Мен дүниеге сәулет бере, бақытты боп келіппін. Ай аспанда нұрын себе, таң жұлдызын көріппін. Ащы сәби дауысымнан күн мерейі жібіпті.Таулар балқып, құздар шалқып, түн түндігін түріпті.
Алпысқа аяқ басқанша бір жас иіске зар болған Күлияс қарияның шаңырағына шаттық ала келген шарананы енді оншақты жыл өткесін осылайша шабыттана шалқыр деп ешкім де ойлаған емес. Бәленбай жыл бірге тұрмыс кешсе де пұшпағы қанамаған Қалиман бәйбішесінің ерлігі, кеңдігі болмаса мұндай бақытқа қол жеткізу қайда. Өзінен ештеңе өне қоймасын дер кезінде ұғынып үлгерген кеңпейіл жан Кемпір ұрпағының үзілуіне жол бермеген. Ел ішінен таңдап жүріп, 25 жастағы Жаңылды алпысты алқымдаған күйеуіне әкеп қосқан.
Жаңыл ана қатарынан төрт қызды дүниеге әкелді. Тумысынан сезімтал Гүлмәрия әкесінің ұл аңсап көңілі жабырқайтынын сезетін. Сөйтетін де, қыздың ғана емес, ұлдың да шаруасын атқаруға тырысатын. Әкесі екеуі диірменге ұн тарта барғанда қап-қап бидайды арқалап арбаға тиейді. Шалғымен десте-десте шөп шабады. Бақша суарып, балшықтан кірпіш құяды. “Қызымды он ұлға айырбастамаймын” деп, әкесі мәз. Алдыңғы үш қыз бен кештетіп өмірге келген жалғыз ұл және кенже қыздың да салмағын арқалауды осы Гүлмәрияның маңдайына жазыпты тағдыр. 86 жасында дүниеден озған әкесінің қайғысын көтере алмай, араға екі жыл жетер-жетпес уақыт салып, небәрі 49 жас ғұмыр кешкен анасы да өмірмен хош айтысып жүре берген.
Гүлмәрияның бұдан былайғы өмірі бейнетке, ізденіске толы болды. Артынан ерген бауырларын жеткере жүріп, ҚазМУ-ға түскен.
Мүлдем хош айтысты деуге де болмайтын шығар. Ол алғашқы еңбек жолын Қазақ теледидарында спорт комментаторы болудан бастады. Бұған дейін спорт тақырыбымен эфирге шыққан қазақ қыздары болған емес. Бұл 1980 жыл еді. Әлі әзір бола қоймас та ма еді, егер Қазақ теледидарының негізін қалаушылардың бірі Совет Мазғұтов пен спорт телекомментаторы Өмірзақ Жолымбетовтің көрегендігі болмаса. Гүлмәрияның бойындағы қабілетті байқап білген ұстаз студент шағында-ақ оны теледидарға баули бастаған. Кейіннен оқу бітірген Гүлмәрияны Өмірзақ Жолымбетов спорт редакциясына жетектеп алып келген.
Гүлмәрия Барманбекованың тележурналист ретіндегі нағыз кемеліне келіп, толысқан шағы қоғам өміріндегі қилы кезеңдермен тұспа-тұс келді. Қылышынан қан тамған Кеңес империясы күйреп, күтпеген күй кешіп, бір үміт, бір күдікпен аңырып қалған шақ. Зауыт-фабрика атаулы қаңтарылып қалған. Жұмыс орындары тарқап, небір “мен” деген азаматтар екі қолын құшақтап, абдырап қалды. Жоғарғы Кеңесте “Аңырақай шайқасы” жүріп жатты. Жер дауы мен мемлекеттік тіл мәселесін шешу оңайға соқпады. “Жер сатып күн көрейік” деді кейбір пысықайлар. “Жер сатылмайды!” деді Шерхандар. Мемлекеттік тіл екеу болсын деді коммунистік рухпен нәрленгендер. Дәп осындай айқастың тұсында – Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің ХІІІ шақырылымында Гүлмәрия Барманбекова Қазақ теледидарының Жоғарғы Кеңестегі тілшісі қызметін атқарды.
Өткен ғасырдың 90-жылдары ел егемендігін алып, өзін-өзі іздей бастаған тұс. Мұстафа Өзтүрік, Мұртаза Бұлытай, Ибрагим Гулер секілді сыртта жүрген қазақтың бас көтерер азаматтары елін тауып жатты. Жұмыр жердің бетінде қазақ деген ұлттың бар екенін жат жұртқа танытып, ел туын желбіреткен спортшылар Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Талғат, Қанат Байшолақовтар – журналист Гүлмәрияның телетуындыларына арқау болған тұлғалар.
