Аймақтар • 11 Қазан, 2021

Жаңаөзендегі жақсы істер

520 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Жаңаөзен қаласында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстыру мақсатында қалалық әкімдіктің ұйымдастыруымен республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары үшін баспасөз-туры өткізілді.

Жаңаөзендегі жақсы істер

Жергілікті әкімдіктің мерейлі мереке қарсаңында қуана көрсетер жаңа­лық­тарының бірі – Жаңаөзен қаласынан мем­лекет­тік бағдарлама бойынша салынып жатқан тұрғын үй құрылысы. Жалпы, мұнайлы қалада мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан үйлер бар, соның бірі – «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтерген 160 пәтерлі тұрғын үй. «Рауан» шағын ауданында салынып жат­қан үй құрылысы үшін Жаңаөзен қала­сында алғаш рет Ұлттық қордан қар­жы бөлінген. Биыл бөлінген 1 млрд теңге­нің жұмыстарын 75 адам жүргізуде.

– 160 пәтерлі тұрғын үй құрылысы биыл қыркүйек айында, яғни кеше ғана басталды. Екі блоктан тұратын үйде бір пәтерлі 40, екі пәтерлі 80, үш пәтерлі 80 үй бар. Бір бөлмелі пәтерлер көлемі – 54 шаршы метр, екі бөлмелі үйлер 67 шаршы метр болса, үш бөлмелі үйлердің көлемі – 80 шаршы метр. «Ас-құрылыс» компаниясының бас мердігерлігімен құрылысы басталған үйді толық аяқтап, өз иелеріне 2022 жылы тамыз айында пайдалануға беруді межелеп отырмыз, – дейді Жаңаөзен қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі М.Әбдіров.

Үйлердің қонағы да, бала-шағасы да көп болатын қазақы тұрмысымызға лайықты етіп кең салынуды жоспарлағаны қуантты. Жинақ банкінің салымшыларына берілетін үй мұнайлы қалада баспана мәселесін шеше алмай жүрген көп қандастың қуанышына сеп боларын ойлап қуандық.

Баспасөз-турын ұйымдастырушылар­дың екінші таңдап көрсеткен нысаны қаладан он шақты шақырым қашық­тықтағы 7 мыңнан аса тұрғыны бар Қызыл­сай ауылындағы жаңа дәрігерлік амбула­­тория болды. Бұған дейін ескі және шағын апатты жағдайдағы амбулаторияда басы ауырып, балтыры сыздаған ауыл тұрғындарына дәрігерлік қызмет көрсетіп келген дәрігерлер жаңа орынды күтіп, ауылдағы мәдениет үйінің бөлмелерін сағалаған болатын. Бұл мәдениет қызмет­керлеріне де, дәрігерлерге де, әсіресе ауыл тұрғындарына қолайсыздық туындатып, бәрі де жаңа амбулатория құрылысының тезірек аяқталуын асыға күткен болатын. Көпшілік күткен жаңалық халыққа кең, заманауи дәрігерлік құрал-жабдықтармен және жаңа жиһаздармен жабдықталған, ең бастысы дәрігер мамандары жеткілікті амбулатория болып есік ашты.

– Бүгінгі күн Жаңаөзен қаласы тарихында, Қызылсай ауылы тарихында есте қаларлық күн болды десем, ар­тық айтқандық болмас. Елімізде көп­теген ауруханалар, амбулаториялар ашы­лып жатыр. Бұрын жүрекке отаны бүкіл әлем бойынша медицинасы озық дамыған елдерде ғана жасайтын болса, қазір біздің елімізде сәтті жүзеге асырылып келеді. Тамыр арқылы ота жасау тіпті орталықтан алыс орналасқан облыс орталықтарында да қолжетімді болғандығы үшін қуанамыз. Мұның бәрі біздің еліміздің 30 жыл ішінде жеткен жетістігі және бұл жетістіктер осымен тоқтап қалмайды. Қазақстан қай салада да жаңарған, жаңғырған заман талабына сай жетістіктермен бірге дами береді, – деді Жаңаөзен қаласының әкімі М.Ибағаров.

Оның айтуынша, «Жұмыспен қамту­дың жол картасы – 2020» мемлекет­тік бағ­дар­ламасы аясында құрылыс бір жыл­да са­лынған, 5 мыңнан аса адам тір­кел­ген Қызыл­сай амбулаториясы үшін 400 млн-нан астам теңге қаражат бөлін­ді, қазір жаңа дәрігерлік ғимаратта 40-тан аса ка­би­­нет бар, мамандармен толық қам­тыл­­ған, мұнда емделушілер ультрады­быс­­тық, рент­ген зерттеулері мен тіс емдеу және зерт­хана қызметтерін пайдалана алады.

– Дәрігерлік амбулатория Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамы­тудың 2019-2025 жылдарға арнал­ған кешенді жоспары және Nur Otan партия­сының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мақсатында іске қосылды. Енді Қызылсай ауылының тұрғындары қалаға бармай-ақ, қажетті медициналық көмекті ауылдан ала алады. Дәрігерлік нысан халыққа сапалы, шұғыл қызмет көрсе­теді деп сенемін, дәрігерлік амбулатория құтты болсын! – деді М.Ибағаров ғима­раттың ашылу салтанатында.

Күніне 50 адамды қабылдауға арналған амбулаторияға енді қызылсайлық 5 мың­нан аса тұрғын қажетті кезде өз денсау­лығы үшін бас сұқпақ. Мыңға тарта бала туу жасындағы әйелдер мен 2 мыңнан аса бала тіркелген ауылда жаңа ғимаратта көрсетілетін дәрігерлік қызметтің сапасы қандай болмақ?

