Бүгінгі Қазақстан – қоғам өмірінің барлық саласында оң өзгерістерге жетіп, экономикасы, білімі мен мәдениеті тұрақты дамыған, ынтымағы жарасып, берік нығайып келе жатқан еңселі ел. Әлем таныған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында әлеуметтік-экономикалық даму үрдісіне қол жеткізгенімізді Қазақстан халқы мақтан тұтады. Жаңарған, серпінді дамумен алға ұмтылған бүгінгі Қазақстан, міне, осындай. Көшбасшысын қапысыз таңдаған туған елі енді бүгін әлемдік қоғамдастықтың бел ортасындағы беделді мемлекет болып танылды. Өркениет жолында талай өрелі іс тындырған Қазақстан татулық пен бірліктің, береке мен ырыс-құттың ордасына айналды. Бүгінгі Қазақстан – ішкі-сыртқы саяси-экономикалық тұрақтылық пен мәдени-рухани өрлеуден үдемелі даму жолына түскен ел.
Дәстүрге айналған Елбасының Жолдауын халық жыл сайын айрықша күтеді. Өйткені, Президенттің Жолдауы кешегі істеріміздің көңіл қуантар жетістіктері мен кем-кетігін, алдағы асқаралы мақсаттардың нақты көрінісін айқындап, қолымызға бағыт-бағдар көрсететін әлеуметтік-экономикалық картаны ұстатады. Өткен жылы Мемлекет басшысы Мәңгілік Ел болудың 2050 жылға дейінгі жаңа межесін айқындап беріп, еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жоспарын ұсынған болатын. Ал бұл жолы Қазақстан халқына 18-рет арналып отырған кезекті Жолдау «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасын жүзеге асырудағы 10 ілкімді идеяны қамтиды. ХХІ ғасырды Қазақстанның алтын ғасырына айналдыру мақсатында еліміздің жарқын жолы – Мәңгілік Ел болу үшін қазақстандық патриотизмді, инновациялық жобаларды, геология, археология, көлік, энергетика, экономика салаларын, ғылым-білім, шағын және орта бизнесті дамыту тетіктерін жан-жақты баяндаған Жолдауда Елбасы қоғамды іркілместен дамыған мемлекеттердің қатарына ену жолында қызмет етуге шақырады. Осыған байланысты Қазақстан Үкіметінің алдына маңызды бірқатар тапсырмалар қойды. Бұл ертеңге деген елдің үлкен сенімін арттыратыны сөзсіз. Ал ол үшін жұмылған жұдырықтай бірлік керек.
Бүгінде Елбасы экономиканы әртараптандыру және оны шикізаттық емес, жоғары технологиялық жолға қайта бағдарлау жөнінде жаңа міндеттерді алға қойып, үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қарқын алып келеді. Елімізде жүріп жатқан инновациялық-технологиялық даму бағдарламасының басты мақсаты өнеркәсіпті тұтастай тұрғыдан да, сондай-ақ, жекелеген өндірістер тұрғысынан да қайта құрылымдау болып табылады. Бұл – өнеркәсіп өндірісінің құрылымында оңды өзгерістерге қол жеткізуге, бүгінгі заманға сәйкес корпоративті құрылымдарды дүниеге әкелуге және ұзақмерзімді ыңғайда сервисті-технологиялық экономикаға көшу үшін негіз әзірлеуге тиіспіз деген сөз. Отандық өнеркәсіп өнімінің әлемдік рыноктарда бәсекелесуге қабілеттілігіне қол жеткізу ең елеулі міндеттің бірі ретінде алға тартылып отыр.
Мемлекет басшысы айтқандай, еліміздің әлемдік аренада дамыған отыз ел қатарына ену жолындағы жоспары екі кезең бойынша жүзеге асырылатын болады. 2030 жылға дейінгі алғашқы кезеңде бар мүмкіндікті пайдаланып, индустриялық-инновациялық тұрғыда дамудың даңғыл жолына серпіліс жасау, ал екінші кезеңде, яғни 2030 бен 2050 жылдар аралығында ғылымға негізделген экономикаға қол жеткізу басты мақсат. Менің ойымша, Президенттің ғылымға негізделген экономика қалыптастыру туралы тапсырмасы ғылым мен инновациялық технологияларға баса назар аудару қажеттігін білдіреді. Экономиканың ғылыми қамтымды моделін енгізу Қазақстанның экспорттық әлеуетіндегі шикізаттық емес өнімнің үлесін 70 пайызға дейін арттыру мақсатын көздейді.
