13 Ақпан, 2014

Өңірлердегі ахуал назарда ұсталады

234 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев селекторлық режімде кеңес өткізіп, онда ұлттық валютаның айырбас бағамына түзету енгізілуіне байланысты өңірлердегі ағымдағы ахуал талқыланды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.  Кеңес жұмысына орталық мемлекеттік органдардың басшылары, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері қатысты. Бүгінде жергілікті атқару органдарының басты міндеті бірінші қажетті тауарларға бағаның негізсіз өсуіне және өңірлердегі валюта айырбастау пункттеріндегі алыпсатарлық дүрбелеңнің орын алуына жол бермеу, деді Б.Сағынтаев. Соған орай бірінші вице-премьер әкімдіктерге сауда нүктелерінің үзіліссіз жұмысын қамтамасыз етуді, әлеуметтік маңызды тауар түрлері мен ЖЖМ бағаларына күнделікті мониторинг жүргізуді, пайда болған проблемаларға тиісті заңды санкциялар қолдануға дейін барып, шұғыл үнқатуды тапсырды. Сондай-ақ, әкімдіктерге Ұлттық банк филиалдарымен бірлесіп қаржы рыноктарындағы жағдайды мұқият қадағалау және валютаның айырбас бағамының Ұлттық банк белгілеген өлшемдерден ауытқуына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды. Оның сыртында кеңесте өңірлік азық-түлік тауарларын тұрақтандыру қорларының қызметіне қатысты мәселелер де талқыланды. Қалыптасқан жағдайда өңірлік тұрақтандыру қорлары азық-түлік өнімдері бағасын тұрақтандыруда ықпалды құрал болып табылады, деп атап өтті Б.Сағынтаев. Тұрақтандыру қорлары қызметі мәселелерін жалпы үйлестіру ӨДМ-ге жүктеліп, оған ахуалды және әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мониторингі бойынша ЭБЖМ және БҚА-мен тығыз байланысты қамтамасыз ету тапсырылды. Ішкі рынокты азық-түлікпен қамтамасыз ету және өңірлердегі азық-түлік тауарлары өндірісінің балансына қадағалау жасау Ауыл шаруашылығы министріне жүктелді. Халық арасында әлеуметтік маңызды тамақ өнімдері бағаларын тұрақтандыру жөнінде Үкімет пен Ұлттық банк қабылдаған шараларды түсіндіру біздің ең басты міндетіміз болып табылады, деп атап өтті Б.Сағынтаев. Осы орайда Премьер-Министр Серік Ахметовтің тапсырмасы бойынша өңірлердегі оперативті ахуалға бақылау жасау Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевқа жүктелгенін еске сала кету қажет.