Алақандай ауыл іргесіндегі айдын, жағасында екі-үш адам жүрсе, бір шетінен мал су ішіп тұр. Қайықпен жүзіп жүргендерді де көзіңіз шалады. Талай тарихтың куәсі болған кәрітұманың жағасын қамыс басып, жиегі тартыла бастаған. Осы көріністі көргенде жүрегіңіз солқ етеді. Суретші соны бояу тілімен көркем жеткізе білген.
Қылқалам шебері кезінде толқыны тайдай тулап, буырқанып жатқан Арал теңізінің қолтығындағы Қаратерең деген ауылда өмірге келіп, жасынан сурет салуға құштар болып өскен. Оған үйдегі ата-анасы мен бауырларының да ықпалы тиген деуге болады. Ол жайында суретшінің өзінің де айтқаны бар.
– Әкем соғысқа қатысқан майдангер еді. Ол кісі көзі тірісінде ағаш жонып, балта ұстаған емес. Бірақ құрдастары «Ізтілеу жас күнінен қолы ісмер, шебер болатын» деп айтып отыратын. Соған қарағанда бойымдағы өнерім әкемнен дарыған секілді. Алдымдағы ағаларымның да сурет салатын өнері болды. Содан ба, бала күнімнен бейнелеу өнерін жақсы көрдім, − дейді өткен күннен сыр тартып.
Орта мектепті аяқтағаннан кейін, анасы мен кішкентай бауырларына қарайлап, ауылда қалып жұмыс істейді. Осы екі арада Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп қайтады. Содан соң Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесіне барғанымен жолы болмай, сосын Қызылордаға оралып, облыстық Суретшілер одағы филиалында қызмет істейтін Жаңаберген Осымбетов деген жерлес суретші ағасының қасында жүріп, бейнелеу өнерінің қыр-сырын үйренеді. Сөйтіп, келесі жылы Н.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесіне қабылданып, ұлттық бейнелеу өнерінің майталмандары − Қалиолла Ахметжан мен Аман Бақтығалиевтің тәлім-тәрбесін алады.
Шыныбай Пірімбаев − В.И.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік академиялық көркемсурет университетінде оқыған, отандық санаулы суретшілердің бірі. Мәскеуде оқыған жылдар оған қанат бітіріп, шалқар шабыт сыйлады. Бірегей оқу орнындағы ұлағатты ұстаздардың өнегесін көріп, шеберлігін шындады. Күмбездері күмбірлеген көне қаладағы мұражайларды аралап, орыстың атақты суретшілерінің туындыларын тамашалады.
Ол кісіні пейзаж жанрының тайпалған жорғасы деуге болады. Оның шығармашылығында табиғаттың ғажайып құбылыстары айрықша орын алған. Суретшінің әр қартинасы түрлі түстерге бай, бояуы қанық болып келеді. Мысалы «Көктем» деген туындысын алайық. Кәдімгі астананың сағындырып кеш жететін көктемі. Бірақ ол автордың қылқаламының әсерімен керемет құлпырып кеткен. Шайдай ашық аспаннан күн шұғыла шашып тұр. Жасыл желек жамылған ағаштардың жапырағы сыбдыр қағып, көңіліңізді нәзік сезімге бөлейді. Осы көріністер арқылы суретші бейбіт өмірдің қадірін философиялық оймен бедерлеген. Ақбас Алатаудың баурайындағы «Есік көлі» деген еңбегі де сұлулығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ «Жым-жырт», «Ауылға апарар жол», «Астананың шеті», «Көктем», «Өзен бойындағы үйлер» атты картиналары да ойлылығымен, көркемдігімен көз тартады.
«Шыныбай – өте талантты суретші. Ресейдегі В.И. Суриков атындағы көркемсурет университетін тәмамдаған түлектердің бәрі де жоғары бағаланады. Сонымен бірге, ол – Еуропадағы бейнелеу өнерінің түрлі мектептерінен дәріс алып, өз шеберлігін байытқан жігіт. Суретшінің қолынан шыққан кез келген шығармаларынан философиялық ой түюге болады. Оның бәрі тазалығымен тәнті етеді», дейді белгілі суретші Ермек Асылханов.
Осыдан алты-жеті жыл бұрын Шыныбай ағамыз әлемдік бейнелеу өнерінің тарландары туған Португалия, Испания, Италия, Түркия елдерінде болып, білімін жетілдіріп қайтты. Сол іссапар аясында көрме өткізіп, қазақ қылқалам шеберінің туындылары сурет өнерін жоғары бағалайтын еуропалықтарды сүйсінтеді.
– Жақсы суретші болу үшін практиканы ғана емес, теорияны да жетік білу керек. Біз шетелге барып, атақтылардан дәріс тыңдадық. Өмірден жинаған қорымыз мол. Біздің музейлерге әлемге танымал суретшілердің картиналарының көшірмесін салып, іліп қойса болады. Балалар соны көріп, әсерленер еді. Негізі, елордада бейнелеу өнерінің музейі бөлек болса деймін. Әлемдегі туристердің дені бейнелеу музейін көруге келеді. Бұл ел бюджетіне қаншама қаржы түсіреді. Айталық, өзім шетелге бара қалсам, алдымен мұражайды аралауға асығамын. Шетелдіктер халықты өнерімен бағалайды. Мысалы, Голландиядан қаншама талантты суретшілер шықты. Сол арқылы мемлекеттің де атағы жер жүзіне жайылды. Осындай насихат бізге де керек, – дейді ол.
Талантты қылқалам шебері біраз жылдардан бері бас қалада тұрып, жаңа астананың келбетін көркемдеген көптеген топтамалық туындыларды өмірге әкелді. Қазақ ұлттық өнер университетінде бейнелеу өнерінен жастарға дәріс оқиды. Шыныбай аға өте қарапайым, жылы жымиып жүреді де қояды. Адами қасиеті де тәнті етеді.
Міне, елордаға күз келіп, алғашқы қар да жауды. Табиғаттың осындай тосын құбылыстарынан суретшілер шабыт алады. Осы сәтті қалт жібермеу үшін ол кісі де асай-мүсейін арқалап, табиғат аясына шығуға асығып бара жатқан болар...