– Құрметті елші мырза, Қазақстан мен Моңғолия – көршілес әрі бауырлас елдер. Жақында Қазақстан мен Моңғолия арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. Екі ел арасындағы бүгінгі ынтымақтастықтың сипаты қандай? Екіжақты байланыс қандай деңгейге жетті? Болашақта қандай бағытта дамиды деп ойлайсыз?
– Менің Қазақстанға елші болып тағайындалғаныма 4 жыл болды. Қазақстаннан басқа, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Грузия елдерінде де қатар қызмет етемін. Жақында осы елдермен дипломатиялық қатынас орнатқанымызға 30 жыл толады.
Моңғолия – Қазақстан елдерінің саяси қарым-қатынасы аса жоғары деңгейде дамығанын атап өткім келеді. Мен өз басым қызмет еткен 4 жылда Моңғолия Премьер-Министрі ресми сапармен Нұр-Сұлтан қаласына келді, осылайша екі елдің қарым-қатынасы, ынтымақтастығы жаңа белеске көтеріліп, он шақты маңызды құжатқа қол қойылды.
Енді, міне, осы қазан айында Моңғолияның Сыртқы қатынастар министрі Б.Батцэцэгтің Қазақстанға ресми сапары ұйымдастырылып отыр. Ол Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеубердімен кездесіп, екі елдің қарым-қатынасын, ынтымақтастығын әрі қарай дамыту, келесі жылы дипломатиялық қатынас орнатқанымыздың 30 жылдық мерейтойын атап өту секілді көптеген мәселелерді талқылайтын болады.
Екі ел Парламенттері арасындағы байланыстар да қарқынды дамыды. Қос елдің байланысы, ынтымақтастығының заңдық негіздемесін қалайтын 60-тан астам құжатқа қол қойылған. Моңғолия мен Қазақстанның халықаралық саясаттағы көзқарастары мен ұстанымдары ұқсас. Сыртқы саясат бағытында біздің елдеріміз бірін-бірі ұдайы қолдап келеді. Соңғы жылдардағы жоғары деңгейдегі және басқа да өзара кездесулер, сапарлардың көбеюі екі мемлекеттің ынтымақтастығын нығайтып, халықтарымыздың бауырластық байланысының беки түсуіне серпін бергені анық.
– Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық қалай дамып жатыр? Өзге қандай салаларда тығыз байланыс орнады?
– Моңғолия мен Қазақстанның сауда айналымы 20 миллион доллар көлемінде. Бұл – өте аз. Өткен жылы Моңғолия Премьер-Министрінің ресми сапары кезінде бұл мәселе ашық талқыланды. Біздің Премьер-Министрмен бірге Моңғолияның сауда, өндіріс палатасының өкілдері, ондаған компания, фирманың іскерлері келіп, он шақты келісімшартқа қол қойған. Өкініштісі, пандемия салдарынан екі елдің шекарасы әлі жабық.
Жалпы, Моңғолия мен Қазақстан минералды қазба байлық саласында ынтымақтастық орнатып, бірлесе жұмыс істеуіне үлкен мүмкіндік бар. Әсіресе, түсті металлургия, сирек кездесетін элементтер, уран, мұнай саласында Қазақстан жинақтаған бай тәжірибеге сүйеніп, өзара тиімді қатынасты дамыту мүмкіндігі, талабы туындап отыр. Уран кенін игеру, өнімін байыту технологиясы саласында Қазақстан әлемдік аренаға шығып, дүниежүзілік нарықта ауқымды қызмет көрсетіп жатқанынан хабардармыз. Осы сала бойынша екі елдің ынтымақтастығы жаңа сатыға көтерілуіне толық мүмкіндік бар.
– Моңғолияда қазақ ұлтының үлкен шоғыры қоныстанған. Сол ағайындардың тұрмыс-тіршілігіне, хал-ахуалына тоқтала кетсеңіз. Қазақ жұртшылығы шоғырланған Баян-Өлгий аймағында Қазақстан дипломатиялық өкілдігін ашу туралы айтылып жүр. Осы жайлы пікіріңізді де білгіміз келеді.
– Моңғолиядағы өзге ұлт өкілдерінің ішіндегі саны жағынан ең көбі – қазақтар. Олар Баян-Өлгий аймағында шоғырланып өмір сүреді. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған соң дүние жүзіне таралып кеткен қандастарын елге оралуға шақырып, көшіріп алу ісін қарқынды жүргізді. Моңғолиядан 90 мыңдай қазақ ағайын Қазақстанға көшіп келген. Моңғолияда өмір сүріп жатқан қазақтар – Моңғолия қоғамының ажырамас бір тобы. Қазақстан тарабы Баян-Өлгий аймағында дипломатиялық өкілдік ашу туралы ұсыныс білдіріп келеді. Бұл мәселе жайлы келіссөз жүргізілу үстінде.