Яғни біз үшін алдағы 15-17 жыл Қазақстанның кең ауқымды серпіліс жасауы үшін «мүмкіндіктер кезеңі» болатыны айқын. Осы ретте айта кететін бір жайт, Жолдаудың басымдықтарының бірі – инновациялық индустрияландыру трендін күшейту. Елбасы үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның екінші бесжылдығын әзірлеуді тапсырып, индустрияландыру басымдықтарының санын шектеу қажеттігін атап көрсетті. Енді біз елді инновациялық-индустриялық дамыту бағдарламасынан ғылымға негізделген экономикалық стратегияға бірте-бірте ауысуымыз керек. Ал индустрияны жоғары деңгейде ұстап тұру үшін ғылым керек, ғылымға негізделген экономика керек.
Ғылыми қамтымды экономика құру, ең алдымен, Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру болып табылады. Бұл бағыт бойынша венчурлік қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, сондай-ақ, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жөніндегі заңнаманы жетілдірген жөн деп атап өтті Президент. Ғылымды қаржыландыру көлемін біртіндеп арттырып, оны дамыған елдердің көрсеткіштеріне жеткізу жөнінде нақты жоспар қажеттігі айтылды. Яғни экономиканың жоғары технологиялық жаңа салаларын құру ғылымды қаржыландыруды ішкі жалпы өнімнің 3 пайызынан кем емес деңгейге дейін арттыруды талап етеді.
Президент Жолдауда үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығын қалай жүзеге асыру тетіктерін айқындады. Елбасының айтуынша, келесі жылдан бастап аталған бастаманы инновациялық жағынан дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлініп, индустриялық бағытына сәл шектеу қойылады. Осы орайда Н.Назарбаев отандық экономиканың негізгі қозғаушы күші – мұнай-газ саласы арқылы елімізге жаңа технологияларды кеңінен тартуды жүктеді.
Электроника, коммуникация, лазерлік және медициналық технологиялар үшін қолданылатын сирек металдарды да ұмытпау қажет. Бізде ондай байлық та баршылық. Негізі, біздің жер қойнауымыз әлі толыққанды зерттелмеген. Қолда бары ол – беті ғана. Бүгінгі болжамға сәйкес, Қазақстанның жалпы жер байлығы қазіргі көрсеткіштен бірнеше есе көп.
Елбасы ірі инвесторлардың Қазақстанда жаңа технологиялық кәсіпорындарды, жобалық және инжинирингтік орталықтар құру қажеттігін тағы бір мәрте еске салды. Президенттің сөзімен айтсақ, «мұнай, тау-кен және ауыл шаруашылығына арналған техника өзімізде шығарылуы тиіс». Осыған байланысты Елбасы Қазақстанда тағы бір төртінші мұнай өңдеу зауытын салу қажет деп санайды. Атом электр стансасының құрылысы да биылдан қалмай шешілуі керек. Ал ауыл шаруашылығы бойынша Президент елімізде біраз уақыттан бері игерілмей жатқан жерлер мәселесін жаңа жолмен, қытайлық тәжірибе негізінде шешуді ұсынды.
«Қазақстан-2050» Стратегиясын сапалы орындауда ағымдағы жылдың жүгі ауыр екендігі, осы алғашқы жылдары сапалы атқарылуы қажет екендігі айтылып өтілді. Елбасы ең алдымен, Үкіметке ағымдағы жылдың экономикалық өсімін 6-7 пайыз деңгейінде қамтамасыз етуді жүктеді. Тоқтала кететін жайт, Президенттің пайымынша, «Қазақстан-2050» Стратегиясында діттелген мақсаттарға қол жеткізу үшін еліміздің орташа даму қарқыны жылына 4 пайыздан кем болмауы керек. Солай бола тұра, бүгінгінің өзінде қазақстандық экономиканың 6-7 пайыздық дамуы туралы әңгіме болып отыр.
