Аймақтар • 13 Қазан, 2021

Ауғанстаннан келген ағайындар

434 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауғанстандағы шиеленіскен жағдайға байланысты елімізге жеткізілген төрт отбасы Ақмола облысына қоныстандырылды. Алыстан келген ағайындарды қонақжай ақмолалықтар құшақ жайып қарсы алды.

Ауғанстаннан келген ағайындар

Күздің өңменіңнен өтер қара суы­ғы қалтыратқанымен, жүректі қуа­ныш оты жылытып тұр. Ол қуа­ныш – ата-бабасының кіндік қаны тамған топырақты аңсап алыстан жеткен қандастарды қарсы алу сәті. Жүрдек пойыздан алдымен томпаңдап бала түсті. Жақсы ырымға баладық: бала­қай­дың болашағы атажұртында бүр жармақ. Атбасар ауданы әкімінің орынбасары Қуаныш Өмірзақ үстін­де­гі жылы күртесін шешіп алып күзгі ызғардан сәл тоңазыған баланың иы­ғы­на жапты. Күрте емес, алыс­тан жеткен ағайынға деген жалпақ жұрттың ыстық ықыласы осылай мең­зе­ліп көр­се­тілгендей болды.

Облысқа табан тіреген отбасы­лар­дың құрамында 35 адам бар. Олардың 21-і ер-азамат болса, 14-і әйелдер. Ара­ларында кішкентай нәресте де бар.

– «Еңбек» мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында қандас­тары­мыз­ға барлық жағдай жасалады, – деді об­­лыстық Жұмыспен қамту және әлеу­меттік бағдарламаларды үй­лес­тіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова. – Тұрғын үй мәселесі демеушілердің көмегімен шешілмек. Жаңа ортаға бейімделіп кеткенше теологтер мен психилогтер көмек көрсетеді.

Лейла Озбакидің отбасы Көкшетау қала­сындағы «Новопэк» ком­па­ния­сы­ның жатақханасына орналас­ты­рып, еңбекке жарамды адамдар жұмыспен қамтылып, балалары «Қарлығаш» бала­бақшасы мен №18 орта мектепке баратын болды. Атбасарға құрамында 12 адамы бар Ахмади Мохаммад Ханифтің отбасы қоныстанбақ. Олар Мариновка ауылындағы 120 шаршы метрлік бес бөлмелі үйде тұратын болады. Бурабайға бет алған қандастар Кіндікқарағай ауылында ірге теуіп, шаруа қожалықтарында жұмыс істе­мек. Қаймағы бұзылмаған қазақ ауы­лы­ның керегесі қандастармен ке­ңейетін болды. Дерман Малиханың отбасы Сандықтау ауданының Весе­лое ауылына бет алды. Ересектер «Бай­далы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне орналастырылады. Балалары қазақ тілінде тәлім-тәрбие беретін мектепке беріледі.

Жұмысқа жарамды ағайындардың барлығы жұмыспен қамтылса, мектеп жасындағы балаларға жалпы білім бе­ру қоры арқылы қажетті киім-кешек, оқу құралдары бөлінетін бол­ды. Қи­лы заманда шекара асып, шерменде болған қандастарымыздың бүгінгі ұр­пағының атажұртта тамыр жаюына барлық жағдай жасалмақ.