Әлем • 12 Қазан, 2021

«Талибанның» Үндістанға төндірген қаупі

605 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

НЬЮ-ДЕЛИ. Кабулда «Талибанның» (Қазақстанда ты­йым салынған ұйым) теократиялық лаңкестері билікке қайта оралғаннан кейін бірнеше апта өткен соң, әлем назары басқа мәселелерге бұрылды. Бірақ Ауғанстан халқы, әсіресе, елдегі әйелдер мен қыздар ешкім елестете алмайтын қайғы-қасіретке ұшырады. Бірақ көптеген басқа мемлекеттің, әсіресе, Үндістанның бұған алаңдауына негіз жетерлік.  

«Талибанның» Үндістанға төндірген қаупі

Ауғанстанда америкалықтар­дың 20 жыл бойы «ұлт құрудағы» сәтсіз әрекетінен кейінгі «Тали­бан­ның» жеңіске жетуі аймақтағы жиһадшыларды жігерлендіріп қана қоймайды, сонымен қатар өңірдің геосаясатына да әсер етеді. Кабулдың құлауы басқа­ларға қаншалықты теріс әсері бар екеніне көз жеткізу үшін Ауған­станға көрші жатқан мемлекет­тердің әрекетіне қараңыз.

Пәкістан премьер-министрі Имран Хан мәлімдемесі, атап айтқанда, «Талибанның» билікке қайта келуін «құлдықтың бұғауы­нан» босауға теңеуі бұрыннан белгілі мәселені нақтылай түседі. «Талибан» басқаратын Ауғанстан Пәкістанның қолшоқпары іспетті. Ұйым елді 1996-2001 жылдар ара­лығында басқарғанда олардың «Ислам әмірлігі» Пәкістанның Inter-Services Intelligence агент­тігінің еншілес ұйымы ретінде жұмыс жасады. Әрине, бұл жолы Пәкістан толықтай бақылауда ұстай алмайды. Бірақ ISI басшысы Файз Хамид Кабул құлап, жаңа «Талибан» үкіметі құрылғанын кейін көп ұзамай жеңісті тойлау үшін Ауғанстанға барды.

Осы орайда Қытай әрекетін ашық көрсетпей, бірақ ерекше маңыз беріп, оқиғадан пайда көріп қалуға тырысып жатыр. Бейжің билігі «Бір белдеу – бір жол» трансұлттық бас­та­масындағы ең ірі жобасы – Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізіне (CPEC) 62 миллиард доллар ин­вестиция салды. Бұл жобаға «Талибан» экстремистерінің қауіп төндіре ме деп алаңдайды. Сыртқы істер министрі Ван И шілдеде «Талибан» делегациясын ресми түрде қабылдады.

Экономикалық және страте­гия­лық табыстарға қол жеткізген соң Қытай «Талибанмен» бизнес жасауға әзір екенін мәлімдеді. Сөйтіп, Ауғанстанның әлі де та­был­маған пайдалы қазбаларын, әсі­ресе, сирек кездесетін кен орын­дарын тауып, Мес Айнақ мыс ке­нішін қайта ашуға тырысады. Тіпті CPEC-ті Ауғанстанға дейін созуы мүмкін екені айтыла бастады.

Өзара жылы қатынастар екінші тарапта да бар секілді көрінеді. Ауғанстан премьер-министрінің бірінші орынбасары Мулла Абдул Гани Барадар Бейжің билігі­нің елдегі саны аз мұсылмандар­ды жүйелі түрде қудалауына қара­мастан, Қытайды «сенімді дос» деп атады. Қытайдың Ауғанстанмен қатынас орнатудағы мақсаты – «Талибанның» Шыңжаңдағы зардап көріп отырған ұйғырлар мен мұсылмандарға қолдау көр­сетіп, пана бермеуін қамта­масыз ету және CPEC жұмысына кедергі келтір­меу. «Талибан» үкіметі патронат­қа өте мұқтаж. Ауғанстанның бұ­рынғы үкіметінің 5,5 мил­лиард долларлық бюджетінің 80 пайызы сыртқы көмек есебінен қар­жыландырылатын. Сондықтан Қытай бұл қаражаттың орнын жабуға таптырмас мүмкіндік болып көрінеді.

Мұндай аймақтық әрекет, яғни Пәкістан мен Қытайдың өзара тиімді тіл табысуы үндістан саясаткерлерін қатты алаңдатуы керек. Өйткені, оларға Пәкістан талайдан бері бәсекелес сана­лып келеді. Үндістандағы кейбір қарулы топтарды белсен­ді түр­де қаржыландырып, қол­дап отыр. 2008 жылғы Мумбай­дағы қан­ды шабуылдарды ұйым­дас­тыру­шыларды паналатты. Қытай да Үндістанның жүйелі қарсыласы саналады. Елге экономикалық, әскери және стратегиялық қауіп төндіреді. Ендеше, Ауғанстан-Пәкістан-Қытай бастаған кез келген саяси одақтастық Үндістан үшін үлкен қауіп.

