Бірінші кезекте ерекше тоқтала кететін жайт, өңірлік саясатты лайықты жүргізу ісі бірінші кезекте жергілікті өзін өзі басқаруды уақыт талабына сай жетілдіре отырып, оны тиімді әрі сенімді басқару тетігі ретінде қалыптастыра білуімізге тікелей қатысты. Бұл түсінікті жайт. Десек те, аталған саладағы олқылықтардың орнын толтырып, қажетті түзетулер жасауға тиісті орындардың енжарлық танытып жүргенін жасыра алмаймыз. Осы тұрғыдан келгенде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәселені төтесінен қойып, негізгі түйткілдерді атап көрсеткені талайға қозғау салғаны рас.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында: «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидаты – мемлекеттік аппарат азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс. Бұл бірінші кезекте жергілікті билікке қарата айтылып отыр. Тұрғындармен тікелей қарым-қатынас жасап, олардың проблемаларын шұғыл шешумен дәл осы әкімдіктер айналысады. Бірақ әрдайым осылай болып жатқан жоқ. Жоғары басшылықтың өңірлерде қабылданған шешімдерді түзетуіне, тіпті, кейде солардың орнына шешім қабылдауына тура келеді. Түрлі деңгейдегі әкімдердің батыл әрі дербес қадам жасауға қабілеті жетпей жатады. Олар орталыққа жалтақтап жұмыс істейді. Бұл, негізінен, әкімдердің халық алдындағы қазіргі жауаптылық деңгейі жеткіліксіздігіне байланысты екенін мойындаған жөн. Олардың қызметіне баға бергенде өңір тұрғындарының пікірі ескеріле бермейді», деді.
Осы орайда Президент барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын бағалау тәсілін оңтайландыру керектігін айта келіп, бұл бағытта тәуелсіз әлеуметтік сауалдама жүргізудің маңыздылығына тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, аталған тәсіл арқылы билік органдары жұмысының сапасына тұрғындардың көзқарасы туралы шынайы мәлімет алуға болады. Формальды есептерден гөрі сауалдамадан халықтың көңіл күйі анық аңғарылады. Демек, тұрғындар өз ауылы әкімінің жұмысын бағалауға мүмкіндік алады. Бұл айналып келгенде әкімдердің халық алдындағы жауапкершілігін арттырады.
Қазіргі таңда жергілікті өзін өзі басқару саласын өмір талабына сай дамыту, оның ашықтығы мен әділетті болуын қамтамасыз ету өңірлердегі, жергілікті жерлердегі мәселелерді, тұрғындарды толғандырған түйткілдерді шешудің оңтайлы жолы болары анық. Десек те, қанша жерден басқару үдерісі жетілдірілгенімен азаматтық қоғамның әлеуеті өз деңгейінде іске қосылмай негізгі мақсаттарға қол жеткізу, басты міндеттерді ойдағыдай орындау қиын. Сондықтан өңірлік саясаттың жемісін көру бірінші кезекте азаматтық қоғамның белсенділігіне байланысты. Сондықтан азаматтық қоғамның мәдениетті іс-қимылын арттыратын тиімді тетіктерді іске қосқанымыз жөн.
Президент биылғы Жолдауында саяси жаңғыруды біртіндеп жүзеге асыру – мемлекетіміздің стратегиялық бағдарының басым міндетінің бірі екенін, қолға алынған игі бастамалар тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ететін демократиялық ілгерілеу бағдарымызды нығайтып, саяси жүйемізді сапалық тұрғыдан өзгертетінін айта келіп: «Біздің мақсатымыз – мемлекеттің тиімділігін, саяси үдерістің ашықтығы мен бәсекелестігін одан әрі арттыру. Сондықтан саяси реформалар жалғасады. Мемлекеттілігімізді нығайта түсу үшін барлық өзгерісті еліміздің өзіне тән ерекшелігін ескере отырып, біртіндеп жүзеге асырамыз. Бұл – мықты, әділ әрі озық мемлекет құрудың бірден-бір дұрыс жолы. Азаматтарымыз бұл ұстанымды қолдап отыр. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу аса маңызды қадам болды. Бұл – менің былтырғы Жолдауымда айтылған саяси реформаның негізгі мәселесі. Осы шешім ауыл халқының, яғни қазақстандықтардың 40 пайыздан астамының мүддесіне тікелей ықпал етеді. Біз дұрыс жолдамыз. 2024 жылы азаматтар қанатқақты режімде аудан әкімдерін сайлау мүмкіндігіне ие болады», деді.
Президент одан әрі жергілікті өзін өзі басқару жүйесін одан әрі жаңғыртудың маңызды факторы – азаматтық мәдениетті дамыту екенін, Президент Әкімшілігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, ауылдық жерлердегі азаматтық бастамаларды қолдаудың тиімді тәсілдерін әзірлеуі, гранттық қаржыландыру жүйесін ауылдағы үкіметтік емес ұйымдардың сұранысына қарай бейімдеп, оны алудың жеңілдетілген режімін енгізуі қажет екенін баса айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл өз кезегінде ауылдық жердегі әлеуметтік белсенділікке тың серпін береді.
Жергілікті өзін өзі басқару органдары мен азаматтық қоғамның бірлесе іс-қимыл жасауы елдің дамуына, халықтың атқарушы билікке деген сенімін арттыруға, өңірлердің әлеуетін көтеруге кеңінен жол ашады. Бұл, әсіресе, жергілікті жерлердегі әлеуметтік-экономикалық қордаланған мәселелерді еңсеру, тұрғындардың шешім қабылдауға қатысуының деңгейін өсіру, жергілікті (ауылдық) бюджетті қалыптастыру, қаржыны мақсатты жұмсау сынды көптеген міндеттердің жоғары деңгейде жүзеге асырылуына бағытталған қадам болар еді.
Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдардың жұмысын жандандыру, өңірлердегі үкіметтік емес ұйымдардың белсенділігін көтеру бағытындағы жұмыстардың бір бөлігі – оларды қаржылық және кадрлық ресурстармен қамтамасыз ету. Сондықтан Мемлекет басшысы өңірлік саясатты іске асыруда әлеуметтік-экономикалық даму саласындағы теңсіздікті азайту қажет деп есептейді. Президент аталған теңсіздікті азайтудың басты тәсілінің бірі – бюджет қаржысын басымдыққа сай жұмсау екенін де атап көрсетті. «Республикалық бюджеттен қаржы бөлу әкімдердің пысықтығына, қандай да бір жеке көзқарасқа және басқа да субьективті факторларға байланысты болмауы керек. Бюджет үдерісін «қайта жүктеу» үшін жан басына қарай қаржыландыру тетігін неғұрлым кеңірек қолданып, бюджет лимиттерін бөлудің объективті әдістемесін енгізу қажет. Бюджет үдерістерін жеңілдетіп, бюрократияны барынша азайтқан жөн. Сондай-ақ бюджетті жоспарлау мен орындау кезінде цифрлы тәсілдерді қолдануды кеңейту керек», деді Мемлекет басшысы.
Қорыта айтқанда, Президент ел алдына ауқымды міндеттер қойып отыр. Оларды өз деңгейінде орындауға мүмкіндік мол. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалану – ел дамуының кепілі әрі халық тұрмысын жақсартудың іргелі қадамы болатынына сенгіміз келеді.
Ғаппар СӘРСЕНБАЕВ,
Түркістан қалалық мәслихатының депутаты