Өнер • 13 Қазан, 2021

Мүсіндегі мінсіз әлем

453 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ә.Қастеев атындағы өнер му­зейінде белгілі қазақстандық мүсінші Исаак Иткиндтің туға­нына 150 жыл толуына (1871-1969) арналған «Таңырқаған жиһан­гер» атты мерейтойлық көрме ашылды.

Мүсіндегі мінсіз әлем

Дарынды шебердің өмір жолын рухани тұрақтылықтың жарқын мысалы әрі cаф өнерге шексіз қызмет етудің нәзира үлгісі деп атар едік. Себебі Иткинд өнерді өмір деп білді. Ол өзінің ұзақ шығармашылық жолында 150-ден астам іргелі туындыны қалыптаған болса, олардың елуден астамы ғана бұзылмай бүгінге жеткен. Ә. Қастеев атындағы өнер музейінің қорында мүсіншінің 19 шығармасы сақтаулы.

Өмірі арпалысқа толы шығарма­шылық иесінің табанды еңбегі мен тынымсыз ізденісі бірден жеміс берген жоқ. Иткиндтің еңбегі 1960 жылдары, оның өмірінің соңғы жылдарында ғана еленіп, 1968 жылы оған Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері атағы берілді. Ол 1969 жылы шығармашылығының жарқын кезеңдері өткен Алматыда мәңгілікке дамыл тапты.

 – Орыстың ұлы ақыны Пушкиннің қайтыс болғанына 100 жыл толуына арналған 1937 жылғы Бүкілодақтық бай­қауда Иткиндтің «Хал үстіндегі Пуш­­кин» композициясы үздік деп та­­нылды. Мүсінші В.Маяковский, С.Есе­нин, М.Горький, А.Толстой, С.Ко­нен­­ков сынды кеңес мәдениетінің көр­нек­ті қайраткерлерімен дос болып, ара­ласты. Иткиндтің шеберханасына С.Киров келіп тұрды. 1938 жылы И.Иткиндке тыңшы деген айып тағылып, 10 жылға түрме жазасы кесілді. Мүсінші Алматыға келгенде, жасы 66-да болатын. 1944 жылы оның шығармашылығын құрмет тұтатындардың сұрауымен ол лагерь­ден Алматыға ауыстырыл­ды. 1930-жылдардың аяғынан 1960-жыл­дарға дейін Иткиндтің шығармашылығы КСРО-да ұмыт қалдырылды. Дегенмен түрмеде өткен жылдар оны қайыстыра алмады, қиындықтар мен «халық жауы» деген жаман атқа қарамастан, ол жұмыс істей берді. Мүсіншінің ең жақсы көре­тін материалы ағаш болатын. Ол өзінің ең тәуір деген шығармаларын ағаштан жасады. Шебердің композициялары орын­дау шеберлігімен, әсемдігімен және образдардың философиялық терең­дігі­мен дараланады, – дейді Ә.Қастеев атындағы ҚР МӨМ Қазақстан бейнелеу өнері бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, өнертанушы Ә.Жадайбаев.

Шебердің шығармалары Ресей, Израиль және Қазақстанда өткен көр­ме­лерге қойылды. И.Иткиндтің бүкіл шығар­машылығы адам махаббаты мен ондағы жоғары рухани принципті ­анық­тауға деген ұмтылыспен ұштасады. «Таңыр­қаған жиһангер» деп өзінің заман­дасы, жазушы Ю.Домбровский айт­қандай, ол өз жұмыстарында уақыт пен кеңістікте мәңгілік қуаныш пен сұлу­лық үстемдік ететін мінсіз әлемді іздеп өтті.

1

2

3