– Моңғолия Қазақстанның халықаралық бастамаларын, оның ішінде өңірлік қауіпсіздікті нығайту бағытындағы қызметін, Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру секілді ұсынысын қолдағаны белгілі. Сондай-ақ БҰҰ, АӨСШК және МАГАТЭ сияқты халықаралық ұйымдар аясында екі елдің өзара іс-қимылын ілгерілету мәселесі көтеріліп жүр. Осы тұрғыда қандай қадамдар жасалуы керек деп ойлайсыз?
– Моңғолия Қазақстан Республикасының өңірлік қауіпсіздікті нығайту, Орталық Азияда ядролық қарудан тыс аймақ құру жөніндегі бастамаларын әу бастан қолдап келеді. Айталық, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастамашылық еткен АӨСШК жиынына Моңғолия делегациясы алғашқы шақырылымнан бастап тұрақты қатысып келеді, сонымен бірге 2021 жылы маусымда АӨСШК-ке мүше елдердің қарым-қатынасын үйлестіру туралы Декларацияға Моңғолия өкілдері қол қойғаннан кейін белсенділік арта түсті.
Моңғолия Қазақстан Республикасының Орталық Азияда ядролық қарудан тыс аймақ құру туралы бастамасын қолдап, сонымен бірге өз тарапынан Моңғолияның ядролық қарусыз аймақ мәртебесін халықаралық деңгейде нығайта түсу бағытында қызмет еткенде Орталық Азияда ядролық қарусыз аймаққа енген елдермен өзара қажетті ақпарат, мәлімет, тәжірибе алмасып отыр. Ядролық қаруы бар екі державамен шекаралас Моңғолия 20 жылдан бұрын аумағын «Ядролық қарудан тыс аймақ» деп жариялап, бұл мәртебесін іс жүзінде қамтамасыз ету бағытында қарқынды қадамдар жасап келеді. 2012 жылы қыркүйекте ядролық қаруы бар 5 держава Моңғолияның ядролық қарусыз аймақ мәртебесін мойындап, оған қауіп келтіретін қадамға бармайтынын мәлімдеген.
Біздің ел МАГАТЭ ұйымы аумағында Қазақстанмен бірлесіп қызмет атқарумен бірге әрі қарай Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігімен байланыстарды нығайту, ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалану, ядролық және радиоактивті заттарды сақтау, қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мамандар даярлау бағытында бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі. Бұл бағытта Ядролық энергия саласында ынтымақтаса қызмет жасау туралы Моңғолия Ядролық энергия комиссиясы мен Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің арасында ортақ меморандум орнатуға дайындық жасалуда.
– Моңғолия – COVID-19 індетіне қарсы вакциналау кезінде үздік нәтиже көрсеткен елдердің бірі. Тіпті кейбір Батыс елдерінен оқ бойы озық тұр. Шетелдік мамандар мұны Моңғолияның ынтымақтастыққа негізделген сыртқы саясатымен байланыстырады. Сіздің еліңізде халықты вакциналау ісін ынталандыруға қандай шаралар қолданылды?
– Моңғолия COVID-19 шыққаннан кейін шекарасын жауып, азаматтарымыз 8 ай бойы бірде-бір рет вирус жұқтырмаған болатын. ДДҰ нұсқауына сәйкес халықты вакциналау жұмысы қолға алынған. Жалпы, халқымыздың 65,6 пайызы, яғни 2 132 912 адам толық вакцина салдырды. Иммунитетті көтеру үшін үшінші дозаны 332 801 адам алды. Біздің халық бұл шараға түсіністікпен қарап отыр. Алғашқы кезеңде Astra Zeneca, Sinofarm, Sputnik V вакциналарын қабылдаған болса, Pfizer-ді жасы ұлғайған адамдар мен жасөспірім балаларға салу басталды. Бүгінгі жағдайда ауруханада 20482 сырқат, үйде бақылауда 58394 науқас емделу үстінде, 1331 адам қайтыс болды.
– Қазақ пен моңғол халықтарында ортақ қазына көп. Біздің халықтарымызды тамыры терең тарих, ұқсас тұрмыс-тіршілік, ортақ мәдениет байланыстырады. Екі елдің қазіргі тарихи, мәдени байланысын қалай бағалар едіңіз? Рухани байланысты одан әрі тереңдете түсу үшін қандай шараларды қолға алғанымыз жөн? Былтыр күллі түркі әлемі Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде атап өтті. Сондай-ақ ЮНЕСКО 2020 жылды «Білге Тоныкөк жылы» деп жариялады. Моңғолия көлемінде бұл мереке қалай аталып өтті? Жалпы, Моңғолияның түркі әлемімен ынтымақтастығы жайлы айтып берсеңіз.
