Өнер • 13 Қазан, 2021

Бас жүлде - Дінмұхамедте

661 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордада дүркіреп өткен Бибігүл Төлегенованың XI халықаралық вокалшылар байқауының жеңімпазы анықталып, бас жүлде жас талант Дінмұхамед Көшкін­баевқа бұйырды.

Бас жүлде - Дінмұхамедте

Марапаттау рәсімінде сөз алған КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, байқаудың қазылар алқасының төрағасы Бибігүл Төлегенова айтулы іс-шараның мазмұнды өткендігін айта келіп: «Бізге үздіктерді таңдау оңай болған жоқ, дегенмен ең мықты орындаушы жеңіске жетті. Енді жаңа жұлдыздар әлемнің озық сахналарында еліміздің атын шығарады деп сенемін. Байқаудың қа­лып­тасуына Елбасының ора­сан зор қолдауы болды. Бүгінде оған жоғарғы деңгейде көңіл бөлінуде. Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев өз хатында байқау қаты­су­шыларына жүрекжарды тілегін арнады. Меніңше, бұл баршамызды одан сайын шабыттандыра түседі. Мәдениет және спорт министрлігіне де ризашылығымды білдіремін!» деді халқымыздың күміс көмей әншісі.

Айта кетейік, екі кезеңнен тұрған халықаралық байқауға қатысуға елуден астам үміткер өтінім берсе, олардың басым бөлігі Қазақстан, Ресей, Қыр­ғызстан, Башқұртстан және Өзбекстаннан келіп түскен.

Бірінші сыйлықты – Ресейден келген Габриель Де-Рель мен өзбекстандық Атабек Нази­ров және жерлесіміз Әли­хан Зейнолла алса, екінші сый­лықты – қазақстандық Ұлпан Әубәкірова, Әсем Әубәкірова және Өзбек елінен келген Азиза Мухамедова иеленді.

Сондай-ақ «Астана Опера» театры Дінмұхамед Көш­кінбаев пен Әсем Әубәкіроваға Astana Opera халықаралық опе­ра академиясында ай са­йынғы стипендиямен оқуға арналған сертификатын табыс етті.