Әлемнің дамыған елінде инновациялық жаңа жобаларды экономиканың, жаңа технологияның жетістіктері ретінде қарайтындығы белгілі, өйткені инновация дегеніміз – еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыратын іс. Әсіресе, инновациялық білім технологияларын өмір салаларына енгізу – жаңалықтың жаршысы болып табылады. Міне, бұл орайда Елбасы Жолдауында айтқандай, инновациялық технологияларды дамыту, жаңа бастамаларды өмірге ендіру жалпы елімізді дамытудың жолдары. Соның бір дәлеліндей, жақында Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында да алғаш рет «А» корпусының мемлекеттік қызметшілерін онлайн-қашықтықтан оқыту» инновациялық жобасы өз жұмысын бастады.
Бұл тынымсыз дайындық жұмыстары арқасында жүзеге асырылған екен. Осылайша академияда шетелдердің жетекші ғылыми орталықтарының инновациялық технологияларына негізделген, «А» корпусын оқыту үшін іргелі, іс-тәжірибеге ұштастырылған онлайн-қашықтықтан модульдері құрастырылған көрінеді. Сөйтіп, аталған басқару академиясы өзінің қазіргі коммуникациялық жабдықтарын пайдалана отырып, «А» корпусының басқарушыларына Қазақстан Республикасындағы стратегиялық жоспарлау мен бюджеттеу; мемлекеттік органдардағы кадрлар менеджменті; басқарушылық шешімдерді әзірлеу мен қабылдау пәндерін зерделеу бойынша инновациялық білім технологиялары саласына енуге мүмкіндік берген.
Оқудың соңғы кезеңінде академияның профессор-оқытушылар құрамы, курстың тыңдаушылары бірқатар тренингтер, атап айтқанда, Академияның психолог оқытушыларының басшылығымен «А» корпусының мемлекеттік қызметшілерінің құзыреттігін дамыту үшін коуч-тренингтер ұйымдастырып, өткізеді. Ал академия «А» корпусы үшін олардың кәсіби, басқарушылық және тұлғалық құзыреттерін тиімді іске асыруға мүмкіндік беретін білімді қалыптастыру мақсатында қолайлы жағдай туғызады.
Оқыту барысында тәжірибелік құрам бөлігі оқитындар үшін кейстер дайындау түрінде айқындалатын болады дейді. Кейстермен жұмыс «А» корпусына алғаш тағайындалған мемлекеттік қызметшілерге командамен жұмыс істеу, тиімді басқарушылық шешімдерді қабылдау, ақпарат көздерімен және тығыз уақыт шеңберінде жұмыс істей білу дағдыларын көрсетуіне мүмкіндік беретіндігі сөзсіз.
Курсты ойдағыдай игерген мемлекеттік қызметшілерге қайта даярлаудан өткенін растайтын құжат тапсырылады. Сөйтіп, осы жылы «А» корпусына алғаш тағайындалған әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің 5 қайта даярлау курсын ұйымдастыру жоспарланған. Атап айта кетер жәйт, бұл жобаны іске асыру Мемлекет басшысының мемлекеттік қызметшілерді оқыту үрдісін жаңғыртуға байланысты нақты тапсырмаларын орындауға негізделген.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».