Қоғамдағы құбылыстар елдегі жалғыз теледидардың тіршілігіне де айтулы өзгерістер әкелген. Қазақстан телерадиокомитетінен КТК, одан кейін Алматы арнасы бөлініп шықты. 31-арна құрылды. Бертін келе “Хабар” агенттігі бөлініп шықты. Ең қиын тұс осы болды. “Қазақстан” арнасы бар жақсы техникасын “Хабарға” беріп, жалаңаштанып қала берді. Журналистер айлап еңбекақы алмай жұмыс істеген кездер болды. Мол айлық іздегендер басқа телеарналарға тарыдай шашылды. 10 жыл бойына көрермендерінің көзайымына айналған Гүлмәрия Барманбекованың авторлық “САПА” бағдарламасы дәп осы тұста, 1995 жылдың 19 қарашасында дүниеге келді.
Бұл – тұтынушы тақырыбын қозғаған республикадағы алғашқы телебағдарлама болатын.
Бүкіл саналы ғұмырын Қазақ теледидарына сарп еткен майталман тележурналист Гүлмәрия кезінде тәп-тәуір өлең жазды, спорт саңлақтары жөнінде “Жарыс жолында” деген кітабы шықты.
Жаратылысынан ана болуға лайықталған міндетін табиғи нәзіктікпен қабылдаған ол қызметтегі мансап-атақтан гөрі отбасының ынтымақ-ырысына, қос қарашығы Арман мен Рауананың тәлім-тәрбиесіне көбірек көңіл бөлуді жөн санаған. Ата күшімен, ана сүтімен тал бойына дарыған адалдығы, намысқойлығы, қандай жағдайда да ұятын биік қоятыны – тұтастай тағдырының туы.
2006 жылдың ақпанындағы апат Гүлмәрия мен Кенжебекті есеңгіретіп естерінен тандырды. Төрт жасар Айша, екідегі Дана періштелерімен Рауана жол үстінде қайғылы қазаға ұшырап, екі бірдей отбасы, ағайын-туған аңырап қалды. Құлдыраңдаған құлыншақтары, айы, күні, асылы, жаны, жарығы... Кенжекең екеуінің жүрегінде, миында, сана-сезімінде, тынысында, лебінде, демінде-бәрінде... Жас қыршындардың өткерген де, өткермеген де өмірлерін өздері кешуде, өкінішімен, өксігімен, мұңымен, төзімімен, тәубесімен. Сабырмен төзу айтуға ғана жеңіл. Несіне жасырсын, өмірдің мәні кетіп, күлу дегеннің не екенін ұмытып, құр сүлдері қалғанда, үш ботасының қасына асыққан сәттерді де бастан кешті. Мына жақта екеуі – ұлы мен жан жары, о жақта үшеуі... тәрізді біртүрлі суық ой Гүлмәрияның зердесін перделеп, тылсым дүниеге ынтықтырған сұмдық сезімнің шырмауынан шыға алмай-ақ қойған.
Құса болған ананың бойынан әл кетіп, тамағынан ас өтпей, бір қасық су ішсе қайта құсатынды шығарды. Ақыры аурухана төсегіне арбаға салып зорға жеткізген. Таң алды еді, жатқан төсегінен денесі көтеріліп бара жатты. Құдай-ау ұшатындай ма, қалай. Биіктен Айша мен Дананы көзі шалып, есі кете қуанды. – Жеттім-ау әйтеуір, – дегенінше болған жоқ, Айша: “апа, жетеді енді, тұрыңыз!” деді. Дауысы кәдімгідей анық естілді. Жоғары көтеріліп бара жатқан Гүлмәрия төсекке топ ете түсті. Екеуі де көзден ғайып болды. Төңірек тып-тыныш, таң атып келеді екен. Бір түрлі жаны жайбарақат күйге бөленді. Тұлабойын буған азаптан сытылып, жарыққа көзін ашқандай. Саңылауында сақталып үлгерген Айшаның бұйыра айтқан сөзі күш-қайратымен қайтадан табыстырды. Дертінен айықтырып, ортасына оралтты. Үміттерін ақтап, өздерін әлпештеп отырған ұл мен келінге алғыстары шексіз. Арман мен Әлиманың арқасында не ішем, не кием, қалай, қайтіп, қайда емделеміз демейді. Қуанышқа кенелтіп өмірге келген немере Алуаның балдай тәтті қылығы да үлкен демеу. Кезінде қазақ теледидарының еңлікгүлі атанған танымал журналистің ендігі зейнеткерлік кезеңіндегі шығармашылығына дәп осы кішкентай балапаны арқау болар-ау.
Осынау зиялы отбасынан жанға жайлы жылылық есіп тұратыны ғажап. Кенжекең мен Гүлмәрия одағының өнеге тұтарлықтай беріктігі, сезім пәктігінің сақталуы кез-келгенге бұйыра бермейтін бақыт. Бәлкім, басым көпшілігіміздің айдаладан далбасалап іздеп таппай жүрген сәттілік, табыс, тіпті шығармашылық шабыт дегеніміз осы: сүйіп қосылған екеудің кешірімділік, имандылық кеңістігін құруы шығар...
Мағира ҚОЖАХМЕТОВА, жазушы, Халықаралық “Алаш” сыйлығының лауреаты.