13 Ақпан, 2014

Көкейге қонады

340 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақ елі! Ежелден бергі ел арманы емес пе еді бұл! Тіпті осы бір қазақ елі мен қазақ жері деген қасиетті қос ұғым үшін ата-бабаларымыз аттан түспей жау­мен арпалысып,талай бір тар жол тайғақ кешуді бастарынан да өткізгендіктерін көне тарих та жоққа шығара алмасы анық.Еліміз, мына сіз біз «Қазақстан» деген атпен де талай бір асулардан да астық. Алайда, сезіне білген жанға «қазағын» былай қоя тұрып айтар болсақ, осы бір «стан» деген сөзден әлдебір салқындық есіп тұратыны бар. «Стан» дегеніңіз тіпті кім көрінгеннің бір түнеп кетер жатағы сияқты ұғымға жақындау ма деп қаламын. Және де кім көрінгеннің билігі мен әмірі жүрер, нақтылы иесі жоқ ел дегенге де саятыны бар. Енді біз дүниеге танылған егемен елміз! Және де әлемдік саясатта да, әлемдік қауымдастықта да өзімізге лайықты орнымыз бар абыройлы да айбынды елміз! Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел тағдырын, тәуелсіздігіміздің тағдырын кеңінен пішіп келе жатқан кемел де көреген саясатының арқасында әлемнің дамыған 50 елдерінің қатарынан орын алып отырған елміз! Біз енді 2050 жылға дейінгі даму бағытымызды айқындап, әлемнің ең дамыған қуатты 30 елінің қатарына тұруды мақсат еткен елміз! «Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол Мәңгілік Ел идеясы» – Елбасының халыққа арнаған Жолдауында айтылған осы бір ауыз сөз біздің баршамыздың көкейімізде жатқан, тіпті бізді қойып сан ғасырлар бойы бабаларымыздың көкейінде кеткен арманды тілекті ниеті еді. Енді міне, Жаратқан Иеміз оңғарып, Елбасы өзі бастап, халқымыз қолдап біз Мәңгілік Ел болуды мұрат тұтып, бұл ұлы мақсатты ұлттың ұлы стратегиялық мақсаты ретінде алға тарттық. Біз өзіміздің келешегімізге, өзіміз­дің алға қойып отырған іс жоспар­ларымыздың жасам­паз­дығына сеніп барып Мәңгілік Ел боламыз деп төрткүл дүниеге мәлімдеме жасап отырмыз. Енді мақсат айқын, ой да анық, идея да бар! Бізге енді осы бір ұлы мұратқа жетіп, Мәңгілік Ел болу үшін Елбасының төңірегіне тығыз топтасып, бірлігімізді сақтап, тіліміз бен дінімізге берік болып, еліміздегі индустрияландыру бағдарламасын ойдағыдай етіп, сапалы орындау, білім мен ғылымды дамыту және жан аямай еңбек ету қалды! Ең бастысы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәңгілік Елдің іргетасын қалап, Мәңгілік Елдің Астанасын жаңа­дан салып, Қазақ елінің әлемдік экономикадағы да, саясаттағы да өзіне лайықты орнын ойып тұрып алып берді! Бұл сөз таластыруды қажет етпейтін тарихи ақиқат! Біз осы бір ой тұжыры­мы­мыз­бен бөлісудегі мақсатымыз Елбасының жуырда Атырау қаласында болған сапары кезінде жұртшылықпен кездесу барысында Қазақстанды ендігі арада «Қазақ елі» деп атау жөнінде ой тастаған сөзінің көкейімізден шыққандығын айту болатын. Елбасы бұл ойды 2013 жылғы өз Жолдауында ортаға тастаған еді. Енді сол ортаға салынған ойдың жүзеге асырылатын кезі де келген сыңайлы. Әрине, Елбасы бұл мәселенің әуелі ел талқысына салынатындығын да айтып өтті. Бұл мәселе ел талқысына салынар болса барша қазақстандықтардың бұл мәселені, яғни, Қазақстанның «Қазақ елі» атануын жақтап, қолдайтындықтары да сөзсіз деген көңілде бір сенім бар. Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.