Қазақстан • 13 Қазан, 2021

Әлем мойындаған қазақ ғалымдары

22031 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ел егемендігінің 30 жылдығында отандық ғылымның әлеуеті артты. Мұның бір дәлелі – елімізден шық­қан ғалымдарды халықаралық бе­дел­ді ұйымдар мен шетелдік мық­­ты мамандардың мойындауы. Біз өзіміз біле бермейтін, бірақ әлем зерттеушілері еңбегін жоға­ры бағалаған ғалымдарымыз же­тер­­лік. Осы орайда тәуелсіздік та­быс­тарының бірі ретінде өз са­ла­сында әлемдік деңгейде та­нылған бір­қатар ғылым өкілі туралы, олар­дың ғылыми жолы мен еңбек­тері жайлы жазуды жөн көрдік.

Әлем мойындаған қазақ ғалымдары

100 жылда бір берілетін атақ бізге бұйырды

Темірғали КӨКЕТАЕВ. Қоғамдағы көп жұрттың бірі білсе, бірі білмес. Кейінгі буынның тіпті танымайтыны анық. Алайда оны физика-математика саласының әлемдік ғалымдары жақсы білетіні сөзсіз. Өйткені оған шетелдік ұйымның ұсынысымен 25 жыл бойы зерттеп ашқан «Қатты дененің абсолюттік спектроскопиясы» атты жаңалығы үшін «Outstanding people of the 20 th century» (қазақшасы: XX ғасырдың көрнекті адамы) атағы берілген. Бұл – бір ғасырда бір рет қана берілетін атақ. Осыған қатысты естелігін кейіпкеріміздің өзі:

в

– Эстониялық ғылыми жетекшім Чеслав Лущик қоңыраулатып, осындай атақ берілгенін толқып хабарлады. Телефонда оның жылап тұрғаны білінді. Қуанған ғой. Сол кезде мұның не екенін толық түсінбедім. Осы оқиғадан 1 жыл өткенде Мәскеуде біздің тақырып бо­йынша халықаралық ғылыми конференция өтті. Іс-шарада бір жапон келіп, менімен амандасып: «Сіздің осындай атағыңыз бар ма? Сіз Темірғали Көкетаевсыз ба?» деп сұрады. Мен растадым. Сонда жапондық маған физика саласына сіңірген еңбегімді бағалап, дәл осы атаққа лайық көріп кандидаттыққа ұсынған Жапонияның ғылыми институты екенін жеткізді, – деп еске алады.

Аталған атақты алуға себепкер болған еңбегін әлем ғалымдары бағалады. Тіпті осы атаққа ұсынылғаннан кейін үміткерлер мен олардың еңбектері 5 жыл бойы қаралыпты. 1994 жылғы ұсыныстың нәтижесі тек 1999 жылы шыққан. Кейіпкеріміз «XXI ғасырдың көрнекті адамы» деп жазылған 300 грамдық таза күміс медаль мен атақтың кімге берілгені туралы арнайы дипломды 1999 жылы желтоқсан айының соңында ғана Кембриджден пошта сәлемдемесі арқылы алыпты.

Бір республиканың емес, бүкіл әлем ғалымдарының арасында, тіпті бір ғасыр бойындағы мықтылардың ішінен суырылып шыққан кешегі жүз жылдықтың жұлдызы оқыған дәрісті тыңдағысы келетіндер көп. Дүниенің әр қиырынан атақты Оксфордқа жиылған ғалымдардың алдына шығып, түйгенін, білгенін өзгелермен бөлісті. Сонда кейіпкеріміздің ғылыми жетекшісі Ч.Лущик: «Ұлы орыстың өзі Оксфордта дәріс оқыған жоқ. Сен Оксфорд уни­вер­ситетінде дәріс оқыған тұңғыш қа­зақсың!» деп қуанышын жасыра алмай масаттанған екен.

Иә, бүкіл еңбек жолын, саналы ғұмырын ғылымға арнаған физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Т.Көкетаев бүгінде сексеннің сеңгіріне шықты.

 

«Жасыл нобель» иегері

Қайша АТАХАНОВА. Біз қоршаған ортаны қорғауға соңғы жылдары ғана баса мән бере бастағандаймыз. Ал бұл кейіпкеріміз ел егемендігін ала салысымен, яғни 1992 жылы өзінің туған өлкесі Қарағандыда Экология орталығының негізін қалады. Қарағандыдан шыққан биолог, радиациядан пайда болатын генетикалық ауытқуларды зерттеген маман, эко белсенді 2005 жылы қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық Голдман сыйлығын иеленген. Голдман сыйлығы «Жасыл Нобель» деп те аталады. Кейіпкеріміз – 1990 жылдан бері тағайындалып келе жатқан құнды сыйлықты алған жалғыз отандасымыз. 2019 жылы Голдман сыйлығының қаржылай сыйақысы 200 мың долларды құраған. Мәселе – сыйлықтың еңбекті бағалаудағы құндылығында.