– Бір жылға жетпей құрылыс жұмыс­тары аяқталып, қолданысқа берілген амбу­латорияда тәжірибелі, өз ісінің ше­бер дәрігерлері қызмет етеді. Мұнда  педиатр, УЗИ дәрігері, тіс дәрі­гері бар, сондай-ақ 26 медбике, 3 кіші қыз­меткер жұмыста. Жуырда 2 жас маманды қызметке қабылдадық. Амбула­торияда қосымша екпе, фтизиатр ка­бинеттері жасақталды және стомато­логияға соңғы үлгідегі аппарат алып қон­д­ырылды, жүкті әйелдерге арнал­ған кабинет, күндізгі емдеу, ем-шара кабинеті мен скрининг бөлмесі, психолог бөлмесі, оқшаулау бөлмесі мен зертхана бар. Жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетіледі, – дейді №1 Жаңаөзен қалалық емханасы директорының емдік-профилактикалық ісі жөніндегі орынбасары Қ.Балжанова.

Қызылсай ауылында төртінші дәре­желі жедел жәрдем қызметі де бар, яғни ауыл тұрғындарының сұранысы бойынша Жаңаөзен қалалық «жедел жәрдем» қызметінің өкілдері тәулік бойы аталған ауылда болып, өз кабинеттерінде шақырту қабылдайды екен.

Ауыл тұрғындары атынан сөз алған ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Қаменов пен ардагер ұстаз Б.Өскінбаев қуаныштарын жеткізіп, ауылдастары атынан алғыс айтты.

Қалада жаңадан кәсіп бастаушылар саны артып келеді дейді әкімдік қызметкерлері. Солардың бірі гүл сау­дасымен айналысатын Бақтықожа Орысбаев екен. 1994 жылы туған жас жігіт мүмкіндігі шектеулі жандар санатына жатқанмен, өз кәсібін өзгелерден кем жүргізбеуде.

– 2015 жылдан бастап гүл саудасымен айналыса бастадым. Оған 2014 жылы мүгедектерге берілетін жәрдемақы себепші болды. 28 мың теңге ақшаны алып, алдымен кішігірім жұмыстардан бастадық. Гүлдерге орама жасап, гүл шоғырын дайындап қаладағы түрлі мерекелерде, салтанатты шараларда, жекелеген туған күндерде, той-томалақ­тарда сыйға берілетін гүлдерді саттық. Кейін гүл дүкенін ашып, Алматыда арнайы дайындықтан өтіп келдік. Жұмысы­мыздың көкжиегін кеңейтіп, кәсібімізді ұлғайттық. 2019 жылы Еуропада тәжіри­беден өту, букетті заманауи дайындау, яғни орап, безендіру бойынша тәжірибе жинау мүмкіндігі туындады, – дейді жас кәсіпкер Бақтықожа.

Ақтау, Жаңаөзен қалаларынан сау­да орындарын ашқан Бақтықожаның Маңғыстауда 3, Құлсарыда 1 сауда ор­ны бар, енді Атырау қаласынан ашуды жоспарлап отыр. 20 шақты адамды жұмыспен қамтып, оларға жалақы төлеп келген кәсіпкер жұмыспен қамту орта­лығымен арадағы қуанышты жаңа­лықты да жеткізді.

– Жұмыспен қамту орталығы бізге көмектеспек, бұл – үлкен қуаныш, үлкен қолдау. Олар алдымен бір жыл бойы қызметкерлерге 100%, келер жылы 70%, үшінші жылы 30% жалақы төлеп береміз, одан әрі жұмыстарыңызды өздеріңіз жүргізесіздер деді. Бұл бізге мемлекет тарапынан зор көмек, сондықтан рахмет айтамыз. Мұндай жағдайда біз әлі де жұмысқа адам қабылдаймыз, – деді ол.

Жаңаөзенге гүлдер Амстердамнан, Кениядан, Эквадордан ұшақпен, жүк көліктерімен тасымалданады екен. Үлкен компаниялармен серіктес, Эквадорда брокерлері бар жаңаөзендік жас кәсіпкер гүл саудасының толастамайтынын, әсіре­се голландиялық раушан мен экзотикалық гүлдерге сұраныс көп екенін айтады.

Отбасында бір қыз баланы тәрбиелеп отырған, қиындықта сағы сынбаған қайсар жігіттің кәсібі көпке үлгі.

Жаңаөзен қаласындағы психолог, дефектолог Айгерім Нұрадинованың қызметі де тұрғындардың сұранысына ие. Балалар арасында жиі кездесетін тілдік тежелулерінің алдын алу мақсатында ашқан логопедиялық орталығына қазір 12 бала келеді. Аптасына үш рет бір сағаттан қатынайтын олар сөйлеп үйрену, тілін жаттықтыру бағытында психологиялық көмек алады. Бұған дейін балаларды кабинетте қабылдаған Айгерім өз қызметіне жүгінушілердің санының артуына орай арнайы орталық ашуды жөн деп тапқан. «Алдағы уақытта қасыма мамандар алып, бүгінгіден де жақсы нәтижелерге қол жет­кізгім келеді. Мысалы, жекелеген жұмыс­тармен бірге топтық жұмыстың берері көп, сондықтан топтық жұмыстар жүргізуді мақсат етіп отырмын. Сондай-ақ логопед-дефектолог мамандарды жұмысқа алып, есепте тұрған, мүмкіндігі шектеулі балалар үшін тегін әрі жеке жұмыс істегім келеді, – дейді психолог-дефектолог А.Нұрадинова.

Жаңаөзенде Тәуелсіздіктің 30 жыл­дығы аясында атқарылар жұмыстар жал­ғасын тауып, халық тұрмысының көр­кеюіне, ел дамуына үлесін қоса берсін, өйткені әрбір ауылдың, қаланың дамуы – ел дамуына қосылар зор үлес.