Президент жастарға білім беру мәселесіне ерекше назар аударуды тапсырды. Алдағы үш жылдың ішінде білім беру орындарының тапшылығы толығымен жойылуы тиіс. Ал 2016 жылдан бастап студенттердің стипендиясы 25 пайызға артады. Оған дейін, нақты айтсақ, 2015 жылғы шілденің 1-інен бастап азаматтық қызметкерлерге жалақы төлеудің жаңа үлгісі әзірленуі шарт. Оған сәйкес, денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысы – 28 пайызға, білім беру мамандары үшін – 29 пайызға және әлеуметтік сала қызметкерлерінің еңбекақысы 40 пайызға өсуі керек. Сондай-ақ, мүгедектік пен асыраушысынан айырылғандардың әлеуметтік жәрдемақылары 25 пайызға артады. Мемлекеттік қызметкерлердің де жалақысы көтеріледі.
Мемлекет басшысының қолдауының арқасында соңғы 2 жылда ғылымды жалпы қаржыландыру 2,5 есеге жуық – 2011 жылғы 20 млрд. теңгеден 2013 жылы 48 млрд. теңгеге дейін өсті. Өсімнің мұндай қарқыны бізде бұрын-соңды болмаған. Жоғары оқу орындарында ғылымды дамытуды жеделдетуге, жастарды зерттеу жұмыстарына тартуға бағыт алынды. ЖОО-да 2011 жылы ғылыми жобаларды орындау көрсеткіші 33% болса, 2013 жылы ол 57%-ға жетті. Яғни біздің университеттер ғылымды дамытудың көрігіне айналуда.
Жақын болашақта шешуге тиіс өзекті мәселелердің қатарында ғылыми инфрақұрылымды технологиялық жаңғырту, ғылымды инновациялық дамумен байланыстыру және ғылым мен бизнес кооперациясын ынталандыру тұрғанын айта кету қажет.
Жетекші университеттерді академиялық және басқарушылық автономияға біртіндеп көшіруге жоспарлы түрде кірісу қажеттігі айтылды. Яғни Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша Назарбаев Университеті моделі негізінде жоғары оқу орындары дербестігінің қағидаттары әзірленетін болады. Осы принциптерге сәйкес білім, ғылым, қаржы, халықаралық және басқа қызметті жүзеге асыруда жоғары оқу орындарына еркіндік беріледі, жоғары оқу орындарының академиялық, қаржылық және басқару қызметінде дербестік ұстанымдары іске асырылады. Елімізде 2015 жылдан бастап ұлттық зерттеу университеттеріне, 2016 жылдан бастап ұлттық жоғары оқу орындарына, 2018 жылдан бастап мемлекеттік жоғары оқу орындарына дербестік беріледі деп жоспарланған.
Жолдауда, сондай-ақ индустриялық салалармен қатар, аграрлық секторды да ғылыми негізде дамытуды басты мақсаттың бірі ретінде міндет етіп қойылды. Атам қазақ айтқан ғой «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп. Егер арман еткен өскелең өмірге қол созатын болсақ, оның негізі ғылымда жатыр. Елбасы ауыл шаруашылығын, әсіресе ауылшаруашылық өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауқымды жаңғырту қажеттігіне де тоқталды. Әлемдік азық-түлік нарығының көшбасшысы болу және ауылшаруашылық өндірісін арттыруға қажетті бағдарды да қадап айтты. Егістік алқабын ұлғайтуды, ең алдымен, жаңа технологиялар енгізу есебінен елеулі көтеру қажеттігіне тоқталды. «Аса ірі экспорттық нарықты меңгеру үшін біз қай азық-түліктің жаппай өндірісін басты етіп қоятынымызды айқындауымыз керек. Алынған шаралардың нәти-жесі 2050 жылға қарай ел ІЖӨ-дегі ауылшаруашылық өнімінің үлесі 5 есе артуы болуы тиіс», деп айтып өтті.
Жолдаудың тағы бір маңызды бөлігі шағын және орта бизнесті қолдау болып табылады. Ең бастысы, біз экономиканың тұрақты өсуін, оны инновациялық жолға салуды сонымен байланыстырып отырмыз. 2050 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің кемінде 50 пайызы шағын және орта бизнеске тиесілі етуді айтқан Президент қазір оның үлесі 20 пайыз екендігін де тілге тиек ете кетті. Ең бастысы, ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы өсімі 4 пайыздан кем болмауы тиіс. Бұл ретте жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көрсеткіші 4,5 есе, яғни 13 мыңнан 60 мың долларға дейін өседі.