п

Ол кішкентай кезінен табиғатқа, өсімдіктер мен жануарларға жақын болды. Сөйтіп биология саласында білім алды. Кейін радиациядан пайда болатын генетикалық ауытқуларды зерттеумен айналысты. Қ.Атаханова радиацияға жайдан-жай келген жоқ. Оның ата-анасы мен әпкесі қатерлі ісіктен қайтыс болды. Жалғыз ағасы да қатерлі ісікке шалдыққан. Осылайша, ол Семей полигоны аумағында радиацияның адамдардың денсаулығына және жан-жануарларға әсерін түрлі қырынан тереңірек тану үшін ғылыми зерттеулер жүргізді. 1992 жылы радиацияға ұшыраған адамдармен тікелей жұмыс істеуге мүмкіндік беретін Қарағанды Экологиялық орталығын (Эко орталық) құрды. Орталықтың қызметі радиацияның адамдарға, олардың өмір сүру жағдайына қалай әсер ететіні туралы ғылыми-танымдық ақпарат беру болды. Экоорталықты құрудың нәтижесінде кейіпкеріміз Қазақстанда ядролық қалдықтарды коммерцияландыру мен кәдеге жаратудың алдын алуға бағытталған жұмысты сәтті іске асыра алды.

 

Уалбай ӨМІРБАЕВ. 30 жылдай мықтылардың өзі жауабын таба алмаған есептің шешімін тапқан математикті танисыз ба? Бұл сұраққа барлық оқырман бірдей «иә» деп жауап бере алмасы анық.

е

Нагата есебі – афиндық алгебралық геометрия саласындағы күрделі проб­лемалардың бірі, 3 өлшемнен тұратын есеп. У.Өмірбаев өзінің табандылығы мен тапқырлығы арқылы еркін ал­геб­радағы Кон және Каргаполов се­кілді белгілі ғалымдар қойған ма­­те­матикалық мәселелерді шешіп жүрді. Кейін мұнымен де тоқтамай 30 жылдан бері шешілмей келген жапон ма­тематигі Нагата проблемасының тү­йінін тарқатты. Бұл да оған оңайға соқ­қан жоқ. Жапондық Нагата өзінің күрделі проблемалық есебін 1972 жылы құрастырған екен. Осы есепті шешуге әлемнің қаншама ғалымы тырысып көрді. Кейіпкеріміз 10 жылдай еңбектеніп, математикалық жұмбақтың жауабын тапқандай болды. Тек жауабы қарама-қайшылықтарға толы болғандықтан, жұмысын қайта қарады. Әлі де піспеген жұмыс екенін анықтаған ол тағы екі жыл еңбектеніп көрді. Ақыры Нагата есебінің толық шешімін тапты. Математика әлеміндегі осындай күрделі есептерді шешкен еңбектері үшін қазақстандық ғалым 2007 жылы Американың математикалық қоғамының жоғары дәрежелі «Мур» сыйлығын иеленді. 2009 жылы кейіпкеріміздің еңбектері Мемлекеттік сыйлыққа ұсы­нылды. Сонда оның ғылыми еңбек жолы мен шығармашылығына қатысты пікір білдірген 19 адамның 17-сі шетелдік ғалымдардан болды. Өйткені У.Өмірбаев өзінің жауаптарын жылдар бойы ше­телдік ғылыми конференциялардың мінберлерінде сағаттап аяққа тік тұрып дәлелдеді. Оның осы саладағы зерттеу еңбегіне арналған әлемдік деңгейдегі ғалымдардың пікірі 50 бетке дейін жетіп, математика ғылымындағы беделді ха­лықаралық басылымдардың бірі саналатын Американың математикалық қоғамының арнайы журналына жария­ланды.

 

Педиатриядан гериатрияға дейін меңгерген ғалым

Жанар ТӨРЕБАЕВА. Алматы облысының Шелек ауылынан шыққан кейіпкеріміз Францияда докторлық дәрежесін қорғады. Еуропалықтарды ғылымда, соның ішінде медицина ғылымында мойындату жеңіл ша­ғылатын жаңғақ емес екені белгілі.

в

Ж.Төребаева 1990 жылы Петербургтегі медицина институтының «Педиатрия» факультетін тәмамдап, бірден елге оралды. Сол уақыттағы түрлі ұсынысқа мойын бұрмастан Алматыдағы Ғылым академиясына жұмысқа орналасып, сонда жүргенде кандидаттық диссертация­сын қорғады. Ғылыми ортада қызмет етіп жүргендіктен, конференциялар, жиындар, жобалар жөнінде баяндама оқулар болып тұратыны белгілі. Сондай бір халықаралық жобаға қатысқаннан кейін, анығы 1999 жылы француз еліне аттанды. Ғылыми ізденісте жүріп осы елде қалып қойды. Кейін Кеңес кезінде алған дипломы Еуропада жарамсыз болып қалды. Сондықтан кандидаттық қорғап қойған кейіпкеріміз интернатурадан қайта өтті. Мұны қанағат тұтпай, аспирантураны бітіріп, 8 жыл дегенде ғылыми дәрежесін қорғап, «Франция медицинасының докторы» атағына ие болды. Ж.Төребаеваның айтуынша, Францияда медицина ғы­лымдарының докторы атану – өте жоғары дәреже, үлкен жетістік. Мә­селен, сол жолы осы дәрежеден үміт­ті төрт мың шетел азаматы емтихан тапсырыпты. Солардан 100 дәрігер ғана докторантурадағы ғылыми еңбегін қорғай алған. Дипломдардың ішіндегі ең үздігі ретінде кейіпкеріміздің еңбегі бірінші орынға шығып, Фран­цияның заң газетінде жарияланған.