо­лу ке­рек – қабылданған қаулыда: «Тор­ғай­ға жіберілетін азық-түлік жәрдемі Қоста­найдан бөлек жіберілуін орта­лық арқылы шешуге қол жеткізілсін», делінді. Әрине, оған А.Байтұрсынов, М.Дулатовтардың по­зициясының ық­палы болғаны анық. Қанша жерден тап күресі болды дегенімізбен, әлі де Алаш зиялыларының беделі күшті еді.

Қостанайға арнайы барған Смағұл Садуа­қасовтың жазуынша, онда аштарға ар­нал­ған асханалар мен балалар үйі ашыл­ғанымен, олар қалың қазақ ішінде ашыл­маған. Қостанайдың өзіндегі асха­на­ларда тамақтандырып жатқан аштар ішінде қазақ­тар жоқ. Ал асханаға қажетті ет үшін мал аш қазақтардың өздерінен алынып отырған. Қазақтарға жәрдем бермек түгіл, олардың қолында барын жинап алған. Қостанай губерниясы аштарына көмек көрсету басты мәселенің біріне айналды. Себебі губерния хал­қының 90%-ы аштыққа ұшыраған еді. Соның ішінде шалғайда жатқан Тор­ғай уезінің жағдайы өте ауыр болды. 1921 жылдың жазындағы құрғақшылыққа бай­ланысты шөп шықпауынан уездің
13 бо­лысында да мал қырылды. Өңірді аш­тық жайлағандықтан, тұрғындар өз ата ме­кендерін тастап, Ақтөбе, Қос­танай, Жез­қазған, Қарсақпай жаққа қарай босты.

Ел ішін жайлаған аштық туралы айтып, газетте жарияланғандарға «бұл ұлт­­шыл­дардың босқа даурығуы, ке­ңес үкіметіне қарсы іс-әрекеті, сондықтан ұлтшылдарға қарсы кү­рес­ті күшейту керек» деп әрекетсіз отыр­ған билікке М.Дулатов жанұшыра ашық түрде «Аштық қырғынынан қайт­­сек құтыламыз? деген мақаласын «Қа­зақ­­стан үкіметінің назарына» деген қо­сымша тақырыпшамен жариялады. Аш­тық Тор­ғай елін есеңгіреткен тұста ол аштыққа ұшырағандарға қол ұшын беруле­рін сұрап, Семей губерниясының үш уезін аралап шықты. М.Әуезов Ер­тіс бойын аралап елден мал жинады. Ә.Бөкейханов өзі бас сауғалап жүрсе де 1921 жылы то­бық­тының Шаған, Бұ­ғы­лы, Шыңғыс, Мұқыр, Қызыладыр және найманның Сыбан болыстарынан мал жиып, Торғайға мал айдап бара жат­қан Ж.Аймауытовқа тапсырды. А.Бай­тұрсынов та қысылтаяң жағдайды баян­дап, аштықтан халықты аман алып қалу үшін көмек қолын созуды сұрап үндеу жазды. Жылу малын жинаушы ұлт зия­лыларының ел ішіндегі беделінің, ық­палының жоғарылығы, оларға деген ха­лықтың сенімі болар, 1922 жылдың жа­­зында 7 мың бас мал жиналды. Семей гу­бер­­ниясының комиссиясы он екі бо­лыс­тан жиналған малды Торғай уезіне жет­кізуді, мал айдауды ұйымдастыруды, жалпы бас­шылықты Ж. Аймауытовқа жүктеді. Қыр­күйек айының ортасында 2082 бас сиыр, 1982 бас жылқы, 185 қой, барлығы 4249 бас мал Торғай жеріне жетті.

− Ал 1932-1933 жылдары еліміз­де та­ғы қайталанған зұлматқа кім кінәлі?

− Бұл мәселе өте күрделі және терең зерт­теуді қажет етеді. Сондықтан нақты ашар­шылықты тудырған факторларға тоқ­талып өтелік.

Бірінші фактор – Ф.И.Голощекин тұл­ғасы. Қазақстанға 1925 жылдың қа­занында келіп, 1933 жылдың ақпанына дейін қызмет істеген большевиктің елі­міздегі билік басына келуі, жергілікті жағдаймен санас­пай күштеу шараларын қолдануы қазақ халқының сол кезеңде­гі қасірет бұлтының астында қалуы­на әкелді. Ол Қазақстан – Одақтағы ет дайындаудың ең ірі орталығы деп санап, ет дайындауда Мәскеу бекіткен жоғары межеге ешқандай қарсылық біл­дірмей, бұлжытпай орындау талабын қоя­ды. 1930-1931 жылдары Қазақстан үшін 493 мың 500 тонна ет өткізу жоспары бекітілді. Екінші орындағы Украина 434 мың 800 тонна, ал үшінші орындағы Солтүстік Кавказ 226 мың 700 тонна өткізуге тиісті болады. Ал ашаршылық қақпанына түспеген қа­зіргі Орталық Азияның үш мемлекеті – Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан небәрі 66 мың 200 тонна ет өткізуге тиіс болды. Осы кезде тіршілік көзі – малынан айырылған қазақ ашаршылыққа ұшырады.

Қазақстанның ашаршылыққа душар болуының екінші факторы – Голо­щекинмен бірге билікте болған қазақ большевиктері егер халық қолындағы малы тартып алынса, ашаршылықтың болатындығын, оның зардабын болжай алмады. Айтуға батылдары жетпеді. Бірқатары коммунистік партияның жолы дұрыс, ұлы істер жолында құрбандықтар болады деп санады.

Тағы бір дерек келтірейін. Қазақ­станға 1929 жылы – 37,8 млн пұт, 1930 жылы – 40,7 млн пұт, 1931 жылы – 40,4 млн пұт, 1932 жылы – 45,3 млн пұт астық салығы салынды. Ел ашаршылыққа душар болып отырғанына қарамастан, астық салығы осылайша өсірілген. Таңғаларлығы, тек мал шаруашылығымен айналысатын кейбір қазақ ауылдарына да астық салығы салынып, олар оны төлеуге міндеттелген.

– Ашаршылық жылдары құрбан бол­ғандардың саны туралы әртүрлі мәлі­меттер айтылып жүр. Осы жө­нінде не айтасыз?

− Әлі де отандық, шетелдік архив дерек­тері негізінде және құпия ар­хив­тердегі қорлардың ашылуы нәтижесін­де осыған дейін айтылып келген мәлімет­тер нақты­ланады әрі өзгереді деп ойлаймын. Ең бас­тысы, екі ашаршылық қа­зақтың табиғи өсі­міне өте ауыр соқ­қы берді. Әсіресе, қа­зақ жерінің сол­түстік-шығысы мен орта­лығында қа­зақ­тардың үлес салмағы күрт азайды. Президентіміз айтқандай, ашар­шы­лықтан қырылып қалмағанда, хал­қы­мыздың саны қазіргіден әлденеше есе көп болар еді.

Сондықтан да ел шежіресіндегі зұл­матты жылдар терең зерттеліп, тарихи әділ­дік қалпына келтірілуге тиіс.

− Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен Азамат ЕСЕНЖОЛ