Қоғам • 13 Қазан, 2021

Той – офлайн, журналистер – онлайн

347 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елде эпидемиялық жағдай тұ­рақ­тал­ды. Карантин шаралары да жұм­сар­ды. Бұ­рынғыдай қатаң локдаун жоқ. Тіпті қа­зақтың тойына да рұқсат берілді. Бірақ ше­неуніктер мен журналистер ара­сын­да­ғы байланыс қана әлі онлайн кү­йінде тұр.

Той – офлайн, журналистер –  онлайн

Коронавирус екпіні елге жетпей тұрған жаймашуақ кезде кейбір шенділердің сұраққа жауап бере алмай кібіртіктеген, қазақ тілінде сөйлей алмай тұтыққан, одан қала берді маңызды жиындарда мау­жырап ұйықтап отырған сәттері ақпарат құралдары арқылы талай жалпақ жұртқа жария болғаны мәлім. Бұл ел алдында жүрген шенділердің өздеріне де сабақ болғаны анық. Ал коронавирустың таралуына байланысты күнделікті өмірімізге күрт өзгеріс енді. Тіршілікті қамтамасыз ететін төтенше қызмет өкілдерінен басқасы түгел онлайнға көшті. Журналистер де бұрынғыдай министр, депутат, мемлекеттік қызметшімен бетпе-бет жүздесіп, сұрағын тіке қоя алмай, арманда қалды. БАҚ өкілдері мен шенеуніктер арасындағы тікелей байланыстың үзілуі, әсіресе коронавирустың алғашқы жылында айрықша байқалды. Елге енді келген беймәлім аурудан есі шыққан ел қалай емделерін, дәрі-дәрмекті қайдан алатынын білмей сасқалақтады. Сананы сансыратқан сауал көп, бірақ жауап жоқ. Сол кезде журналистер мен мекемелердің баспасөз хатшылары отыратын әлеуметтік желі чаттары тіптен дүрлігіп кетті. «Менің сұрағыма неге жауап жоқ, сауалдарды неге іріктейсіздер? Қалаған сұрақтарға ғана жауап беріп, қалғанына жауап жоқ па не?» деген әріптестеріміздің шағымы толастамай жатты. Міне, сол жылдан бастап, журналистер шенеуніктердің бет-жүзін бетпе-бет көру «бақытынан» қағылды. Әлі күнге мемлекеттік орган өкілдерімен өтетін брифинг, баспасөз конференциялары, басқа да жиындар түгел қашықтан өтеді. Журналист шенеунікке қояр сауалын тек жазбаша жолдайды. Тікелей эфир кезінде министрлік өкілдері келген сұрақтың бәріне бірдей жауап бере бермейді. Шу да осыдан шығады. Уақыттың аздығын сылтауратып, шенеуніктер белгілі бір сұрақтарға ғана жауап береді. Қалғанына «жазбаша жауап береміз» деумен шектеледі. Құдды шенділер өздерінің қолайына жағатын сауалдарға ғана жауап беріп, «шымбайына бататын қиын» сұрақтарды әдейі елемей тастайтындай сезіледі. Бұл бұл ма, әріптестеріміз жаңадан сайланған депутаттарды жыға тани қоймайды. Өйткені олар сайланғалы – карантинде. Телефонмен ғана тілдесетініміз бар. Кезіге алсақ, бәрінің аузында – маска. «Жаңадан сайланған депутаттар журналистердің сүзгісінен өткен жоқ» деп әріптестеріміздің әзілдейтіні де сондықтан.

Журналистер көтеріп жүрген осы мәселе Үкіметтің, Парламенттің баспасөз хатшылары отыратын журналистер чаттарында әлі көтеріліп келеді. Тіпті әріптестеріміз биылғы сәуір айында БАҚ өкілдерін мемлекеттік органдарға кіргізу жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат та жолдады. Жақында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қатысқан брифингте әріптестеріміз осы мәселені тағы көтерді. Оның айтуынша, журналистерге қойылған карантиндік шектеулер цензура емес және ақпаратқа қол жеткізуге кедергі болып саналмайды. Үкіметте, Парламентте өтіп жат­­қан бүкіл отырыс онлайн трансляцияла­на­ды. «Ақпаратқа қолжетімділік бетпе-бет кездесумен шектелмейді, өзге де толып жатқан мүмкіндіктер бар. Бұл жазбаша сауал жолдау, журналистердің тікелей хабарласуы, сондай-ақ онлайн кездесулер мен брифингтер, электронды үкімет пен әлеуметтік ресурс­тар арқылы кері байланыс», деді ол.

Дегенмен де журналистердің вице-премьерге қойған сұрағы қамшы болды ма, содан кейін Орталық коммуникациялар қызметі брифингті офлайн режімінде өткізді. Бұл – коронавирусқа байланысты карантин шектеуінен кейінгі осы алаңда өткен алғашқы бетпе-бет жиын болды.

Әлбетте, журналистер шенеуніктердің жүзін көруге емес, олардың өз аузынан сұ­рақтарына жауап алуға, сауалын тіке қоюға асығып отыр. Сондықтан тек журналистерге есігі тарс жабылған Пар­ла­мент пен Үкімет үйі «жібіп», есігін қайта айқара ашады деген үміттеміз. Айтпақшы, небір тұлғалармен кездесіп, түрлі ресми жиындарға қатысып, ақпарат тарататын журналистердің барлығы дерлік коронавирусқа қарсы вакцина алған. Ashyq қосымшасындағы мәртебесі – жасыл. Де­мек, санитарлық-эпидемиялық жағынан да барлық талапқа сай келеді.