«Талибанның» Ауғанстанды басып алуы Үндістанға қарсы тұрған Пәкістан әскеріне талайдан бері табылмай келген «стратегиялық тереңдік» береді. Бұған қоса, ISI қаласа, Үндістан аумағында террористер мен қарулы топтарды қаржыландыра алады. Соңғы рет «Талибан» би­лік басында тұрғанда Үндістан тара­пы Ресей және Иранмен ор­тақ келісімге келіп, марқұм Ахмад Шах Масуд бастаған Солтүс­тік Альянстың Панджшер алқа­бын­дағы көтерілісін  белсенді түр­де қолдады. Алайда бұл жолы Қытаймен ауыз жаласқан Ресей Ауғанстанның Үндістанға қатыс­ты мәселелеріне бейтарап қарайды.

Иран да жақында сайланған қатал президенті Эбрахим Раиси­дің бастамасымен «Тали­банды» қолдауға дайын. Ол үшін ұйым бұрынғы биліктің шииттерді қудалау саясатынан бас тартуы қажет. Егер Ауғанстандағы шиит-хазарлар мен парсы мәдениеті әсер еткен тәжіктер мен өзбектер «Талибанның» ширек ғасыр бұрын жасаған қудалауынан құтылса, Иран бейтараптық сақтауы мүмкін. Қалай дегенмен, Иран да, Ресей де АҚШ-тың Ауғанстаннан әскерін шығарғанына риза.

Үндістан тарапы сыртқы істер министрі маусым айында Дохада «Талибан» өкілдерімен кездескенін жоққа шығарғанымен, таяу арада Кабулдағы жаңа үкіметпен келісімге келуге тырысуы мүмкін. Әрине, Үндістанның басқа да дипломаттарының «Талибан» шенеуніктерімен байланысы бар. Олардың екеуі – Барадар мен Шер Мұхаммед Аббас Станикзай Ауғанстанның жаңа үкіметі құрамына енді.

Барадар сегіз жылын Пәкістан түрмесінде өткізді. Сондықтан оның өзін қамағандарға сүйіспен­шілігі жоқ деп есептеуге болады. Бірақ кейбір «Талибан» шенеу­ніктері Үндістанмен жақсы қарым-қатынас орнатуға мүдделі екеніне емеурін білдірсе де, енді бірі Үндістан мұсылмандарын, әсіресе, Кашмирдегі халыққа қолдау көрсететінін мәлімдеді.

Бұған дейін айтқанымдай, Пәкістан «Талибанның» жеңісіне қалыпты қарай алмайды. Пәкістан үкіметін жеткілікті түрде исламшыл емес деп төңкергісі келетін «Техрик-е-Талибан Пәкістан» мен тамызда Кабул әуежайын бомбалаған «Ислам мемлекеті-Хорасан» ұйымының пайда болуы Исламабадтың алаңдаушылығын туғызады. Сонымен қатар АҚШ әскерінің Ауғанстаннан кетуі америкалықтардың Пәкістандағы қорғаныс салаларындағы логис­тикаға тәуелділігін төмендетіп, ISI-ді қаржылай қолдау мен ресурстарынан айырды.

Үндістан Ауғанстанда бөгет­терге, автомобиль жолдарына, электр желілеріне, ауруханаларға, мектептерге, тіпті Парламент ғи­маратына 3 миллиард доллар инвестиция салды. Мұның бәрі қазір «Талибан»-ның қолында болғандықтан, үндістандық саясаткерлерді шарасыздығы үшін халық кешірмеуі мүмкін. Бірақ премьер-министр Нарендра Модидің мұсылмандарға қарсы ұстанымы мен ішкі саясаты ешқандай жақсылық әкелмейді, керісінше бұл ислам әлемінің наразылығын тудыруы мүмкін.

Үндістан, АҚШ, Жапония және Аустралия кіретін Quad серіктестігі Үнді мұхитындағы Үндістанның ықпалын нығай­тады. Бірақ елге қауіп төндіретін негізгі мәселе – Қытай мен Пәкістанмен құрлықтағы шекаралары. Ал ол жақта Quad-тан келетін пайда аз.

Солтүстік-батысында «Та­ли­­бан» режімі, батысында ядро­лық қаруы бар, терроризмді қол­дайтын мемлекет, солтүстік-шығысында жақтырмайтын супер держава бар Үндістанның аумақтық тұтастығына үнемі қауіп төніп тұрады. Мұндай жағ­дайда ұлттық қауіпсіздік пен ай­мақтық тұрақтылықты сақтау үнді дипломатиясы үшін бұрын-соңды болмаған қиындық туғызады.

 

Шаши ТАРУР,

БҰҰ Бас хатшысының бұрынғы орынбасары, Үндістанның бұрынғы сыртқы істер министрі және адам ресурстарын дамыту жөніндегі мемлекеттік министрі, Үнді ұлттық конгресінің депутаты

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org