Спорт • 12 Қазан, 2021

Сейдахмет Бердіқұлов атындағы байқау жарияланды

691 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті 11 қазаннан бастап спорт тақырыбына маманданған БАҚ өкілдері арасында танымал қаламгер, қоғам қайраткері Сейдахмет Бердіқұлов атындағы дәстүрлі байқауға материалдар қабылдау басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сейдахмет Бердіқұлов атындағы байқау жарияланды

Сыйлық үш журналистке беріледі. Оның ішінде екі сыйлық – қазақ тілінің мәртебесін арттыру мақсатында жарияланған материалдар үшін, бір сыйлық – орыс тілінде жарияланған материалдар үшін.

Байқауға қабылданатын жұмыстың негізгі тақырыптары:

1. Қазақстандық спортшылардың Әлем, Азия чемпионаттарда, Халықаралық Гран-при, «А» санатындағы турнирлерде, Қазақстан чемпионаттары мен біріншіліктерінде (жасөспірімдер, т. б.) өнер көрсетуі;

2. Еліміздегі БАҚ-та балалар, бұқаралық, дене мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған және ұлттық спорт түрлерін (Паралимпиада бәсекелері, ұлттық спорт түрлерінен фестивальдер, ауыл ойындары және т. б.) насихаттау;

3. Дене шынықтыру мен спорт мәселелерін көтеретін және оларды шешу жолдарын ұсынатын мақалалар, материалдар, бағдарламалар, очерктер;

4. Қазақстандық спортшылардың лицензиялық жарыстарда өнер көрсетуі жайлы телевизия және радио бағдарламалар, фильмдер, очерктер, газеттер мен журналдардағы, электронды порталдардағы материалдар;

5. Қазақстандық жазушылардың авторлық жұмысы (кітаптар, спорт энциклопедиялары және т. б.);

Байқау жеңімпаздары «Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты» төсбелгісімен, қаржылай сыйақымен және арнайы дипломмен марапатталады.

Өтінімдер мен жұмыстарды [email protected] электронды адресіне («Бердіқұлов атындағы сыйлық. 2021 жыл» тақырыбымен) жолданады, байқау 26 қазанға дейін жалғасады.