Кеше Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық банктің төрағасы Қайрат Келімбетов журналистермен кездесіп, теңге бағамына түзету енгізу шарасына қатысты түсініктеме берді.
Біз мұндай шараға не үшін бардық? Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы осы мәселені тағы бір түсіндіріп өткім келеді. Өйткені, бұл оқиғаның әлеуметтік-экономикалық жағдай үшін маңызы зор. Осыған байланысты осы мәселе туралы жекелеген топтардың әңгіме қыздыратындығы белгілі, деген Ұлттық банк басшысы өз сөзін әуелі Ұлттық банктің шұғылданатын негізгі қызметі жөнінде қысқаша түсініктеме беруден бастады. Оның ұлттық валютаның бағамына жауап беретіндігін, сондықтан оны үнемі қадағалап отыратындығын жеткізді.
Теңге бағамына қатысты айтатын болсақ, жалпы қалыптасқан тәртіп бойынша ұлттық валюталардың қозғалысының бірнеше түрі болатын көрінеді. Олар – еркін қозғалыс, басқарылатын қозғалыс және белгіленген баға бағамы. Біздің түсінігімізше, Қазақстанда теңгенің бағамы басқару жағдайында, яғни белгілі бір бағамдық аралықта қозғалып келген. Осы жағдайға орай Қайрат Келімбетов 2009 жылдан бергі 5 жылдың ішінде біздегі теңге бағамы 1 долларға 145-155 теңге аралығында қозғалып келгендігін жеткізді.
– Осы бағам бойынша, өздеріңіз білесіздер, Қазақстан экономикасы жақсы дамып келді. Өткен жылдың өзінде ол 6 пайызға өссе, инфляция деңгейі 4,8 пайыз мөлшерінде шектелді. Дегенмен, соңғы кездері бұл бағамды ұстап тұру бізге тым қиынға айналды. Өйткені, бұған әлемде болып жатқан үдерістердің әсері күшті болды. АҚШ-тың федералдық жүйесі доллар шығаруды қысқартты. Осыдан барып 22 елдің ұлттық валюталары әлсіреді. Мұның жақсы мысалын көршіміз Ресейден де байқауға болады. Бұл елде рубль өткен жылы 7 пайызға әлсіреді. Биылғы қаңтар айында осы үдеріс одан әрі жалғасты. Әрине, осы жағдайдың бізге де әсер ететіндігі анық еді. Оның үстіне көптеген экономикалық факторлар бізді теңге бағамын өзгертуге мәжбүрлей түсті. Экономикада экспорт көлемі төмендеп, импорт көлемі артты. Міне, осындай жағдайда біз теңгенің бұрынғы бағамын одан әрі қорғай беретін болсақ, онда жинақтаған қорымызды шашып алатындығымыз анық еді, – деді Қайрат Келімбетов.
Экономикада айқындалған осындай өзгерістерге байланысты Ұлттық банк 6 ай бойы зерттеу жұмыстарын жүргізіп келген екен. Соның нәтижесінде барып теңгенің қалыптасқан бағамын өзгертуге байланысты шешім қабылдаған.
Әрине, осындай жағдайда теңге бағамы өзгеруін халықты бірден естен тандырарлықтай етіп емес, неғұрлым жұмсақ жағдайда жүргізуге болмас па еді деген сұрақ туатыны түсінікті. Қайрат Келімбетов бұл мәселе жөнінде де бәрі ескеріліп отырғандығын айта кетті. Оның сөзіне қарағанда ұлттық валютаға жұмсақ жағдайда түзетулер енгізу неғұрлым ұзаққа созылатын құбылыс. Оның ақырында ұтқанымызға қарағанда ұтылғанымыз молырақ болып шығуы да әбден мүмкін. Мәселен, мұндай жағдайда біздегі теңге бағамы қазіргідегідей 20 пайыз емес, 40 пайызға дейін төмендеп кетуі де ғажап емес еді.
Ұлттық банк басшысы осыған орай теңгеміздің бағамына түзету енгізу бір сәттік шара болып табылғандығын, енді ол Ұлттық банк белгілеп берген жаңа бағам дәлізі бойынша жүріп отыратындығын, яғни көп ауытқымайтындығын, бұл үдерістің басқа елдердегідей ұзаққа созылып кетпейтіндігін жеткізді.