Жолдауда инфрақұрылымдық үштаған – агломерацияның, көліктің, энергетиканың қарқынды дамуын қамтамасыз ету керектігі айтылды. Әсіресе, Астана мен Алматыдағы технологиялық парктердің жұмыстарын жандандыру, 2030 жылға дейінгі Қазақстанның көлік әлеуетін дамыту бағдарламасын әзірлеу және зияткерлік-инновациялық кластерлерін құру қарастырылды. Технопарктерде қазақстандық ірі компаниялардың қосалқы өндірістерін орналастыру үдерісін ынталандыру шараларын ойластыру маңыздылығын Елбасы ескертіп өтті.
Өскелең өндіріс – мемлекеттің қуаты. Өндірістің дамуын ғылыммен ұштастыра отырып жүргізу туралы барынша кең айтылған Елбасы пікірі мен ұсыныстары ел қуатын арттыруға, ел тұрақтылығын бекітуге бағытталғаны айдан-анық. Технология үздіксіз жетіле түскен сайын экономика мейлінше қуаттана түседі, еліміз көркейе береді. Тәуелсіздігіміз нығайып, бүгінгі дүниедегі алар орнымыз биіктеп, беделіміз арта түседі. Сондықтан да экономика – басты стратегиямыз. Оны бүгін де, ертең де, бүрсігүні де нығайтқан үстіне нығайта түскеніміз абзал.
Елбасы логистикалық қызмет көрсету секторын дамыту қажеттігін қадап айтты. Ең алдымен, біздің жүктерімізді тасымалдау үшін Кеден одағы аумағын барынша пайдалану туралы сөз болып отыр. Ұзындығы 1200 шақырым болатын Жезқазған – Шалқар – Бейнеу жаңа теміржолы салынуда. Ол орталықтың көптеген аудандарына жан бітіріп, елдің шығысы мен батысын тікелей байланыстырады. Бұл орасан құрылыс 2015 жылы аяқталады. Бұл магистраль Каспий мен Кавказ арқылы Еуропаға шығуға мүмкіндік береді. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің құрылысы да аяқталуға таяу, Парсы шығанағына шығу үшін Түркіменстан мен Иранға теміржол тартылды. Келешекте Қазақстан теңізге шығатын жолдары бар елдерде логистика орталықтарын құруға инвестиция салуға тиіс. Жүктерді кедендік өңдеу мерзімдерін қысқартып, шекара өткелдерінің өткізу мүмкіндігін арттырып, Ақтау портының қуаттылығын күшейтіп, экспорт-импорт операцияларының ресімдерін жеңілдету қажеттігі айтылды.
Елбасымыздың сарабдал сыртқы саясатының арқасында он жыл бойына бойымыз үйренген «Статойл», «Тотал», «Шеврон» секілді компаниялардың қатарына инновациялық технология саласында әлемдегі озық көшбасшылар қосылды олар: «Дженерал Электрик», CNNC, CGNPC, Тоshiba, Alstom Transport. ТМД мемлекеттері ішінде тек Қазақстанға ғана бас бұрып, оның бірқатарымен мемлекетаралық маңызды келісімшарттарға қол қойылды. Соның арқасында «ғасыр жобасы» деген атқа ие болған мұнай мен газ саласында ғана емес, жоғары технологиялық машина жасау, мұнай химиясын, сирек және жерүсті металдары өндірісін дамыту, атом реакторы құрылысы, теміржол желілерін орнату, жүк тасымалына арналған вагоннан бастап оны сүйрейтін электровоз өндірісіне дейін отандық үлесті арттыра алдық.