– Моңғолия мен Қазақстан – халықтарын ежелгі тарихтың сүрлеуі тұтастырып тұрған, көршілес өмір сүріп, көшпенділер өркениетінің ғажайып қазыналарын бірлесіп дүниеге әкелген бауырлас әрі дос елдер. Әлем тарихын дүр сілкіндіріп, даңқты із қалдырған біздің халықтарымыздың тарих, мәдениет, тұрмыс-шаруашылығының желісі ортақ, салт-дәстүр, рух мирасы, тілінің шығу тегі, мемлекеттік дәстүр сабақтастығы арналас болғанын бүгінгі ғылым қол жеткізген деректер айқын дәлелдеп отыр.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында Ұлы дала көшпенділерінің өркениеті мен бай тарихын уақыт пен кеңістіктің қиылысында кешенді зерделеп, қорытынды жасағаны баршамызға болашағымызды бажайлайтын айқын бағдар беріп, өткен тарихымызды таразылап, тағылым түйетін сергек көзқарас туғызып отыр.
Қазіргі жаһандану дәуірінде әлемдегі елдер бір-бірімен тығыз байланыс жасап, әсіресе, көршілес мемлекеттердің экономика, сауда, нарықтық байланыстарын нығайтып, өзара әріптестік мүмкіндіктеріне қолдау білдіруі артып келеді. Осынау еркін де жарасымды ынтымақтастыққа алдымен біздің елдердің тарихы, мәдени бай мұрасы алтын арқау болады деп кәміл сенемін.
2020 жылы Моңғолия аумағында орналасқан ежелгі Түркі қағандығының қолбасшысы, дана Тоныкөк жазуының 1300 жылдығын ЮНЕСКО тарапынан атап өтуге шешім қабылданғанын біздің тарап қолдап, бұл іс-шараға еліміздің зиялылары, көрнекті ғалымдары белсенді қатысып, маңызды баяндамалар жасады.
Моңғолияның Ғылым академиясы, Ұлттық музейі, тарих және этнология институты, археология институты, архив агенттігі секілді ғылыми ұжымдармен Халықаралық Түркі академиясы ұзақ жылдар бойы тұрақты ынтымақта жұмыс жүргізіп, ортақ жобаларды табысты атқарып, Моңғолия жеріндегі көне түркі мұраларын зерттеуде тегеурінді қадам жасап келеді. Академия жанынан ортақ мирастарымызды зерттеуге арналған «Алтайтану, Түріктану, Моңғолтану» қауымдастығының тұрақты хатшылығы құрылып, сондай-ақ «Моңғолтану» орталығы ашылып, ғылым саласында қомақты нәтижелерге қол жеткізілді, зиялы қауымның зор алғысына ие болған игі істер тындырылды. Бұл рухани байланыстардың болашағы жарқын екенін арнайы айта кеткім келеді. Әсіресе, көшпенділердің қазынасын зерттеу бағытында екі елдің тарихшы, археолог мамандарының байланысы соңғы жылдары қарқын алды. Моңғолия мемлекеті осындай ғылыми табыстарды сәтті жүзеге асырып, бекем ынтымақтастыққа дем берген зор еңбегін жоғары бағалап, Халықаралық Түркі академиясының президенті, академик Дархан Қыдырәлі Моңғолия Президентінің Жарлығымен мемлекеттік жоғары награда – «Алтын жұлдыз» орденімен марапатталғанын айта кеткім келеді.
– Құрметті елші мырза, Сіздің Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық миссияңыз аяқталды. Елімізден қандай сезіммен аттанып барасыз? Қазақстандағы дипломатиялық қызметіңізде еліміздің өңірлерін аралап үлгердіңіз бе? Ерекше есіңізде қалған қай өңірлер?
– Қазақстанда дипломатиялық жұмыста жүргенімде біраз жерлерді аралап, облыстармен таныстым. Шынында да таңғажайып қонақжай халқы бар керемет ел. Біздің елдеріміздің тарихи тамырластығы терең болғандықтан, мен үшін Қарағанды облысы Жезқазған өңіріндегі Жошы хан кесенесіне тағзым етуім ерекше қастерлі оқиға болды. Сол сапарда қасиетті Ұлытау топырағына қадам басып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен, Қазақстанның Мәдениет министрімен бірге салтанатты іс-шараға қатысып, арнайы сөз сөйлеу мәртебесі бұйырды. Сонымен бірге Шығыс Қазақстан облысында халықаралық симпозиумға қатысып, ондағы ескі Абылай хийд ғибадатханасы аумағын көзбен көруім тамаша әсер қалдырды.
– Қазақстан халқына Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай тілегіңіз қандай?
– Биыл Қазақстан халқы Тәуелсіздігінің 30 жылдық торқалы тойын кең ауқымда мағыналы атап өтіп жатыр. Жаңа жыл шығысымен біздің екі елдің арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 30 жыл толады. Қазақстан осынау 30 жыл ішінде әлемдік деңгейде қарыштап дамыған әлеуетті ел болды, енді 2050 жылы дүниенің озық 30 елінің қатарына енетін Ұлт жоспары орындалып, халқы шат-шадыман бақытты өмір сүрсін деген ақ тілегімді баршаңызға білдіргім келеді.
– Сіздің де алдағы қызметіңіз жемісті болсын! Әңгімеңізге рахмет.