«Өткенге саяхат» («A Journey of a Memory») – көрерменді бейсана әлеміне жетелейтін бірегей қойылым. Бұл бір актілі балеттің идеясы атауынан-ақ көрінеді. Жас неміс балетмейстері Раймондо Ребектің өнерге деген көзқарасы бөлек, ол − адам жадының елеске толы күйін қалай сездіру керегін өзінше топшылайды.
Талай ғасырлық тарихы бар көне алтын жақтаулар мен ескі шырағданның имитациясы қолданылған әсерлі сценография және Фредерик Шопен, Эцио Боссо, Филипп Гласс пен Фазыл Сайдың романтикалық әуендеріне қойылған заманауи пластика – өткен шақ, осы шақ пен болашақ жайлы ой қозғайды.
«Балет кейіпкері осы шақ пен өткен шақтың екі ортасында қалғандай күй кешеді. Айнаға қарап өзін ғана емес, өзін мазалаған ойларын да көргендей болады. Өмірінің жарқын шақтары түрлі кинофильмдердің кадрлары іспетті жарқ етіп, жадында жаңғырады», дейді хореограф Раймондо Ребек.
Хореограф Рикардо Амарантенің аргентиналық ұлы композиторлар Астор Пьяццолла мен Пабло Циглердің музыкасына сахналаған «A Fuego Lento» («Баяу жалын») неоклассикалық балеті – балетмейстердің махаббат, ынтық сезім мен құштарлық жайлы еркін романтикалық фантазиясы. Ішкі қуаты мен харизмасының арқасында бұл спектакльді әртістер де, көрермен де ұнатады. Себебі онда орындау техникасы мен тангоның ғажайып иірімі шебер өрілген.