Елбасының бастамасымен, Қазақстан БҰҰ-ның саммитінде «Ғаламдық энерго-экологиялық стратегия» және «Аймақаралық «Жасыл көпір» бағдарламасын ұсынғаны белгілі. Осы бағдарламаны іске асыруда кейбір ЖОО-ларымыз белсенділік танытып келеді. Яғни, ол университеттеріміз қазіргі таңда Рио-де-Жанейрода «Рио+20» бағдарламасын тұрақты дамыту бойынша өткен БҰҰ жаһандық саммитінде қабылданған «Жасыл көпір ұрпақтан – ұрпаққа» бөлігінде қарастырылған негізгі ережеге сүйене отырып «Green campus» жобасының бастамашысы болып отыр. Жоба аясында «Экологиялық күн» атты акциялар жариялануда.
Әсіресе, «жасыл экономика», азық-түлік бағдарламасы сияқты елімізге маңызды салаларды дамытуымыз, оларды әрбір он жыл сайын жаңа деңгейге көтеріп отыруымыз орынды болмақ. Қазақстанды өркениетті, бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосамыз десек, шағын және орта кәсіпкерлікті одан әрі дамыту, зиялы қауымға барынша жағдай жасау, соның ішінде ғылыммен айналысатындарға қолдау көрсету ең басты міндет болуға тиіс. Ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, тілімізді дамыту да назардан тыс қалмағандығын орайы келгенде айта кету ләзім.
Ал ең бастысы, еліміздің рухын көтеретін, ұлы мақсаттарға жеткізетін «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы болып табылады. Мәңгілік Ел идеясы біздің халқымыздың ғасырлар бойғы арманы ғана емес, ол – көреген Президентіміздің жетекшілігімен Қазақстанның дамуына негізделген идея. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең, әлем қатынасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз мемлекет атану еді, ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Бұл армандар ақиқатқа айналды. Мәңгілік Елдің іргесі қаланды. Қазақстан құқықтық тұрғыда ресімделген және әлемдік қоғамдастықпен мойындалған мемлекеттік шекараға ие болды, ол тұрақты әлеуметтік-экономикалық даму жолына шықты, халықаралық аренада орнықты орынға көтерілді. Тәуелсіздік арқасында халқымыз мәңгілік мұраттарға қол жеткізді, еліміздің жүрегі елорда тұрғызылды. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ Мәңгілік Қазақтың перзенті. Ендеше Қазақ Елінің ұлттық идеясы – «Мәңгілік Ел».
Сонымен қатар, Президент Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары «Қазақстан-2050» Стратегиясының түпқазығы етіп алынғанын алға тартты.
Әлемдік дамудың тамырын дәл басып отыратын Нұрсұлтан Әбішұлы төрткүл дүниедегі даму қарқынының еселенуі, зор демографиялық өсім, азық-түлік, ауызсу тапшылығы, энергетикалық қауіпсіздік, табиғи ресурстардың сарқылуы, индустриялық төңкеріс, әлеуметтік тұрақсыздық, көзқарастар қайшылықтары мен әлемдік жаңа экономикалық дағдарыс сияқты ғаламдық дағдарыстар мен қауіптерді басты назарға ала отырып, оған еліміздің «Қазақстан-2050» жаңа саяси стратегиялық даму бағытын қарсы қойып отыр. Болашақты алыстан болжайтын стратег-саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекетіміздің 2050 жылға дейін әлемдегі ең жоғары дамыған 30 мемлекет қатарына енуін ұлттық саяси даму стратегиясына негіз ете отырып, осы уақыт ішінде бағындырылуға тиісті басымдықтарды белгілеп берді.
Президент айтқандай, бұл тарихи міндет «Стратегия-2050» негізінде жүзеге асады. Демек, қазақстандықтар алыс уақыттарға көз тікпей, экономика мен қоғамдық өмірдің барлық салаларында қарқынды еңбектің нәтижесінде нақты табыстарға қол жеткізетін болады.
ХХІ ғасыр бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болатынына сенім білдірген Мемлекет басшысы Қазақстан халқын жарқын болашаққа жол бастайтын адамзат баласының мәңгілік құндылықтары – ерік-жігер мен еңбексүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіруге шақырды.
Елбасы белгілеп берген «Қазақстан-2050» жаңа саяси стратегиялық даму бағыты қазақстандықтарды жаңа белестерді бағындыруға жетелейтін және ортақ мақсатқа топтастыратын тарихи құжат болып табылады. Енді экономикамыз жаңа принциптермен дамитын болады.
Әбдіжапар САПАРБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
экономика ғылымдарының докторы.