Сонымен елімізде, Ұлттық банк басшысы айтып кеткендегідей, көптеген себептерге байланысты теңге бағамына түзету енгізу шарасы жүзеге асты. Енді не болмақ?
Осы мәселе туралы сөз қозғай кеткен Қайрат Келімбетов ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты сабырға шақыратындығын жеткізді. Өйткені, мұндай сәтте көптеген адамдар халық абыржушылығынан пайда тауып қалмақ мақсатында ел арасында әртүрлі әңгіме қоздыруы мүмкін. Саяси пиғылдар да болуы ғажап емес. Осы жағдайлардың алдын алу үшін қазір Үкімет белсенді әрекетке кірісті. Халық үшін қажетті бірінші кезектегі тауарларға, әсіресе, азық-түлік пен жанар-жағармай бағаларына тұрақтылықты сақтау жөнінде шаралар белгіленуде. Тез уақыт аралығында теңгенің жаңа бағамы да Ұлттық банк белгіленген шекте қалпына келетін болады. Сондықтан бірінші кезекте сабыр керек. Ал, теңге бағамын шырқатуға әрекет етушілер болса, олар жазаланады. Мәселен, теңгені Ұлттық банктің белгілеген бағам шегінен шырқатуға тырысатын ақша айырбастау пункттері өздерінің лицензияларынан айырылатындығы қатаң ескертілуде.
Баспасөз мәслихатында Ұлттық банк басшысына журналистер тарапынан көптеген сұрақтар қойылды. Жасыратыны жоқ, ол сұрақтардың барлығы бұрынғыдай жайма-шуақ емес, ащылау болып жатты. Журналистің қызметі қоғам қолтығына қойылған градусник секілді ғой. Осыған қарап-ақ қоғам қызуының күшейгендігін аңғаруға болады.
Сұрақ: Сіз жаңа теңге бағамын өзгертуге 6 ай бойы зерттеу жүргіздік дедіңіз. Демек, сізге теңге бағамының осылайша күрт өзгеретіндігі көп бұрын белгілі болған. Ендеше, оны халықтан неге жасырдыңыз?
Жауап: Мен 6 ай зерттеу жүргіздік дегенде мәселенің идеологиялық қырын айтып отырмын. Нақты қалайша өзгеретіні және қай сәтте өзгеретіні соңғы уақытта ғана айқындалды. Оның үстіне бұл құпияны мен ешкімге аша алмас едім. Өйткені, оны ешкімнің білмеуі қажет болды. Әйтпесе, біздің теңге бағамын өзгерту шарамызда қандай ақиқат болар еді. Сондықтан мен қажетті шараны барынша адалдықпен жүргіздік деп есептеймін.
Сұрақ: Сіз жоғарыда осы уақытқа дейінгі теңге бағамын өзгерту екі рет жүргізілгендігін, бұл жолы үшінші рет жүргізіліп отырғандығын айтып кеттіңіз. Байқап қарасақ, соның барлығында теңгеміздің құны төмендетіліп келген екен. Осыдан кейін оған деген сенім әлсіреп кетпей ме?
Жауап: Сұрақ орынды. Бірақ, мен осы мәселеге байланысты көңілсіздікке салыну қажет емес деп есептеймін. Өйткені, теңгенің құны төмендегенімен экономикамыз көтерілетін болады. Осыдан түбінде барлығымыз ұтып шығамыз. Мәселен, осының алдында теңге бағасы екі рет төмендегенімен, одан біздің экономикамыз ұтылған жоқ қой. Қайта көп ұтысқа шықты. Халық жағдайы жақсарған үстіне жақсарып келеді. Жақсарып келе жатқан экономика жағдайында оның ұлттық валютасы қалайша қадірсіз болады. Керісінше, енді осы шарадан кейін теңге сатып алушылар көбеюге тиісті. Өзім де осылай деп кеңес берген болар едім. Бұл жерде мәселе – экономикалық жағынан тиімділікке жету. Теңгенің бағамына енгізілген түзетуді де осының бір шарасы ретінде қарастыру қажет.
Қайрат Келімбетов басқа да көптеген сұрақтарға жауап берді. Ешбір сұрақ жауапсыз қалған жоқ.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».