Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова айтты. Ведомство өкілінің айтуына сүйенсек, заң жобасының арнайы бабында жануарларды өлтіру және оның өлекселерімен жұмыс істеу ережелері қамтылған. Атап айтқанда, жануарларды өлтіруге рұқсат берілетін жағдайлар және оны іске асыру кезінде, оның ішінде ветеринария саласындағы ұлттық заңнаманың міндетті түрде сақталуы тиіс талаптары анықталды.
«Бұдан басқа, заң жобасында жекелеген санаттағы жануарларды мәдени ойын-сауық және зертханалық мақсатта, сондай-ақ үй жануарлары мен қараусыз қалған жануарларды ұстау және қарау кезіндегі талаптар айқындалды. Сонымен қоса осы салада қоғамдық бақылау институты қарастырылмақ. Жануарларды күтіп ұстау бағытында «қоғамдық инспекторлар» ұғымын енгізу ұсынылды. Аталған бағытта қоғамдық бақылау жүргізудің дәлме-дәл тәртібін уәкілетті орган анықтайды. Жергілікті атқарушы органдарға жануарлар паналайтын орындар туралы ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз ету, нақты айтқанда, жануарларды иелеріне қайтарып беруге арналған әлеуметтік жарнаманы, сол секілді жоғалған жануарлардың қожайындарын іздеу және үй жануарларын биотазалаудан өткізу қажеттілігі туралы хабарды ұйымдастыру құзыреті беріледі», деді Ә.Шалабекова.
Вице-министр айтқандай, егер де жануарларға жауапты азаматтардың қажетті жағдай жасауға мүмкіндігі болмаса, онда олар тіршілік иелерін биотазалаумен қамтамасыз ету керек. Ал 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап үй жануарларына ақылы негізде чип салдыру қажет деді министрлік өкілі.
«Аталған заң жобасында жануардың өмірі мен саулығына байланысты азаматтардың жеке жауапкершілігі, оның ішінде әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік (жануардың өліміне әкеп соққан құқық бұзушылық үшін жаза қатаңдатылды – 120-дан 200 АЕК-ке дейін, ал қайталап бұзған кезде 1 мың АЕК-ке дейін немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру) қарастырылып отыр. Осы реформа жануарларға көрсетілетін қатыгездіктерді тыяды деп санаймыз. Оның ішінде иттердің төбелесі, анестезиясыз ветеринарлық операциялар жүргізу, жануарларды еш себепсіз өлтіру, жануарларды аш қалдырып, уақтылы көмек көрсетпеу, сол секілді зақым келтіріп аулау әрі жануарлардың еті мен майын пайдалануды айтуға болады», деді Экология министрінің орынбасары.
Заң жобасындағы ережелерді іске асыру үшін Қылмыстық кодекске, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске, сондай-ақ «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы», «Ветеринария туралы», «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге тура келеді.